Bugin

«Бір уақытта 918 адам өзін өлтірген»: Джонстаундағы оқиға туралы білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1978 жылдың 18 қарашасы әлем тарихында Гайанадағы Джонстаун деп аталатын шағын елді мекенде болған оқиғаға байланысты «қанды» күн ретінде сақталды. Бұл күні бүкіл аумақ өліктерге көмілді. Орташа есеппен 918 адамның денесі табылған болса, олардың үшеуінің бірі балалар болды. Олардың әрқайсысы удың салдарынан қаза тапқан болатын. Бұл оқиға XX ғасырдың ең ірі суицид фактісі ретінде тарихқа енді.

Оқиға неден басталды?

18 қараша күні болған оқиғаға Джеймс Джонс кінәлі еді. Ол жастайынан дінге құмар болады. Сол себепті баланың достары да болмайды, ал құрдастары оны біртүрлі деп есептейді. Есейген сайын Джеймсті әділетсіздік, адамдардың теңсіздігі туралы ойлар көбірек мазалайды. Осылайша ол ақырындап әділеттілік үшін күресуді бастайды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін жас жігіт әртүрлі діни ағымдарға қосылады. Ол 1955 жылы «халықтар храмы» деп аталатын ұйым құрады. Оның ерекшелігі – адамдардың жынысына, сеніміне қарамауында болды. Олардың басты мақсаты – адамдар арасында теңдік орнату.  

Джонс адамдарды алдап, халық арасында танымалдылыққа ие болды. Ғибадатханада ол көмекшілерімен бірге адамдарды емделмейтін аурудан емдеген, олардың өмірін сақтап қалған адам ретінде танылды. Ол үнемі ұйымына қосылғысы келетін жаңа жақтаушыларды іздеп жүрді, түрлі елдер мен қалаларды аралады. Алайда 1965 жылға қарай ұйымның танымалдығы айтарлықтай төмендейді. Оның мүшелері 80-ге дейін азайды. Халық пен үкіметтің үнемі сынына ілігетін олар орналасқан жерін өзгертуге мәжбүр болады. Сөйтіп ұйым Калифорнияда дамуын жалғастырады.

Калифорниядағы қызметі кезінде ғибадатхана халық арасында бұрынғыдан да кеңірек танылады. 1970 жылдың бірінші жартысында көптеген қарттар үйі мен білім беру орыны осы ұйымға қарайды. Тіпті, Джеймстің командасы айлық газеттер шығарып, халыққа жаппай таратты.

Алайда ұйым мүшелері санының көбеюіне байланысты көптеген мәселер туындады. Кейбір отбасылар туысқандарының осы ұйымға мүше болғандарына наразылық білдірді. Тіпті, жағдай сотқа дейін барды. Осы оқиғалардан кейін Джонс Гайана аумағындағы Джонстаун деп аталатын шағын елді мекенге көшеді. Бұл ел социализмді құру үшін тамаша мекен болды.

Джонспен бірге Джонстаунға 900-ден астам адам келеді. Оларға зұлымдықтан қоршалған жұмақ уәде етілген болып шықты. Алайда елді мекенде бәрі басқаша еді. Колонияға келгендердің көпшілігінің айтуынша, оның ішінде халық өмір сүру үшін жақсы жағдай жасалған: аумағында балабақша, мектеп, зауыт, клуб – бәрі бар. Тұрғындардың бәрі жұмыс істейді, егіншілікпен айналысады, ал кешке жалпы жиналыс өтеді. Ал жағымсыз тұсы – колонияға барған адамдардың көбі адам құқығының бірнеше рет бұзылғанын айтады. Мысалыға, тым ұзақ жұмыс күні (11-12 сағат), ұрып-соғу, басшының есірткіге тәуелділігі. 

Джонстың соңғы шешімі

Осылайша 1978 жылы 17 қарашада Джонстаунға Сан-Францискодан елді мекендегі адам құқықтарының бұзылуына байланысты істерді тергеумен айналысатын конгрессмен Лео Райан келеді. Колонияға барған кезінде ол «бізді құтқарыңыз» деген жазба алады. Лео әріптестерімен бірге кей адамдарды Америкаға қайтаруды ұйымдастырады. Алайда бұл «жұмақ мекеннен» кеткісі келетіндер саны үнемі өсіп отырады. Кеткісі келген халықты ұшаққа отырғызу кезінде ғибадатхана мүшелері оларға оқ жаудырады. Оқиғаның салдарынан конгрессмен қаза табады. Оның денесінен 20 оқ табылады.

Алайда осы оқиғадан кейін Джонс ұйымның дәуірі өткенін түсінеді. Содан кейін ол «революциялық суицидті» ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды. Оның айтуынша, бұл – социализмнің игілігі үшін жасалған әрекет.

Айта кетейік, бұған дейін тұрғындар арасында бұл оқиғаның репетициялары жасалған. Дайындықтағы бойынша әркім өз кезегінде қолындағы уды ішіп жатырмыз деп ойлайды. Бұл арқылы олар өзінің сенімі мен колонияға деген адалдығын дәлелдейді. Ал дәл осы сәтте дайындықтағыдай өтірік емес, уды шынымен де ішуі керек. Колония тұрғындары қатарға тұрып, еккіштегі цианидпен лимонад қоспасын ішеді. Ата-аналар алдымен балаларға беруі, содан кейін өздері ішуі керек. Қарсы шыққандарға Джонстың күзетшілері көмектеседі. Нәтижесінде елді мекеннен 918 мәйіт табылады, оның 276-сы балалардыкі.

Осылайша Джонстаундағы оқиға тарихтағы ең ірі суицид оқиғасы ретінде тіркеледі.