Weekend
Психолог, "Ақылды бала" дамыту орталығының директорымен бала тәрбиесі жайлы сұхбат
Айгүл Рахметқызы «Ақылды бала» дамыту орталығының директоры. Бұл орталықтың ашылғанына биыл 4 жыл болады. Орталық мемлекеттік білім беру орталығы болмағанымен, мемлекеттік стандарт бойынша білім береді. Балаларды жан-жақты дамыту бойынша орталықта түрлі үйірмелер бар. Бұл жерде баланы тек мектеп бағдарламасымен ғана емес, сонымен қатар оларды өнерге де икемдейді. Орталыққа балалар 1.5 жастан бастап қабылданады. Оларға түстерді ажыратуды, ой-өрісін дамытатын түрлі ойындар үйретсе, ал 3-4 жастағы баланы тақпақ жаттатып, ертегі айту арқылы дамытады. Содан соң 5-6 жастағы баланы мектепке дайындайды. Қаншама балаға білім мен тәрбие беріп жүрген Айгүл Рахметқызы бала тәрбиесі, баланы тәрбиелеуде ұстанатын қағаидалар туралы сыр шертті.
Айгүл Рахметқызының айтуынша, ата-ана үшін бала үлкен байлық. Ал ана мен әке балаға дұрыс тәрбие беруге ұмтылып, қанатын уақытында қатайтқан жөн.
"Дүниеге шыр етіп сәбидің келуі – кез келген ата-ана үшін үлкен қуаныш әрі бақыт. Өйткені, отбасының базары да, байлығы да осы - бала. Біз баламен баймыз. Көпшілік бала тәрбиелеуде көптеген қателік жіберіп жатады. Жалпы, баланы 5 жастан бастап тәрбиелеу керек. Баланы ұрып-соғу арқылы емес, ақылмен тәрбиелеген дұрыс. Мысалы, бала егер бір ыдысты сындырып алған болса, мына ыдыс өте қымбат тұрады деп айтқанымен оны 5 жастағы бала түсінбейді. Сондықтан, оны балаға арнайы мимикалармен түсіндіруіміз керек.
Содан соң әке мен ана 5-10 жастағы баласына алдына үлкен мақсат қоюды үйретуі қажет. Мысалы, сіз жұмысқа кетіп бара жатып, қазір сабағыңды оқып, тұрған жеріңді жина деп тиянақты тапсырмалар берген жөн. Осылайша біз баланы жұмсау арқылы қызмет жағына тәрбиелейміз. 13-15 жас аралығындағы балаға үлкен міндет қоямыз. Мысалы, балаға мектепті бітірердің алдында сен сабағыңды жақсы оқуың керек. Жоғары оқу орнына түсіп, білім аласың, ары қарай қызмет етесің, жұмыс істейсің деп тәрбиелеу арқылы балаға жауапкершілікті сезіндіріп үйрету қажет", -дейді Айгүл Рахметқызы.
Оның айтуынша, бүгінгі өсіп келе жатқан балалар ертеңіміздің жалғасы. Әрбір ата-ана баланың психологиялық жауапкершілігін сезінбесе, балаға кішкене болсын үлгі-өнеге көрсете алмаса, баланың өсуіне жағдай жасамаса, онда жан-жақты дамыған бала тәрбиелеу екіталай екенін айтады.
"Бала өте сезімтал, байқағыш болып келеді. Сондықтан, олардың қойған сұрағына дұрыс жауап беріп, түсіндіру арқылы балаға тура жолды бағыттап, ой-өрісін ұштау әрбір ата-анының болашақтағы үлкен парызы. Біз кейде үлкендер балаға талап қоямыз. Дегенмен, оны орындауға талпынбайды, әрекет жасамайды, әр ісін қадағаламайды деп балаға ренжіп жатамыз. Жасыратыны жоқ, кей ата-аналар баланың еңбегіне немқұрайлы қарайды. Үй тірлігіне қатысты шаруаға қатыстырмайды, баланың жан-жақты дамуына көңіл бөлмейді. Балаға сенбейді. Сөйтіп балада «көрсем, білсем, үйренсем» деген ынта жоғалады. Осыдан бала жалқау, еріншек, бос болып өседі. Ал ата-ана баланың тілін тауып, оның қойған сұрағына ерінбей нақты әрі түсінікті етіп жауап берсе, жұмысқа деген қызығушылығын оятатын, еліктіретін әрекет етсе, бала кез келген тапсырманы орындауға құштар келеді. Кей ата-аналар керісінше баланы ренжіту, өзі қаламаған іске раұқынан тыс күштеп апару арқылы тәрбиелеп жатады. Мұндай әрекет баланың ызақор, жасқаншақ, ашуланшақ, сасқалақ, тұйық болып өсуіне алып келеді. Бала бойында кейде шектен шығып кеткен еркелік болады. Бала ойыншық алдыртумен бірге, әсем киініп тым шектен тыс еркелікке салынып, талап қойғыш болып кетеді. Кейбір ата-аналар жақсы ниетпен істелген іс - жамандық әкеледі деп ойламайды. Баланың тілегін орындаудың да өлшемі бар. Ал баланың ырқына көну бала бойында жат қылықтардың тууына себеп болады. Сонымен қатар бала ата-ананың әңгімесіне құлақ түргіш болып келеді. Мысалы, балаға керекті нәрсесін алып берерде өлшеуден асырмас үшін ата-ананың жауапкершілігі жоғары болу қажет. Сондықтан біз баламен тамақ ішіп отырған кезде, бала біздің айтып отырған әңгімеміздің тыншысы болып отырады. Ойын үстінде отырып та үлкендердің әңгімесін тыңдап отырады. Сол себепті біз бала отырған жерде абайлап сөйлегеніміз жөн", - дейді психолог.
