Сұқбат
Қазір 11 сынып оқушысынан да, университет студентінен де жиі еститініміз – «өзімді қалай табамын», «мен кіммін?», «өзімді іздеп жүрмін» деген сөз тіркестері. Расында да адамның өзін табуы бүгінде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұған дейін адам баласы бұл секілді сұрақтарды өздеріне есейе келе қоятын еді. Ал қазіргі жастардың сұранысы, қалауы, ойы мүлдем басқа. Осы орайда Bugin.kz порталы психолог Анар Есенмен болған «адамның өзін табуы» туралы танымдық сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
Психология тілінде адамның өзін іздеуі деген не?
Адамның өзін іздеуі – өмірдің мәнділігімен тығыз байланысты дүние. Бұл сұрақ неден туындайды дейтін боларсыз. Кез келген адам мына әлемді қабылдау барысында өзінің орнын білгісі келеді. Адам сол сұрақ туралы ойланған кезде жалпы өмірдің мәнділігі деген сұрақ оған кеңінен ашылады. Бұл ойдың астарында «өмірдегі жақсы деген не, жаман деген не?», «өмірде не маңызды?» деген сұрақтар жасырынады.
Адамның өзін іздеуі, тануы – өмір бойына жалғасатын сұрақтар. Алайда әрбір жас кезеңіне сай биологиялық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да оның сипаты, маңыздылығы өзгереді. Мысалыға, кішкентай бала 3 жасқа толғанда «мен» деген дүниені айта бастайды. «Мен алам», «өзім жуам», «өзімдікі» деген әңгімелер жиі айтылады. Осы кездің өзінде балада осы әлемдегі өзінің орнын анықтауы байқала бастайды. Бұл, әрине, 18 немесе 30 жастағы адамның «Мен кіммін?» деген сұрағына қарағанда бөлектеу. Бірақ кішкентай кездің өзінде осы сұрақтың іргетасы қалана бастайды дегім келеді.
«Өмірлік дағдылары қалыптасқан адам өзін іздеу кезеңінен оңайырақ өтеді»
Бала осылай өзінің менін анықтауды үйрену барысында қоршаған ортаның, ата-ананың, бала-бақша немесе мектептің, жалпы өзін қоршаған адамдардың оған беретін дүниелерінің маңызы өте зор. Балаға өмірдегі орнын анықтау үшін бірінші кезекте ақпараттық қор емес (білім емес), дағдылар маңызды. Білім, әрине, қажет. Ол тек цифрларға сүйенген, баланың миында ақпараттық дүние ретінде қалыптасатын емес, бала өмірде қолдана алатындай білім болуы керек. Яғни қоршаған әлем туралы «не жақсы, не жаман?», «не қауіпті, не қауіпсіз?», «кім маған жақын?» деген сияқты жеке шекарасын, әлеуметтік шекарасын анықтауға байланысты дүниелер көбірек беріледі.
Сонымен қатар балаға кішкентай кезінен бастап өмірлік дағдылар берілуге тиіс. Мысалыға, барлығымыз мектепте математиканы, экономиканы оқимыз. Бірақ осыдан біздің қаржылық сауаттылығымыз керемет деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Әрине, қаржылық сауаттылық деген басқа дүние. Бірақ баланың қалта тиындарының өзін басқара алуы – дағды. Осындай дағдыларды бойына сіңірген бала өмірге бейімделгіш келеді. Ал өмірлік дағдылары қалыптасқан адам «мен кіммін?» деген сұрақтан, өзін іздеу кезеңінен оңайырақ өтеді.
Мәселе адамдардың өзін іздеуінде емес...
