Әлем
Соғыс қоғамды қалай өзгертеді? Неліктен соғыс болып жатқан аймақта зорланған әйелдер соғыс кезінде сексуалды зорлық-зомбылыққа тап болатындардың бір бөлігі ғана? Бұл туралы cherta.media порталына Коимбр университетінің Әлеуметтік зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Джулия Гаррайо айтты.
Сарбаздар неліктен әйелдерді зорлайды?
Бұл – символикалық жаулап алу, кек алу және қатаңдық белгісі. Яғни әскерилердің әйел адамдарды зорлауына осы себептердің бәрінің қатысы бар, алайда ситуацияға байланысты өзгеріске ұшырайды. Батыс басылымдарының жазуынша, орыс әскерінің украин әйелдерін зорлауы – соғыс қаруының бірі. Ал кейбір сарапшылар соғыстағы зорлық-зомбылықтың – ерлер арасындағы қарым-қатынас тәсілі екенін айтады. Яғни жәбірлеуші жауына әйелдерін қорғай алмағандарын, соғыста жеңілгендерін көрсетеді.
Ал, менің ойымша, сексуалды зорлық-зомбылыққа осы үлгілер арқылы ғана қарау қате түсінік секілді. Оның орнына соғысты ауқымды мәселе ретінде көрсету керек деп ойлаймын. Өйткені соғыс салдарынан қоғамның динамикасы өзгеріске ұшырайды. Сонымен қатар зорлық та көбейе береді. Себебі қылмыс жасау оңай және олар жазаланбайды дегендей.
Біз көбіне соғыстағы зорлық туралы айтқан кезде жаудың әйелдерін зорлайтын ер адамдарды ғана еске аламыз. Бірақ соғыс барысында зорлықтың басқа да түрлері орын алады. Мысалы, бір топтағы зорлық әрекеттері. Әйелдер әскери қызмет атқаратын елдерде көбіне бастықтарының тарапынан болатын осындай жағдайлар қарастырылған.
Тағы бір маңызды аспект – босқын әйелдерге қатысты сексуалды зорлық-зомбылықтың болуы. Польшаға қашып барған әйелдердің қылмыстық топтардың құрығына ілініп жатқандығы туралы хабарлар бар. Мысалы, ерлер жас әрі әдемі әйелдерді тегін орналастыруды ұсынып, содан кейін оларды ұрлап, жезөкшелікке мәжбүрлейді екен. Дәл осы жағдай Сириядағы соғыс кезінде де орын алған болатын. Ол кезде әйелдер жоғалып, кейін олардың қылмыстық топтардың қолына түскені анықталды. Айта кетейік, соғыстың кесірінен мұндай қылмыстар саны артып келеді.
Біле білсеңіз, соғыстан кейінгі кезеңде педофилия жағдайлары жиі бола бастайды. Себебі балалар жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болады немесе жетім балалар ішіп-жеміне осылайша ақша табуға тырысады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы да бар. Зерттеу бойынша соғыс уақытында қоғамдағы агрессия және тұрмыстық зорлық-зомбылық өсетін көрінеді. Бұл жағдайлар соғысқа тікелей қатыспайтын елдерде де тіркеледі. Ауырсыну, күйзеліс және жағдайдың шиеленісуі әдетте адамды агрессияға әкеледі. Соғыс кезінде және одан кейін кездесетін сексуалды зорлық-зомбылықтың бірнеше түрі болатынын енді түсінген боларсыз.
Зорлық-зомбылық – физиологиялық қажеттілік
Бааз бен Штерн атты швед зерттеушілері «Изнасилование как орудие войны» еңбегінде Конго демократиялық республикасының әскерилерінен алынған сұхбатқа сараптама жасайды. Олардың көбі әйелдерді зорламағанын, алайда басқалардың істеп жатқанын көргенін айтты. Сонда зерттеушілер әскерилерге «мұндай жағдай не үшін болды деп ойлайсың?» деп сұрақ қояды. Олардың айтуынша, әскерилер зорлауды агрессивті зорлық-зомбылық және «құмарлықты қандыру» деп бөлетін көрінеді. Олар екінші түрдегі сексуалды зорлық-зомбылықтың себебін ерлердің жұбайларынан алшақтауымен түсіндіреді. Яғни бұл жағдайда зорлық-зомбылық «физиологиялық қажеттілік» деп ақтап алынады.
Ал агрессивті зорлық-зомбылық кейде жәбірленушінің өлімімен де аяқталатын көрінеді. Конголық әскерилердің айтуынша, мұндай қылмыс армияның жалпы психологиялық жағдайына байланысты болады екен: «Олар көп нәрсені көрді, өлімді де, қайғыны да. Олардың өмір сүріп жатқан ортасы осыған мүжбүр етеді». Яғни зорлау – қатігездіктен құтылудың бір тәсілі ретінде қарастырылды.
Соғыс еркектерге: «Жаудың әйелін кез келген еркекпен жатады, олар біздікілер сияқты емес. Оларды зорлауға болады» деген сөзді айтуға мүмкіндік берді. Соғысқа дейін ешкімнің ала жібін аттамаған, жәбірлеуші болмаған ер адамдар бар. Бірақ олар да соғыс кезінде әйелдерді зорлаған болып шықты. Тіпті, әйел зорлағанымен мақтанатын соғыс ардагерлері бар екен.