Бала бұлдырлап сөйлемес бұрын, үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп, сөздер мен сөйлемдердің дыбысталуына мән береді. Қалай әңгіме айтамыз, соны балалар тыңдап отырады. Біз баланың айнасымыз. Өзіне айтылған сөздерді түсіне бастайды. Сәби кезінде былдырдап сөйлеп, сөздердің айтуға тілі келмегендіктен өздері сөз ойлап тауып алады. Мысалы, біз мысықты «мяу» деп айтамыз. Тіпті, баланы еркелеткенде де солай атаймыз. Тамақ жегісі келсе де «ням-ням» дейміз. Алайда көп ата-аналар сәбидің тіліне қызықтап, бала сияқты сөйлейді. Бұл үлкен қате. Бала сөзді қате айтқан жағдайда оның сөзіне ермей, түзеп, дұрыс айтып отыруымыз қажет. Себебі балада шынымен мысықты «мяу», тамақты «ням, ням» деп атау керек деген түсінік қалыптасады. Осылайша, баланың сөздік қорына кедергі келтіреміз. Сәбидің тілін уақытында шығару үшін көп баламен жұмыс істеуіміз керек. Күнде баламен асықпай анық сөйлесуіміз қажет. Ал бала сөйлегенде оны мұқият тыңдаған жөн. Түсінбесек, ықыласпен жауап беруіміз керек. Баламен үлкендерше сөйлескен дұрыс. Бірақ, қарапайым тілде сөйлеткен жөн. Бала сөзге түсінбесе, жиі әңгімелесуіміз керек. Баланың қолына алған әрбір затының атын атап, санасын құйып отырған жөн. Баланың сол сөзді айтуын күтуіміз керек. Қате айтқан жағдайда мазақтамай, күлмеген дұрыс. Баланың әрбір қимылын сөзбен анықтап сұрауымыз қажет. Балаларға арналған көптеген ертегі, әңгімелер бар. Осындай дүниелерді оқып, баланы жан-жақты дамытқан дұрыс.
Қазіргі қарбалас заманда ата-ана үйіндегі бір-екі баласының тәрбиесіне көңіл бөле алмай, сабақтарын оқытуға уақыты жетпей жатады. Жұмыс басты, қызмет бабында жүріп баланы назарынан шығарып алады. Бүгінгі заман талабы қиын. Бала білмді, сауатты, жан-жақты дамыған азамат болмаса, ертең көшке ілесе алмайды. Оны кейінгі буынның аяқ алысынан білуге болады. Сондықтан балаға бала-бақшадағы, мектептегі білімнен бөлек қосымша дамыту сабақтарына беруіміз қажет. Бізде орталықтар өте көп. «Ақылды бала дамыту» орталығында біз осы қызметттердің барлығын қолданып, баламен жұмыс жасаймыз. Қазір бала-бақшадағы тәрбиешілердің, мектептегі мұғалімдердің де балаға уақыты жетпей жатады. Мәселен, бір пән аптасына үш рет қана болса, оны бала толық меңгеріп ала алмайды. Қазір мектеп бағдарламасы күрделі әрі қиын. Қазір бірінші сыныпқа барған баланың өзінің белгілі бір деңгейде сынақтан өткізіп, тест тапсыртқызып барып, мектепке қабылдайды. Ол өте жақсы. Ал мектепке дайындықтан өтпеген бала сынақтан сүрініп жатады. Немесе баланың ата-анасы бағасын көтереді. Қазіргі кезде баланың өсмі жақсы. Жыл сайын баланың саны көбейіп келеді. Мемлекеттік бала-бақша сұраныына көп ата-ана қанағаттанбай, ренжулі.
Баланы жастан емес, бесіктен дедік қой. Тіпті, құрасағымыздан бастап тәрбиелеуді атам қазақ қолға алған. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Әрдайым іздеп тұрады. Баланың әңгімесін тыңдай білген жөн. Ашылып әңгіме айқан бала ішкі дүниесіндегі кез келген нәрсені ақтарып бере алады. Әр нәрсені түсіндіруге баланың ақылы жете бермейді. Десе де бала ақылды. Олар тек балалықпен ғана қателік жасайды. Ал біз болсақ, баламыздың бойынан есейген жанның ісін күтеміз. Бала құдайдың бізге берген аманаты. Ертең, әр баланың тәрбиесіне, амандығына ата-ана жауапты болады. Мысалы, менің балаларым әкелерін үлгі тұтады. Себебі әкелері әрдайым ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Ұлдарым Шерхан, Мерхан. Балаларымның есімі, құлаққа жағымды, жақсы естіледі. Сол себепті мән-мағынасы бар есім де қойған жөн. Балаға есім берерде үлкен жауапкершілікпен қараумыз керек. Өз ортасында баланың жүзі жарқын жүруіне есімнің қатысы бар. Ұл бала ертеңгі шаңырақтың иесі. Ер азамат шаңырағының отын тұтаушы. Балар сол арқылы бой түзейді.
Сондықтан ата-аналарға айтар кеңесім, балаға қаншалықты дұрыс тәрбие берсеңіз, ертең соның жемісін көресіз. Жақсы нәтижеге қол жеткізесіздер. Жұмыс пен отбасылық тәрбиені қатар алып, тепе-теңдікті ұстанған жөн. Ақша келеді, кетеді. Ал баланы кішкентай кезінде қалай баптайсыз, соған орай жемісін береді.