«Мен кіммін?» деген сұраққа жауап бергенде неден қиналасыз? Адамға өз қалауларын жүзеге асыру үшін не жетіспейді? Адамға шешім қабылдау, сенімділік жетіспей жатады. «Бұл шынымен де менікі ме?» деп сенімсіз болып тұрамыз. Кей адамдар анық өзінікі екенін білген күннің өзінде, бұл мақсатқа жету үшін мынаны істеуім керек деп нақты приоритет қоя алмайды. Байқадыңыз ба, адам бойындағы шешім қабылдау, адамдармен тіл табыса алу, эмоцияны басқара алу, мәселелерді шешкенде иілгіштік таныту (бейімделгіш болу), қаржылық сауаттылық, сыни ойлау – мұның бәрі дағды. Бізге керегі де, жетіспей тұрғаны да осы – өмірлік дағдылар. Мәселе адамдардың өзін іздеуінде емес, «мына өмірдің мәні неде?» деген сұрақта да тұрған ешқандай ерсілік жоқ. Керісінше бұл сұрақтар, бұл ой адамды ішкі әлеміне тереңірек үңілуге, өмірдің мәнділігін көруге жетелейді. Бұл жердегі мәселе – мынада, жоғарыда айтқан дағдылардың жоқтығынан бұл сұрақтар бізге қиын болып көрінеді.
Бала көбіне мектепте алған білімін өмірде қолдана алмайды. Мысалы әдеби кітаптарды сөздік қорды көбейту мақсатында ғана оқимыз. Ал негізінде әдеби кітаптың арқасында оқушының бойында сыни ойлау, оқу сауаттылығы деген дағдылар қалыптасады. Яғни адамның сол алған білімін өмірде қолдана алуы маңызды. Әдеби шығарманы оқығанның өзінде адам өмірдегі кейбір ситуацияларды сол арқылы шеше алады. Сол кезде ғана мектепте алатын білім балаға екі есе пайдалы болады. Біздің өмірдегі, жүйедегі дағдылардың баланың кішкентай кезінен бастап берілуіне назар салу маңызды болмақ.
«Өмірдің мәні неде?» деген құр сұрақпен жүре беруге болмайды
Адам бір рет өмірінің мәнін тапқандай болса, ол сонымен өмір бойы кетеді деген сөз емес. Ол бәрібір өзгеріске ұшырайды. Жас өскен сайын тәжірибе қалыптасады, білім алады. Соған қарай өмірдің мәні деген сұрақтың астары да, мәні де кеңейе түседі, ол басқа сипатқа енеді. Ешкім «мен білім алдым, осымен болды» демейді ғой. Адам солай айтқан кезде өмірдің мәнділігін жоғалтып алады немесе өмірді өте жеңіл көзқараспен сүре бастайды.
«Өмірдің мәні неде?» деген құр сұрақпен жүре беруге де болмайды. Өйткені солай жүріп өз потенциалыңызды толықтай аша алмауыңыз мүмкін. Мен өзімді тапқым келеді деген дүниенің артында адамның өз потенциалын жүзеге асыруы тұр. Осы жолда адамдар жаңсақ пікірге ұрынып, басқа бағытқа түсіп жатады. Адамның өзін тануы деген бір жол бар, нәтижесінде адам өседі. Ал кейде адамдар өзін тануға емес, өзін қазуға кетіп қалады. Өзін қазу мен өзін тану деген екітүрлі дүние. Адам өзін қазу кезінде «менің жаман жағым мынау», «жақсы жағым мынау», «мен неге осындаймын?» деген сұрақтардың төңірегінде ғана ойланып, өзін жазалап, көз алдындағы кедергілерді ғана көреді, іштей арпалыспен өтіп кетеді. Ондай кезде адам сыртқы мүмкіндіктерді, өзінің потенциалын көре алмайды. Ал ішкі таным, қалай пайдалы бола аламын, потенциалымды қалай жүзеге асыра аламын деген бағыт – адамды саналы танымға алып келеді. Кез келген адамның табиғатынан ішкі ресурсы, ішкі потенциалы болады. Сондай-ақ ересектік кезеңге жеткен кезде барлық адамда бірдей таңдау болады.
Адам баласы өзін іздеуге неліктен ерте жастан кірісіп жатыр?
