Bugin
Музыкалық терапияның тарихы бірнеше мың жыл бұрын басталды. Антикалық дәуірде Пифагор, Аристотель және Платон музыканың шипалық әсері бар екенін дәлелдеді. Ең ұлы дәрігер Авиценна жүйке және психикалық ауруларды емдеуде музыкалық терапияны қолданған. Қазіргі заманғы еуропалық медицина музыкалық терапияны XIX ғасырдың басынан қолдана бастады. Француз психиатры Жан Этьен Доминик Эскироль психиатриялық мекемелерде музыкалық терапияны қолданысқа енгізді. Медицинада музыканы қолдану негізінен эмпирикалық сипатқа ие. Мысалы, Голландия мен Францияда хирургияда музыка арқылы емделу әдетке айналған. Ал музыка адамның ерекшеліктеріне, оның ауруларына және физиологиялық құрылымына байланысты жеке таңдалады. Дұрыс таңдалған классикалық музыка адамның жүрек-тамыр жүйесіне оң әсерін беріп, адамның әл-ауқатын жақсартады және жалғыздықты жеңуге көмектеседі.
Жоғары жиілікті дыбыстардың адам психикасына әсерін алғаш зерттеген француз отоларингологы А.Томатис болды. Зерттеу нәтижесінде адам музыканы жай ғана естімейтіні белгілі болды. Адам қабылдаған тербелістер электрлік импульстарға айналады. Сол арқылы миға жіберіліп, құлақтың нервтеріне әсер етеді.
Швед музыкалық терапия мектебінің өкілі А.Понтвик психикалық резонанс концепциясын дамытты. Бұл адам санасының терең қабаттары дыбыстық гармоникалық формалармен резонанс тудыратынын көрсетіп берді.
Америка Құрама Штаттарында музыкалық терапия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін танымал бола бастады. Ол ардагерлердің эмоционалдық және психикалық бұзылыстарын емдеуде қолданылды. Ал 1950 жылы АҚШ-та Ұлттық музыкалық терапия қауымдастығы құрылды.
Германияда 80-жылдары музыкалық терапияның ауқымы депрессия мен неврозды емдеумен шектеліп қалмады, ол әртүрлі салаларда: балалар және жалпы психиатриядан невропатология мен педиатрияға дейін қолданылды. Сонымен ғалымдар музыка әртүрлі аурулармен күресудің тиімді дәрісі деген қорытындыға келді.
Осы уақытқа дейін ғалымдар музыканың адам ағзасының әртүрлі жүйелеріне: жүрек-тамыр, қозғалыс, орталық жүйке жүйесіне оң әсерін анықтады.
Осы орайда адамның жанына дәру болатын музыкалық терапияның түрлерін толығырақ қарастырсақ:
Эксперименттік. Ол адамға әртүрлі музыкалық әсерлерді зерттеуге көмектеседі;
Клиникалық. Ол профилактикалық және емдік мақсаттарда қолданылады;
Интегративті. Өнермен байланысты терапияның басқа түрлерімен (би, сурет және т.б.) байланысады;
Тақырыптық. Ол белгілі бір тақырыптағы сюжетке және лекцияға негізделген (мысалы: белгілі бір музыканттың шығармашылығы).
Фон. Ол психотерапевтік әрекеттер кезінде фон ретінде қолданылады;
Белсенді. Адамның өзі әуенді аспаптарда ойнау, ән айту арқылы жасайды;
Қабылдаушы. Адам музыкалық шығарманы немесе оның жекелеген сәттерін пассивті тыңдайды.
Музыкалық терапияның әрбір түрі мен формасының өзіндік нюанстары бар. Кейбіреулері жеке сабақтарға, басқалары топтарға арналған. Бағдарламаны психотерапевт таңдайды. Егер науқас өзіне мүлдем сәйкес келмейтін нәрсені таңдаса және оның үміті ақталмаса, онда жағдайы нашарлайды.
Музыкамен қалай емделеміз?
Музыка емдеудің тиімді құралы. Мысалы, Альцгеймер ауруы немесе деменциямен ауыратын адамдар үшін таптырмас құрал. Жақында фин ғалымдары музыканың көмегімен науқастардың жады мен көңіл-күйінің жақсаратынын дәлелдеді.
