Weekend

Көшеге құрмет - ұлтыңа қызмет!

Бәрімізге міндет

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның барлық дерлік қала тұрғындары қаладағы көшенің атын дұрыс атай алмаймыз. Көше атауының тариxы тұрмақ, ол тұлғаның аты-жөнін де білмейміз ғой. Жұмабаевтың атын Міржақып дейтіндер де бар. Бұл бүгінгі өз тарихымызға деген көрсетілген құрметтің түрі. Мақтанарлық жағдай емес. Мүмкін, сіз тұрып жатқан өңірде шетелдік турист кездесіп қалып, жөн сұрасып жатып абайсызда көшенің тарихын сұрап қалса, ал сіз болсаңыз жауап бере алмай ұятқа қалсаңыз ше? Осыған жеткізбеуіміз керек. Ең болмағанда көше кімнің атында, ол тұлға тарихта кім болған, сонымен қатар ол тұлғаның бір-екі шығармасынның да атын  білу керек.

Жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын тарихи өлкетану пәнінің күнтізбелік жоспарына ұлы тұлғаларды бір бөлім ретінде енгізу керек. Себебі, өлкетану өзінің аты айтып тұрғандай жергілікті өңірдің тарихын оқытады. Сәйкесінше, сол өңірдің (мейлі қала, ауыл, кент болсын) барлық көшелеріне берілген тұлғалардың қысқаша тарихын оқыту жүктелсе. Үлкен қалаларда көшелер көп. Мәселен, Алматы қаласында жалпы 711 көше бар. Әрине мұндай жағдайда барлық көшені қамту мүмкін емес. 

Кез келген қазақтан "Орталық стадионға қалай барамын",- деп сұрасаң, "Сейфуллинамен көтерілесіз, Абаядан оңға бұрыласыз, Байтурсыновадан  кейінгі остановкадан түсесіз",- дейді. Өкінішке орай xалқымыздың 99 пайызы осылай жауап береді. Неге? Не деген жазылмайтын дерт бұл? Сол бір "а", "я" деген жалғауларды жалғамай-ақ, қазақша жеткізуге шамамыз келмейді ме? Әлде ұяламыз ба? Әй ұяламыз-ау осы, таза қазақша сөйлесең жаныңдағылар саған біртүрлі қарап, ыңғайсыз жағдайға тап болатын сияқтысың (10 шақты адамның берген жауаптары).

Мысалы: "Достық даңғылымен келе жатып, Абай көшесінен оңға бұрылып, екінші аялдамадан түсесіз...". Қарапайым және түсінікті, еш қиындығы жоқ сияқты. Басқа посткеңестік елдерде өз тілдеріне деген құрмет өте жоғары. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, кеңестік идеологияның сарқыншақтары әлі де болса жойылар емес. Осы тұрғыда отарсыздану үрдісін дұрыстап жүргізу керек сияқты. Ұлттық сана шарықтап, мемлекеттік тілдің статусы бекітіліп, кез келген мекемеде, қоғамдық көлікте, көшеде қазақ тілінде қойылған сұрақтарға ерікті, саналы түрде таза қазақша жауап қайтарылатын болса, шіркін, расымен де «рухани жаңғыратын» едік. Қазақ елінде«қайта өркендеу»дәуірі туар ма екен...

Әрбір өңірде белгілі бір тарихи тұлғалардың құрметтеріне қойылған ескерткіштер мен тарихи-өлкетанулық музейлер, жоғарғы оқу орындары және басқа да мәдени мемлекеттік және меклекеттік емес мекемелерді біліп жүргеніміз абзал. Тәуелсіздік жолында жанын берген, қанын төккен ұлы тұлғаларамызды ұлағаттап, ұмыт қылмай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу міндетіміз деп білсек білімсіздік пен тіліміздің шұбарлануына жол бермеуіміз керек. 

Айналайын замандас, ұлтыма қалай қызмет етем деп миың ашып жүрсе, ең алдымен осындай қарапайым дүниелерді орындаған дұрыс. Өз көшеңнің тарихын білу, оны өзгелерге және өскелең ұрпаққа түсіндіру – еліңе кішігірім болса да қызмет етіп, қоғамға пайдаңның тигені болып табылады. Қанша тіл білсең де қазақша таза сөйлеп, өзіңді тәрбиелеумен айналыс. Өзіңді тәрбиелей келе өзгеге үлгі боласың!

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант Лебаев Фархат Рашидұлы