Ұрпақтар теориясы деген түсінік бар. Әр буын өкілдерінің кезеңдерге сай ерекшеліктері болады. Сондықтан 11 сынып оқушыларының ішіне үңілуі, алға ұмтылуы – әлемнің талабы. Себебі салыстырмалы түрде алатын болсақ, алдыңғы буында ғаламтор желісі мен уайфай, әлеуметтік желі, компьютер мен түрлі гаджеттер болған жоқ қой. Олардың өмірімізге енгеніне байланысты адамның санасы өзгеріске түсті. Келесі кезеңде ұрпағымыз мүлдем басқаша ойда, басқа дағдыда, басқа қалыпта болады. Себебі олар қазір ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатыр.
Адам бұл ситуациядан қалай шыға алады?
Адамның мектепте болсын, университет қабырғасында болсын жақын ортасы болады. Ол достар, бір курста оқыған студенттер болуы мүмкін. Егер өзіңізді іздеу, табу туралы ой қалыпты жағдайдан тұңғиыққа алып бара жатса, ең алдымен, солармен бөліскен дұрыс. Одан бөлек қазіргі кезде ақпарат көп. Соның ішінде «осындай сәттерде адам қалай өзімен жұмыс істеуге болады?» деген сұрақтарға жауап іздеу керек. Оның дұрыс немесе қате ақпарат екеніне сенбесеңіз, ең дұрысы, спортпен шұғылдану. Ең болмағанда күн режимін реттеу. Ондай ойда жүрген адамға алдағы өмірі белгісіз, өткен өмірдің мәні жоқ болып тұрады. Сондықтан физикалық тұрғыда денеге күш түсіріп, осы сәтпен өмір сүрген маңызды. Дене жаттығуларын жасау. Адам қимылдаған кезде оның бойына энергия келеді. Ал энергия келген кезде адамның бойында зат алмасу, ой алмасу процестері жүреді. Білім алатын дереккөздер табу да маңызды. Өйткені білім – адамды ылғи дұрыс бағытқа жетелейді. Семинарлар, танымдық клубтарға бару. Қазір ақпарат қолжетімді, тегін дүниелер көп. Онлайн болса да білім алып, пікір алмасыңыз. Таза ауада көп жүрудің де маңыздылығы зор. Ал бұл ситуация, бұл сезім ұзаққа созылып бара жатса, адам жылай беретін болса, ештеңе істегісі келмей, жата берсе, онда арнайы маманға жүгіну қажет болады. Себебі депрессия дегеніміз ДДСҰ-ның бекітуі бойынша медициналық аурудың түріне жатқызылады.
«Адам өзін жасайды»
Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Адам шынымен қаласа, ол іске жан-тәнімен берілсе, алдына дұрыс мақсат қойып, соған жеткізетін қадамдар жасаса, адамның қолынан көп нәрсе келеді. Мысалыға, жетістікке жеткен адамдардың көбі 0-ден бастап, қазіргі деңгейіне жеткен. Яғни мүмкін емес нәрселерді жасаған адамдар көп. Адам мүмкіндігі шексіз, біз білмейтін талай дүние бар. Есіңізде болсын, түрлі танымдық, психологиялық, мамандық таңдауға, қабілеттерді анықтауға байланысты тесттер – көмекші құралдар, бірақ басқарушы емес. Себебі бірінші орында адамның өзі, оның табиғи потенциалы тұрады. Қандай да бір тестті тапсырғаннан кейін адамның өзі әрекет етіп, істейтін әрекеттерін ұйымдастырмаса, оны анықтап, тесттен өткеннен пайда жоқ. Бұл жерде «мені тест басқара ма?», «әлде мен өз өмірімді басқарамын ба?» деген ой болады. Есіңізде сақтаңыз, тест адамның қиялындағы бейнені жасап бермейді, адам өзін жасайды. Демек бәрі адамға байланысты. Себебі адамда таңдау бар. Бұл жерде адамның бағыты, өзіне деген жауапкершілігі тұрады. Ал басқа нәрсеге сенген кезде сіз жауапкершілікті соған беріп қоясыз. Ол кезде өміріңіздің авторы сіз емес, басқа болып шығады.
Дін жағынан қарасақ та, ғылым жағынан қарасақ та адамның бұл өмірде белгілі бір миссиясы бар. Демек ол – қоғамға да, өзіне де пайда әкеле алатын тіршілік иесі. Мұны естен шығармау керек.
Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