Bugin
Ресей әскері Киев маңынан және Украинаның басқа да өңірлерінен шығарылғаннан кейін ресейлік әскерилер жасаған зорлау туралы фактілер көп тіркелді. Украина прокуратурасы бұл оқиғалардың Ресей билігіне қатысы бар ма екенін зерттеген болатын.
«Ресей әскерилері ауылға кіріп, халықты зорлаймыз деп қорқыта бастағанда, жергілікті тұрғын қызының орнына өзін алып кетуге оларды көндіреді», – дейді психолог Василиса Левченко.
«Ер адамдардың ішіндегі біреуі ғана бұған келіскен болып шықты», – деп толықтырды ол.
Бұл – Ресей әскерилерінің Киев және Украинаның басқа да аймақтарынан шығарылғаннан кейін белгілі болған он оқиғаның бірі ғана.
«Қазір қанша адамның зардап шеккенін анықтау мүмкін емес, өйткені қатыгездікпен өлтірілген адамдар көп... Ал украин әйелдері, қыздары, жалпы халықтың оларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері туралы хабарлағаны басқа әңгіме», – дейді Украинадағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Людмила Денисова.
Сонымен қатар Денисованың айтуынша, зорлық көрген жандар әскерилердің оларға не дегені туралы да айтқан. «Болашақта балаларың болмайтындай етеміз. Еркектен жиренетін боласыңдар» депті олар.
«Келіп түскен ақпараттарға сүйенсек, зорлық-зомбылық фактілері өте көп. Барлық істер аймақтарды азат еткеннен кейін зерттеледі», – дейді Украинаның бас прокуроры Ирина Венедиктова.
«Human Rights Watch» халықаралық құқық қорғау ұйымының 3 сәуірде жариялаған баяндамасында зорлау туралы алғашқы хабарлама келтірілген. Харьков маңындағы Малая Рогань ауылында тұратын 31 жастағы әйел (атын атамауды сұраған) 14 наурызға қараған түні орыс солдатының бір топ әйелдер мен балалар жасырынып жүрген жергілікті мектептің жертөлесіне баса-көктеп кіргенін айтты. Оның айтуынша, әскери қызметші оны екінші қабаттағы сыныпқа апарып, тапаншамен қорқытып, шешінуге мәжбүрлеген...
«Біраз уақыт бойы ол тапаншаны мойныма, бетіме тақады. Екі рет төбеге оқ атты, бұл – маған «мотивация» беру үшін жасаған әрекеті екен», – делінген баяндамада.
Оның айтуынша, әскери қызметші оны екі рет зорлаған. Беті мен мойнын пышақпен тілгеннен кейін ғана оны босатқан.
Жәбірленуші келесі күні отбасымен бірге Харьковқа жаяу аттанып, сол жерде оған алғашқы көмек көрсетіледі.
«Бағым бар екен», – дейді ол.
Айта кетейік, дәл сол күні Ұлыбританияның Украинадағы елшісі Мелинда Симмонс Twitter әлеуметтік желісінде «зорлау - соғыс қаруы» деп жазды.
«Зорлау фактілерінің Украинада қаншалықты өрбігенін әлі білмейміз. Алайда оның ресейлік арсеналдың құрамында болғаны қазірдің өзінде анық. Олар әйелдерді балаларының, ал қыздарды отбасыларының алдында зорлаған. Бұл – жаулап алудың белгісі-мыс».
Ресей тарапы зорлау туралы мәлімдемелерге ресми түсініктеме бермеді. Ал ресейлік шенеуніктер Украинадағы бұл қылмыстарды жоққа шығарды, алайда айтқан сөздерін растайтын ешқандай дәлел жоқ.
HRW баяндамасы жарияланғаннан кейін Украинадағы «Human Rights Watch» қызметкері Юлия Горбунова Киев облысындағы ресейлік әскери қызметшілердің сексуалды зорлық-зомбылыққа қатысты тағы екі оқиғаны тергеп жатқанын айтты.
«Мұндай жағдайда ақпарат жинау біршама уақытты қажет етуі мүмкін. Кейбір қақтығыстарда ондай қылмыстардың шынайы ауқымы ашылғанға дейін айлар, тіпті, жылдар өтеді», – дейді Горбунова.
Ал психолог Василиса Левченконың айтуынша, зорлау фактілерінің саны осы уақытқа дейін келіп түскеннен әлдеқайда көп болуы ықтимал.
«Мұндағы мәселе олардың бұл туралы айтқысы келмегендігінде емес, айта алмайтындығында болып тұр. Өйткені бұл оларға істелген қастандық іспетті. Бұл оларға ойларын айтуға мүмкіндік бермейді», – деп түсіндірді Левченко.