Bugin
Ауғанстандағы қазақтар ел билігін тәлібтер қолға алған бір жылға таяу уақыт ішінде әртүрлі қысым көре бастады. Жұмыстан айрылу, отбасын қорғау және тағы да белгісіз себептерге байланысты халықтың біраз бөлігі Иран мен Сауд Арабиясына бөлініп қашып кеткен. Олар не Ауғанстанға қайта алмайды, не Қазақстанға виза ала алмайды, деп жазады Bugin.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Астанада болған Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтарының қазіргі жағдайы және оларды қолдау мәселесі туралы халықаралық конференцияда жиын модераторы, мәдениеттанушы Серік Ерғали айтып берді. Оның сөзінше кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, шетелге аууға мәжбүр болған ағайындарымыздың ұрпақтарын біз керісінше құрметпен қарап, қамқорлық жасауымыз керек. Тіпті Ресейдің оларға өтемақы төлейтіндей жөні бар екенін жеткізді.
Қазақтар басқа ұлтқа тез сіңеді
Жиында Ауғанстанда туған, бүгінде Данияда тұратын қазақ, экономист Ақбар Аюби онлайн шетелдегі қазақтардың үш ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар ол қазақтардың қандай елге болмасын тез сіңісіп кететінін айтты.
«Бұл кісілер қазақ тілін ұмытқан. Ал сөйлегенде өзбекте жоқ қазақ әріптерін қолданады. Біз қазақтар, әдетіміз барған жердің тілін меңгереміз, әдетіне үйренеміз. Өз еліміз секілді тұра береміз, қорықпаймыз, білімін аламыз, сіңіп кетеміз. Себебі көшпенді болғаннан кейін тез бейімделеміз. Бір жаман жері, ассимиляцияға ұшырап кетеміз. Біз тұрған Герат қаласына 30-жылдары 50 шақты қазақ отбасы барған. Әр көшеде 10-15 үйден болды. Арада 50 жыл өткен уақытта солардың 70 пайызы үй ішінде бала-шағасымен ауған тілінде, яғни дари тілінде сөйлейтін болды. Ойлаңыз, 50 жыл ішінде ассимиляцияға ұшырап кеткенбіз. Демек қазір онда тұрып жатқандарға кінә қоюға болмайды», - деді Ақпар Аюби.
Ақпар сонымен қатар Ауғанстандағы қазақтарының осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ел билігінде америкалықтар үстемдік жасаған кезде ғана олар өздерін қазақпыз деп айта алып, құжат жасатқан. Алайда енді тәліптер келіп, алқымнан алып жатқанда олар елге қайтуды қалайтын көрінеді.
«Шетелде бес миллион қазақ жүр десек, оның үстіне Ауғанстаннан бір миллион қазақ қоса аламыз. Бұған мен қуанамын», – дейді Ақпар Аюби.
Өзге мәдениетке сіңіскен қандастарымызды қазақыландырайық
Ақпар елшіліктің есігін жауып алып, назар салмай отырғанын айтады. Бұған Ауған еліндегі қазақтарының елшілікке барып миллионбыз деп айтқаны себеп болғанын да жасырмады. Шошынған елшілікке материалдар жіберіп, жағдайды түсіндірген экономист келесі ай кездесу өтетінін айтты.
Қазір Ауғанстанда мамандық алып жұмыссыз жүрген қазақтар көп. Ақпар сол қазақтардың бірінші өтініші елге оралып белгілі бір жерлерді игеріп жұмыс ітеу екенін айтты. Екінші өтініш гуманитарлық көмекті сондағы қазақтар арқылы жіберу туралы ұсыныс.
«Қазақстан Ауғанстанға тонналап бидай жібереді. Неге оны сондағы қазақтар арқылы жібермеске? Бір жағы тәлібтердің алдында бұл кісілердің беделі көтерілген болар еді. Мысалы, онда бір қазақ жігіті бар. Ана қаладан мына қалаға қашып жүр. Себебі оның 13 жасар қызына барған жерінде тәлібтердің көзі түсіп, ертең құдалыққа келем деген жерінен қашып жүр екен. Міне, солар құрметке ие болар еді. Оларды аман-сау сақтап қалуға ықпал етер едік», – дейді Ақпар Аюби.
Ал Ауғанстандағы қазақтарының үшінші өтініші балаларына Қазақстанда білім алуға квота сұрайды. Үйренсе, сонда қалсын, үйренбесе, мына жақтағы жұртқа қазақ мәдениеті мен тілін үйретсін деуде.
Ақпар сонымен қатар егер қандастарымызды әлі тіл мен мәдениетімізді білмейді десек, олардың балаларын оқытып, тіл тарих мамандары етіп, қайта жібереуді, сол арқылы оларды қазақыландыруды ұсынды. Яғни өздері айтқан бір миллион қазақты тіліміз бен мәдениетімізге тарта отырып, елге тарту.
Құжатсыз қандастарды қайтару қиын
Жиында педагог Аятжан Ахметжанұлы сөз алып, шетелдегі қазақтарды оқыту-ағарту ісі қолға алынса, метриалдық-техникалық жағынан қолдау көрсетуге әзір екенін айтты.
Ал саясаткер Дос Көшім құзырлы органдардың бұл мәселені неліктен ұзатып, қиындатып жүргенін түсінбейтінін айтты. Ол құжаты бар қазақтарды қайтарып алу керек екенін қосты.
Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтарының қазіргі жағдайы және оларды қолдау мәселесі туралы халықаралық Конференция қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атына үндеу жолданды. Үндеуде жоғарыда аталған елдердегі қазақтарға мемлекеттік қолдау көрсету сұралады. Ең басты мәселе Ауғантан мен Пәкістандағы қазақтарда жеке басын куәландыратын құжат болмағандықтан, оларды елге қайтару қиындық туғызып жатыр.