Bugin
Есіңізде болсын, бұл қателіктер қыз баланың өмірін қиратуы мүмкін. Кейде аналар қызының көңіліне қаяу түсіріп, зиян бағдарлар беріп жатады. Бұл көзқарастар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан мұра секілді, алайда мұны өзгерту қажет.
«Сен міндеттісің»
Аналар мен әжелердің көбі қызын тәрбиелегенде жіберетін ең үлкен қателік – кейбір міндетті дағдылар мен қасиеттерді үйретуінде.
«Сүйкімді болуың керек», «Барлығына ұнауың керек», «Тамақ пісіре алуың қажет»... Осы секілді «сен міндеттісің» деген тізім жалғаса береді. Қыздың тамақ істей алмауында тұрған ешқандай мәселе жоқ. Алайда оның санасында осы қабілеттер мен қасиеттердің жиынтығы болса ғана «мені басқалар бағалайды» деген бағдар қалыптасады.
Оның орнына қызыңызбен бірге тамақ істегеніңіз, оған әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін. Өйткені ол «міндеттімін» деген ойды ойламайтын болады. Жалпы барлық істі бірге істейік деп айтып, сол арқылы қыз балаға бағыт беру дұрыс болмақ. Анасының не істеп жатқанын және істеп жатқан ісінен рахаттанып жатқанын көрген қыз баланың сол істі үйренуге деген қызығушылығы оянады.
«Тұрмысқа шық»
Қыз бала 20 жасқа келгенде оның өмірінің мәні «тұрмысқа шығып, бала туу» екені айтылады. 25 жасқа дейін қыз тұрмысқа шығып үлгеруі керек. Одан кейін кеш болуы мүмкін.
Ойлап қараңызшы, бала кезде жігітпен қарым-қатынас туралы басқа нәрсе айтатын ана 20 жасқа толғанда мүлдем басқа дүние айтып тұрса, мидағы бағдарлар бір-біріне қарсы шығады емес пе?! Нәтижесінде қыз бала өзін жоғалтып, шынымен де не қалайтынын білмей, шатасуы мүмкін.
Еркіндік
Қазір кей аналар қыздарын өздеріне байлап қояды. Оларға неше түрлі тыйымдар салып, өзіне есеп беріп отыруға міндеттейді. «Көп қыдырма», «бұлармен дос болма», «әр жарты сағат сайын қоңырап шалып тұр», «сағат 10-да үйде бол» деген ұзын-сонар тыйымдардың тізімі жасалады.
Яғни қыз балада еркіндік болмайды. Оларға шешім қабылдау құқығы берілмейді, өйткені шешім қате болуы мүмкін. Бұл – түсінікті құбылыс. 14-16 жастағы жасөспірімдер шешімді өздері қабылдағысы, өмірлеріне жауапкершілік алғысы келеді. Оларға жай ғана рұқсат пен мүмкіндік беру қажет.
Өйткені адам анасының қарауында болса, өзін екінші орынға қоя бастайды. Болашақта тұрмысқа шыққаннан кейін өзі үшін басқа адамның шешім қабылдауын дұрыс деп есептейді.
Баланың кінәсі жоқ
Әкенің негативті образы. Отбасыда әке болса да, болмаса да оны баланың алдында құбыжық етіп көрсетуге болмайды. Балаға оның кемшіліктерін әкесі арқылы жалғасып жатқан мұра деп айту да дұрыс емес.
Оның әкесі қандай болса да, оны құнсыздандырмаңыз. Қателік бір жақты болмайды. Егер шынымен де күйеуіңіз жексұрын болса, сондай адамды таңдап, одан бала туған өзіңіздің де кінәңіз бар. Яғни мұндай дүниелерге өткеннің қателігі деп қана қарау маңызды. Бұл жерде баланың ешқандай кінәсі жоқ.
Қыз баланың отбасыда өз орны бар
Баланы ұрып-соғу да үлкен қателіктердің бірі. Соның салдарынан қыз бала өзін жақсы көрмеуі, біреуге тәуелділікті сезінуі мүмкін. Оның орнына баланы барынша мақтауға, марапаттауға тырысыңыз. Ол өзінің ең әдемі, ең ақылды, ең қабілетті, ең керемет қыз екенін үйінде күнделікті естіп өсуі керек.
Бұдан бөлек ата-ана балалардың алдында ұрысып-керіспеуі маңызды. Өйткені олардағы бала сезім өздерін кінәлі сезінуі ықтимал. Яғни отбасыда қыз баланың рөлінің бар екенін кішкентай кезінен түсіндіру қажет.