Bugin
Әлеуметтік желі қолданушыларының парақшаларынан «нутрициолог», «реаблитолог» деп тұрған жазбаларды жиі көреміз. Бір рет болсын «бұл қандай мамандық?» деп ойланған боларсыз. Осы орайда невролог, нутрициолог Ұлжалғас Смановамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Қазіргі уақытта дәрігер-невролог, дәрігер-педиатр әрі реаблитолог деген бірнеше мамандықты қатар алып жүрген Ұлжалғас Сманова тәжірибесімен бөлісіп, нутрициологияның кәдімгі медицинадан айырмашылығы туралы айтып берді.
«Нутрициологияның дәстүрлі медицинадан айырмашылығы жер мен көктей десек те болады. Бұл сала кез келген аурудың алдын алуға жұмыс істейді. Мысалыға, ауырып емделгеннен, қаражат, энергия, уақыт жағынан алып қарасақ та ауырмай аурудың алдын алғанымыз жеңіл әрі тиімді болады. Нутрициология дегеніміз – табиғи жолмен, адамға ешқандай зиян келтірмей, клеткалық деңгейде науқастарды емдеу», – дейді ол.
Сонымен қатар нутрициолог маман бұл саланы не үшін таңдағанына тоқталып өтті.
«Практикада жүргенімде жаныма пациенттерім келетін. Сол кезде байқағаным, диагноздарды емдегенде олардың уақытша ғана емделуі еді. Оларға дәрі беріледі, ем тағайындалады, бірақ науқастар дертінен құлан таза айығып кетпейді. Ұзақ уақыт өтпей сол емдік схеманы қайтадан өткізуге тура келеді. «Ол кісілерде не себепті бұлай болып жатыр?», «неге олар дертінен толығымен айығып кетпейді?» деген сұрақтар маған маза бермеді. Солай ізденіске кірісіп кеттім. Ал 2019 жылы денсаулық жағынан сынаққа ұшырауым бұл салаға толықтай келуіме ықпал етті», – дейді Сманова.
Оның айтуынша, қазір адамдар денсаулығына аса мән бермейді. Оның себебі айналада алдамшы нәрселердің көп болуында екен.
«Қазір адамдар денсаулығына аса мән бермейді. Себебі айналада алдамшы нәрселер көп. Солардың салдарынан денсаулықты екінші орынға ығыстырып жүрміз. Яғни денсаулықтың қадіріне жете бермейміз. Бір өкініштісі, біздің менталитетіміз дұрыс дамымаған. Себебі бізде денсаулық кейінгі орында тұрады. Ақша жинау, тойға бару – денсаулыққа күтім жасаудан маңыздырақ болып тұр. Халықтың есейетін уақыты келді. Осыны халыққа түсіндіргім келеді. Бірінші кезекке денсаулықты қояйық. Дұрыс тамақтану, суды дұрыс ішу, ұйқыны, әдеттерді реттеу, зиянды әдеттерді қою – барлығын ретке келтіру маңызды», – дейді маман.
Бұған қосымша нутрициолог маман оқырманға денсаулықты сақтауға арналған қарапайым кеңестер ұсынды.
«Ең алдымен, қарапайым ғана күнделікті әдеттеріміздің бірі – ас пен суды қосып ішпеу керек. Себебі оларды қосып ішкенде асқазан қышқылдығы төмендеп, ас дұрыс қорытылмай қалады. Оның салдарынан асқазан немесе ішек шіри бастайды. Ал олардың шіруі түрлі аурулардың пайда болуына жол ашады. Сол себепті суды аспен бірге емес, астан бөлек тұтынғанымыз дұрыс.
Екінші, асты дұрыс шайнап жеуге көңіл бөліңіз. Бұл қарапайым кеңес болса да, денсаулығымызға қосар үлестің алғышарттары болмақ. Егер денсаулығымызға күтім жасаймыз десек, асты 30-дан асырып шайнап жеу керек. Бұның нәтижесінде адамның асқазанына ұсақталып түскен ас өте жеңіл қорытылады.
Үшінші, уақытында ұйықтау да маңызды. Ұйқы – таптырмас тегін дәрі. Себебі түнгі ұйқы кезінде адамның бүкіл ағзасы қалпына келеді. Ұйықтап жатқан ағзада токсиндерден тазару процесі жүреді, лимфа айналымы жақсарады және жаңа клеткалар туындайды. Бұдан бөлек күнделікті физикалық жүктеме жасау. Жай ғана жүру. Күніне кем дегенде 30 минут жаяу жүріңіз», – деген кеңес берді ол.
Ұлжалғас Сманова бұл саланы теория жүзінде ғана емес, практика жүзінде де қолданып жүргенін, қазіргі уақытта курстар өткізіп жүргенін де тілге тиек етті.
«Жалпы денсаулықты қалпына келтіруші – «Саналы АНТИ-ЭЙДЖ» жобасы. Курс 21 күнге созылады. Адамның ағзасын толығымен қалпына келтіру – негізгі бағдарламасы. Бұл – өт жолын, асқазан-ішек жолын жақсартатын, ағзаны тазартатын әрі жасартатын пайдалы курстарымның бірі. Қатысушылардың шығарған нәтижелері де керемет. Қазір екінші легі болып жатыр. Ал екіншісі – өттің реологиясын, өттің жұмысын жақсартуға арналған «Өт тазалау» курсы. Өтті тазалауға ғана арналғанымен көптеген аурулардың алдын алуға көмектеседі», – дейді маман.