Bugin

10 ұлы да соғыстан аман есен оралған ана

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әр отбасыны жеке мемлекет деп алсақ, оның өзі жасаған тарихы бар. Көптеген жанұялар тарихында адамның күш-қуаты мен бақытына әсер ететін оқиғалар да жеткілікті. Он баласы Ұлы Отан соғысына аттанған украиндық Лысенколар отбасының тарихы дәл осындай. Олар анасына Жеңіспен, аман-есен оралуға серт беріп кетті.   

1930 жылдары Лысенколар отбасы Украинаның Корсун-Шевченковский маңындағы Бровахи ауылында өмір сүрді. Осы жылдар аралығында Макар Назарович пен жұбайы Евдоха он алты баланы дүниеге әкелді. Олар 5 қыз және 11 ұл тәрбиелеп, өсірген. Әкесі мен анасы ең қиын жылдарда барлық балаларын құтқарып, оларды ауру мен аштықтан аман алып қалды. 1933 жылы ұлдары Евтух Киевке жұмысқа кетіп, содан қайта оралмайды. Кейіннен оның соңынан қайтыс болды деген хабар келеді. Ал әкелері 1940 жылдың басында өмірден өтеді. Ал Ұлы Отан соғысы басталғанда жалғызбасты ана үйінен Хтодос, Петро, Иван, Василь, Михайло, Степан, Николай, Павло, Андрей және Александр деген он ұлын майданға аттандырады. Ана дұғасы балаларды құтқарды: Евдокия Лысенконың барлық 10 ұлы майданнан тірі оралды! 

1944 жылы бірінші болып ұлы Николай оралды. Ол өзінің барлық жолдастарын жоғалтқан шайқастан аман қалды. Осы сирек кездесетін оқиғаны қысқаша айтар болсақ, соғыс басталғанға дейін ауылда тракторшы болған Николай Лысенко немістердің алғашқы тебіне тап болып, қосыны қынадай қырылып жаралы күйде жау қолына түсіп, одан құтылып ақыр соңында қара шаңырағына аман жетіпті.  

Ал ұлдың сегізіншісі Павло Лысенко болса, соғысқа бастан-аяқ қатысып, немістер жеңілген соң Еуропаны жаудан тазарту ісіне жұмылыпты. Сөйтіп, соғыс айқайы басылған соң 1947 жылы үйіне оралған. Мына қызыққа қараңыз: бірде Павло жау тылында түнгі барлауда жүріп, абайсызда немістермен қоян-қолтық шайқасқа түседі. Ол енді өлдім-ау дегенде көлденеңнен бір кеңес жауынгері көмекке келіп, құтқарады. Қараса, туған ағасы Михайло Лысенко екен. Осы Михайло Мажарстанды азат ету майданында ерлік көрсетіп, «Даңқ» орденінің иегері атаныпты. Жеңісті Ереван ауруханасында жатып қарсы алыпты. 

Осындағы 10 ағайындының ішінде жалғыз Василий Лысенко ғана офицерлік шенге жеткен. Ол взвод және батарея командирі міндетін ойдағыдай атқарып, еліне аман оралса, жаяу әскер сапында балған Андрей Лысенко майданда ауыр жараланып, бір аяғынан айырылып ауылға қайтқан екен. Келген соң наубайшы кәсібімен айналысқан. Ал ауылда ол туралы: «Әй, оның пештері жылы! Ол анасы Евдокия Даниловнаға ұқсайды және халқына жылулық сыйлайды» - деп жақсы әңгімелер айтылады.  

Ағайындылардың ең жасы Александр Лысенко 1944 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, Берлинді алған әскердің алдыңғы шебінде шайқасқан. Рейхстагтың құлағанын көзімен көрген. Соғыстан кейін әскери борышын өтеп барып, асықпай отбасына оралыпты. Қара шаңыраққа қайта оралған соң  үйленіп, колхозда ағаш ұстасы, ерші, диірменші қызметтерін атқарған.  

Ал Иван Лысенко болса Польшаны азат ету кезінде немістердің қолына түсіп, одан әйтіп-бүйтіп қашып шығып, Қызыл Армиямен қайта қауышып ақыры тірі келген. Хтодос Лысенко Будапештті азат ету кезінде немістер құрған минаға тап болып, бір аяғынан айырылады. Сөйтіп, ауылына арбамен оралса, Степан Лысенко гвардиялық 83-ші танк дивизиясы құрамында Смоленскіні азат ету шайқасында басынан ауыр жараланып, бір жарым жыл емделеді. Содан жазылып шығып, немістер тізе бүккен соң Қиыр Шығыста жапон миллитаристерін жоюға ат салысып, 1947 жылы үйіне келіпті. Петро Лысенко майдан даласында телефонист міндетін атқарған екен. Соғыста бір қолынан айырылып, туған ауылы Бровахиге оралды. 

Ал олардың анасы көңілді, әнші және бауырмал, мейірімді жан болған. Соңғы демі біткенше тынымсыз еңбек еткен.  

Осылай 10 ұлын майданға аттандырып, амандығын тілеп үйдегі бес қызына пана болған Евдокия кейуананы соғыстан кейін үкімет Киевке шақырып «Батыр ана» орденімен марапаттапты. Жарықтық 1967 жылы 73 жасында бақилық болыпты. 1984 жылы Бровахи ауылына батыр ана Евдокия Даниловнаға арнап үкімет еңселі ескерткіш тұрғызыпты. Осы ескерткіштің ашылуына 10 ұлдың 9-ы қатысады. Тек Василий бұл қызықты көре алмапты.