Bugin
2022 жылы 15 шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарынша, жаңа заңның инновациялар мен цифрландыруды дамытудағы маңызы зор. Әсіресе, мемлекет пен халық арасындағы байланысты жақсартып, «Естуші мемлекет» ұстанымының шынайы өмірде жұмыс істеуін қамтамасыз етпек. Цифрландыру заңы қандай қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді шешеді? Айтылып жүрген түрлі пікірлердің негізінде басты артықшылықтарын ұсынамыз.
Бюрократиядан арылтады
Аталмыш салаға жауапты министрліктің мәліметінше, Цифрландыру туралы заң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту бойынша іс-шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында жасалған. Бюрократиядан арылтудың бірден-бір жолы – бұл мемлекеттік қызметтерді тиімді автоматтандыру. Адами фактор күшін азайту. Сол мақсатта заңға цифрлық трансформация ұғымы енгізілген. Цифрлық трансформация дегеніміз – сандық технологияларды мемлекеттік бүкіл іскерлік операцияларға енгізу, автоматтандырылған процестерді жүзеге асыру. Бұл әсіресе бизнес-процестерді жүзеге асыруда аса маңызды.
Жаңа заңның негізінде мемлекеттік органдар тарапынан жүзеге асырылатын мемлекеттік басқару операциялары енді қайта жасақталып, сапалы түрде құрылмақ. Цифрлық трансформация азаматтар мен бизнестің, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі шығындарды және мемлекеттік аппарат жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру, ортақ жүйеге біріктіру мақсатында құрылған «электрондық үкімет» платформасы жаңа заң аясында жаңаша формада жасақталып, бірыңғай архитектура түрінде ұсынылмақ.
Ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз етеді
Цифрландыру туралы заңда ауылды елдімекендерді сапалы байланыспен, оның ішінде интернетпен қамтамасыз етуге бөлек маңыз берілген. Әсіресе, шалғай ауылдарға сапалы интернетті қосып беруге септігін тигізбек. Өйткені заңда ауылдық жерге сапалы ұялы байланыс тарта алмағаны үшін телефон операторларын жауапқа тарту көзделген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев байланыс саласында азаматтың тұтынушылық құқығын қорғау, байланыс операторларына тұтынушылық құқықты қанағаттандыру параметрлерін ұсыну әрі оны бақылау туралы тапсырмалар берген.
«Аталған тапсырманы іске асыру үшін Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі депутаттық корпуспен бірлесіп, операторлардың пайдаланушыларға стандарттарға, техникалық нормалар мен сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейтін байланыс қызметтерін көрсеткені үшін жауапкершілігін күшейтуге бағытталған шараларды әзірледі», - деп жазады ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, ауылдағы интернеті нашар операторларға 100 АЕК есебінде (306 мың теңге) айыппұл салынбақ, ал заңбұзушылық қайталанған жағдайда 200-1500 АЕК көлемінде айыппұл санкциясы берілуі мүмкін.
Электронды құжатты алу оңай болады
Заң аясында eGov Mobile қосымшасының қызметі кеңейбек. Қазір елімізде мобильдік қосымшадағы сандық құжаттарды алуға деген сұраныс екі есе өскен.
Egov mobile-да қазіргі күні жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, техникалық паспорт, COVID-19 үшін ПТР тестілеу нәтижесі, студенттік билет, диплом, зейнеткер куәлігі, Қандас куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, әлеуметтік ID, вакцинация паспорты, көп балалы отбасының жәрдемақысын алу, мүгедектік куәлігі, атаулы әлеуметтік көмек алушының куәлігі сияқты құжаттар бар.
Қазақстанның цифрландыруда жеткен жетістіктерінің бірі – бұл әлеуметтік саладағы цифрлық қызметтердің түгелге жуық сандық форматқа өткені. Әлеуметтік жәрдемақы, төлемақы беру түгелдей цифрланған.
Енді Цифрландыру заңы аясында мемлекеттік органдар азаматтардан артық құжат сұратып сандалтпайды. Оның көшірмесін жасауға азаматтың уақыты пен шығыны кетпейді. «Электронды үкімет» пен Egov mobile қосымшасында бар, ақпараттық жүйеде тұрған құжаттарды пайдаланып, жұмысын бітіре алады.
Кеден, денсаулық, ауыл шаруашылық салалары
Цифрландыру заңы электронды үкімет пен мемлекеттік басқару саласын жетілдірумен шектеліп қалмайды. Түрлі қоғамдық-экономикалық салалардың сандық форматқа өтуіне стимул бермек.
Мәселен, ҚР Сауда министрлігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тауарлардың кедендік рәсімдеуден ашық өтіп, дүкен сөресіне жетуіне дейінгі тасымал алгоритмін цифрландыруды қолға алды. Электронды чек беру жүйесін енгізбек.
Ал денсаулық сақтау саласы осы жылдың соңына дейін медициналық деректердің бәрін цифрлық платформаға енгізіп болмақ. Соның арқасында профилактикалық іс-шараларды дер кезінде бастауға мүмкіндік алады.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі спутниктер арқылы ел территориясында жатқан жердің зондын жасап, су ресурстарын, ауыл шаруашылық өнімдері мен күл-қоқысқа мониторинг жасап отыруды ұсынды.
Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстан инклюзивті цифрландыруды қолға алуы мүмкін. Яғни, электронды сот, онлайн кассалық фиксация жасау, тағы басқа жасанды интеллектіні қолдану шаралаы қолданылуы ықтимал.