Bugin
Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері «онлайн» деген сөзді жиі еститін болдық. Адамның қажеттіліктері мен әлемдегі оқиғалар еліміздегі біршама жүйені цифрландырып үлгерді. Осы орайда ҚР Сауда және интеграция министрлігі пилоттық режимде ұсынған «әлеуметтік әмиян» жобасы туралы ақпарат бергіміз келеді. Биылдан бастап әлеуметтік төлем алатын азаматтар үшін осы цифрлы жүйе қолданысқа енеді. Цифрлы әмиянның қандай ерекшеліктері бар?
Әлеуметтік әмиян деген не, артықшылықтары қандай?
Әлеуметтік әмиянды енгізу қазақстандықтарға банк карталарын пайдаланудың баламасы болады және оған есептелген қаражатты банктер, коллекторлар мен салық органдары тарапынан өндіріп алудан қорғауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік әмиян – бұл банк картасына балама және оның банктерде бар барлық мүмкіндіктері болады.
Әлеуметтік әмиянның артықшылығы – ол Ұлттық банк жүйесінде әрбір қазақстандыққа ЖСН бойынша ашылады. Шот ашу немесе банк картасын жаңарту үшін (әрбір 3 жыл сайын) екінші деңгейдегі банктерге тұрақты түрде бару қажет болмайды. Бұл сондай-ақ әмиянға әлеуметтік төлемдерді проактивті түрде есептеуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік әмиян қауіпсіз бе?
Әлеуметтік әмиян банктік төлем құралы ретінде барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Бірінші кезекте, пайдаланушы тарапынан екі факторлы аутентификация жүргізіледі. Дербес деректердің қорғалуы сақтау, өңдеу деңгейінде қамтамасыз етіледі. Екінші деңгейдегі банктер мен электрондық төлем жүйелеріне қойылатын қолданыстағы барлық талаптар әлеуметтік әмиянмен қамтамасыз етілетін болады.
Әмияннан сіз онлайн режимінде төлем жасай аласыз (мысалы, коммуналдық қызметтер, телефон және т.б. үшін) немесе оны банк картасына байлап, картаны пайдалана аласыз. Азамат әлеуметтік әмиянды, оның ішінде қолма-қол ақшаны пайдалану кезінде ешқандай кедергілерді сезінбейді.
Әмиянды қалай ашады?
Қазіргі таңда әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде міндетті түрде IBAN карталық шоты болуы керек. Ал әлеуметтік әмиян үшін банктен есепшот ашудың қажеті жоқ. Ұлттық банк жүйесінде әр адамға ЖСН нөмірі арқылы автоматты түрде шот ашылып, цифрлы әмиян ашылады.
Әлеуметтік әмиян еліміздің қай өңірлерінде іске қосылады?
Әлеуметтік әмиян жобасын еліміздің бірқатар өңірінде іске қосу жоспарланған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты.
«Ең алдымен, Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылады. Сонымен қатар Павлодар мен Ақмола облысының Ақкөл ауданында іске қосу көзделген. Осы үш аумақ ілкі жобаның бірінші кезеңіне қосылған. Содан кейін қалған өңірлер кезең-кезеңімен жобаға қосылатын болады», - деді ол.
Әлеуметтік әмиян енгізу неге кешігіп жатыр?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов әлеуметтік әмиян енгізу барысы неліктен кешігіп жатқанын түсіндірді.
«Әлеуметтік әмиян енгізу жұмысын 4 мемлекеттік орган, атап айтқанда Ұлттық банк, Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс өткен жылы қарқынды жүргізіліп, қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданған болатын. Қазіргі уақытта Ұлттық банк жүйесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жүйелерімен тестілеу жүргзіліп жатыр. Оны іске қосуды таяу уақытқа жоспарлап отырмыз. Ол үшін арнаулы алаң дайындаймыз», - деді вице-министр.
Әлеуметтік әмиян қалай жұмыс істейді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов әлеуметтік әмияннің қалай жұмыс істейтінін айтты.
«Әлеуметтік әмиян дегеніміз банк шоттарына балама болып табылады. Азаматтар банктерге жүгінуіне қажеттілік болмайды. Ұлттық банк жүйесі арқылы әрбір азаматқа жеке сәйкестендіру нөмері арқылы осындай шоттар ашылады. Бұл шоттарға болашақта әлеуметтік төлемдерді проактивті түрде төлеуді жоспарлап отырмыз. Өзіңіз айтқандай 44 төлем бойынша жүзеге асырылады. Оның артықшылығы әлеуметтік әмияндарға аударылған әлеуметтік төлемдер банктер мен коллектрлық фирма, салық органдар тарапынан өндіріп алуға жатпайды, қорғалады», - деді ол.
Әлеуметтік әмиянды қолданушылар банк карталары арқылы қызметтерді алуға құқылы. Қолданушы әмияннан қаржыны өз картасына аударып немесе қолма-қол ақша ретінде пайдалана алады. Ешқандай шектеу болмайды. Қазіргі таңда заң жобасы енгізілді. Ұлттық банк техникалық және ұйымдастыру жұмысын жүргізіп жатыр.