Bugin

NIS-тің үздік оқушылары Түркістан облысының тарихи орындарына экспедиция жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Туған өлкенің тарихымен танысу, мәдениетін ұғынып оның ерекшелігін білу әрбір азаматтың парызы.  Әлемнің қай бұрышы болмасын туған жердің тауы мен тасына тең келмейді.  

Өскен өлкенің өткенін біліп, болашағын болжай алу үшін оқушылардың  жазғы демалыс уақытында NIS мектептерінде  жыл сайын «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы өтеді. Экспедицияға жыл бойы түрлі олимпиадаларға қатысып белсенділік танытқан оқушылар барады.  

Биыл да дәстүрге сай  40-қа жуық бала бес күн саяхат жасады.  Әр күн сайын таңғы 8-де басталатын экспедицияда Бәйдібек, Ордабасы, Отырар, Түркістан, Түлкібас аудандарындағы тарихи ескерткіштер мен қорыққа зерттеу жүргізілді. 

Саяхаттың алғашқы күндерінде оқушылар Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт әулиесіне», Ордабасы ауданын мәңгілік мекені еткен, қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының мұражайына, татулық пен тұрақтылықтың белгісі болып тұрған «Бірлік» ескерткішіне табан тіреген. Үш бидің ескерткіші орналасқан Ордабасы тауына шығып, қазақ хандығының тарихында ерекше орны бар мекенді көріп қайтқан. 

– «Біз Ордабасы тауында болдық, бұл мекен тарихта орны ерекше жер. Үш бидің бас қосып, еліміздің тағдырын шешкен. Сол шешімдердің арқасында біз бүгінгі бейбіт күнде жүрміз. Бүгін көптеген жаңа мәліметтер естідім, «Орбұлақ шайқасы» өткен жер екенін білдім. Меніңше әрбір қазақ Ордабасы тауына бару керек», –  деп өз ойымен бөлісті Асқар Рысқұлов. 

Үшінші күні туризмі қарыштап дамып келе жатқан Түркістан қаласына жол түскен. Түстік өңірдің ішкі мәдениетін сақтай отырып, алдымен “Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле” деген жазылмаған ережесіне сай Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесінен соң Түркістан қаласына бет бұрған. Жаңа Түркістанға көрік беріп тұрған Қожа Ахмет Яссауиге зиярат еткен. 

Экспедиция мүшелерін өзгеше эмоцияға бөлеген Шымкент қаласындағы Кендебай Қарабдаловтың “Қылует” этно-музейі. Ондағы жер асты музейі мен Кендебай Қарабдаловтың сиқырлы әуені оқушыларды ерекше назарына ілінген.  

– «Мен  жер асты мешітіне кірген кезде өте өзгеше эмоцияға бөліндім. Себебі адам өз қолымен соққаны, махаббатын салғаны көрініп тұр. Алдын-ала ойланып жасалғаны да байқалады. Себебі бір пеш арқылы бүкіл бөлмелерді жылыту керемет техника. Менің ойымша осындай адамдар өмірде болған кезде біздің тарихымыз, мәдениетіміз өлмейді», – деп ойлайды Ералы Сарсембеков. 

Зерттеу-экспедициясының соңғы маршруты Түлкібас аудандағы Ақсу-Жабағылы қорығы. Оқушылар қорық аумағындағы басқа жерде кездеспейтін өсімдіктер мен құстар, жануарлардың аттарымен танысқан. Зерттеу ары қарай Ақсу-Жабағылы тауында жалғасып, білімгерлер сиқырға толы үңгірге де табан тіреген.  

– «Туған елге тағзым» жобасы аясында өткен барлық саяхат еліміздің тарихына, мәдениетіне деген зерттеудің бастауы болады деп ойлаймын. Жылдың үздік оқушылары атанғанымызға қуаныштымыз», – деді өз ойымен бөліскен Алия Жолдас.