Әлем

Украинаға қарсы шайқастарда буряттар мен дағыстандықтар неліктен жиі қаза табады – сарапшылар пікірі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сүйенсек, Украина әскеріне қарсы шайқастарда Бурятия мен Дағыстан жауынгерлері жиі қаза табады. Әскери сарапшылар мұның себебін түсіндірді.

Михаил Жироховтың айтуынша, буряттар мен дағыстандықтар арасындағы шығынның көп болуы Ресей Федерациясының әскери бөлімдерінің аумақтық орналасуынан туындап отыр. Бұдан бөлек армияны осы екі өңірдің тұрғындары «жұмыс беруші» ретінде қабылдайды.  

«Бастапқы кезде басып кіру тобы Қиыр Шығыста, Бурятия мен Тывада орналасқан бөлімшелерде қалыптасты, сондықтан олардың шығыны бірнеше есе көп. Яғни аумақтық принцип сақталған. Бұл – кез келген армия үшін қалыпты процесс, мұнда Путиннің зұлымдығын іздеп қажет емес дер едім», – дейді ол.

Ол «арнайы операцияның» басында Рязань және Тамбов десантшыларының болғанын, олардың арасында да шығынның көп тіркелгенін нақтылады.

«Мәселе қоғамның бөлінісінде болып тұр. Яғни тұрақты табысы бар Мәскеу немесе Санкт-Петербург тұрғыны әскер қатарына қосылмайды. Мұнда әңгіме «азаматтық» талап етілмейтін мамандығы бар немесе мүлдем жұмысы жоқ адамдар туралы екенін еске салайық», – дейді сарапшы.

Ал әскери сарапшы Михаил Самусь буряттар мен дағыстандықтар арасындағы жаппай шығынның себептеріне көз жеткізіп, «кеңестік» принцип туралы айтып өтті. Бұл принцип бойынша соғысқа қатысатын адамдарды провинциялардан алдырып, «астана тұрғындарына» тимейді екен. Оның айтуынша, сол кезден бері Путиннің әдісі өзгермеген.

«Бұл – қатігез дәстүр. Мысалы, Ауғанстан қақтығысы кезінде провинциялардан және кедей аймақтардан адамдарды әскер қатарына алу туралы бұйрық болды, алайда ешқашан Киевтен, Ленинградтан немесе Мәскеуден алдырмады. Өйткені КСРО дәуірінде астаналарда мұндай жағдайдың туындауы ситуацияны қиындату деп саналды. Мәселен, соғыс басталғанда Қадыров бірден өз мүмкіндіктерін ұсынды. Алайда Украинада «Қадыров жасағы» қырыла бастағанда, Қадыровтың өзі Путинге жоқ дей алмады. Сол себепті қарамағындағыларды Украинаға жіберуді жалғастыра берді», – дейді ол.

Самусь Чечня мен Бурятияда болып жатқан оқиғалардың осыған ұқсас екенін айтып өтті. Оның айтуныша, олардың басшылары да Путинге адал екенін көрсеткісі келіп,  еріктілерден арнайы топ жасақтаған болуы мүмкін.

Ал «ақпараттық қарсылық» порталының үйлестірушісі Юрий Кариннің пікірінше, Путин Украинаға қарсы соғыста белгілі бір этносты әдейі пайдаланады деуге болмайды.