Бүгінгі таңда музыкалық шығармалар арт-терапияда әсер етудің негізгі әдістерінің бірі болып табылады. Сүйікті музыкаңызды тыңдаған кезде мидың әртүрлі аймақтары іске қосылатыны белгілі. Музыканы көңіл-күйді басқару, психиатриялық ауруларды емдеу немесе инсульттан кейін адамдарды оңалту үшін пайдалану музыка терапиясының тағы бір маңызды артықшылығы болып табылады.
Дамуында ауытқулары бар адамдар үшін музыка тыңдау басқалармен қарым-қатынас жасауға көмектеседі. Музыка көбіне аутизммен ауыратын балалар тобында жиі ойнатылады. Зерттеу көрсеткендей, аутист балаларда мүмкіндігі шектеулі балалармен салыстырғанда эмоцияларды тану және музыкадағы дыбысты қабылдау қабілетінің тең немесе жоғары екенін көрсетті.
Музыкалық шығармалар адам ағзаларының әртүрлі жүйелеріне тікелей әсер етеді, тыныс алудың тереңдігіне, жүйке жолдарының жылдамдығына, жүректің жиырылуына, бұлшықеттердің босаңсуына немесе кернеуіне әсер етеді. Терапияның әсерінен эмоционалдық жағдайдың өзгеруі байқалады. Мысалы: Мазасыз адам тыныштала бастайды. Белгілі бір дәрі-дәрмектің көмегімен және музыка тыңдағанда жүрек соғу жиілігі төмендейтіні байқалады.
Музыкалық терапия неврозға, психо-вегетативті реакцияларды реттеуге жақсы көмекші болып табылады. Кейбір композициялар эмоционалды фонның қалыпқа келуіне әкеледі, жаңа қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі, әлеуметтенуге, жаңа стратегиялар мен өмірлік нұсқауларды қалыптастыруға ықпал етеді.
Музыка пациенттерге ғана емес, дәрігерлерге де пайдалы әсер етеді. Уэльс университеті госпиталінің британдық ғалымдары хирургтардың 80%-ы музыкамен операция жасайтынын анықтады және олар үлкен тәжірибесі бар жетекші хирургтар. Операция бөлмесінде музыкалық фон жасау тек дәрігерлерге ғана емес, анестезиядан оянғалы жатқан науқастарға да ұсынылады. Ол тыныштандырады және жаман ойлардан алшақтатады.
Қызықты факт: әлемнің көптеген елдерінде музыка терапиясы арнайы білімді қажет ететін көмекші денсаулық сақтау мамандығы болып табылады. Музыкалық терапевттер медицинада, паллиативтік көмек көрсетуде, салауатты өмір салты индустриясында, емдік педагогикада, психотерапияда, психиатрияда, гериатрияда қызмет ете алады. Кәсіби музыкалық терапевт басқа мамандармен ақпарат алмасады: емдеуші дәрігер, психолог, мұғалім, логопед, тәрбиеші, тіпті музыка терапиясы емдеудің негізгі түріне айналса да.
Неліктен біз музыкадан ләззат аламыз?
Адам миы өте жақсы болжау механизмі. Оқиғалардың дамуын үнемі болжау олардың салдарына дайындалуға мүмкіндік береді. Дегенмен, ғылыми тұрғыдан алғанда музыкадан ләззат алу құбылысын түсіндіру өте қиын. «Адам инстинкті үшін музыканың пайдасы жоқ. Музыкасыз адам өлмейді, бірақ музыка миға арналған жаттығу залы» - деген теория бар. Музыка біздің болжамдық тетіктерімізге оның қалай дамитыны, әуен қайда бұрылатыны, бізді қаншалықты таң қалдыратыны туралы болжам жасауға мүмкіндік береді.
Екінші жағынан, адам өмірін музыкасыз елестете алмайды. Музыка адамның үйлесімді өмір сүруі үшін қажетті.
Жалпы, біз музыканы тыңдау кезінде келесі нотаның қай дыбыста болатынын және ырғақ қалай өзгеретінін болжаймыз. Егер біз дұрыс болжасақ, мидағы марапаттау жүйесі іске қосылады және біз жағымды эмоцияларды сезінеміз.
Кезінде Эрнест Ансермет айтқандай: «Музыка ең ұлы оқиғаны өмірге әкеледі. Бірақ адам - музыканы қозғаушы күш деп есептемеді. Сол себепті, музыкатерапия құбылысы туралы нақты түсінік қалыптастыру қажеттілігін де түсінбеді».