Bugin

Балаларға оқуға арналған 5 әдеби кітап. Ақын Тұрсынбек Башардың ұсынған тізімі.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кітап оқыған бала зерек, алғыр, тәрбиелі, санасы таза боп жетіледі. Зияткерлік қабілеті өсіп, қазір бәріміз айтып жүрген эмоционалды интеллектісі қалыптасады. Әсіресе, әдебиетті оқыған баланың EQ-і жақсы дамиды деседі. Өйткені бала әдеби кітаптағы кейіпкердің тағдыры мен жан-дүниесіне үңіліп, оның шынайы эмоциясы мен сезім күйін тануға, сол арқылы әлемді сезінуіне жол ашады.

Жас ақын, әдебиет сыншысы Тұрсынбек Башар "Балаларға арнап шығарма жазу үлкендерге арнап жазғаннан да қиын" дейді. Өйткені дүниеде болып жатқан құбылыстарды қарапайым жеткізу, баланың дүниетанымы мен сезім деңгейіне салып жөргектеп, жұнтақтап беру – кез келген психолог жазушының қолынан келе бермейтін еңбек.

Ендеше балалар әдебиетінде жазылып жатқан әрбір туындыны жіті қарап, назарда ұстауымыз абзал. Сол себепті жас ақын Т.Башардан балаларға оқуға арналған 5 әдеби кітапты ұсынуын өтіндік. Ақын келесідей әдебиеттерді ұсынды.

Бердібек Соқпақбаев. "Менің атым – Қожа"

Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым – Қожа" повесі – осы жандарда жазылған озық шығармалардың бірі. Нағыз классикалық қайталанбас туынды. Шығармада бала тәрбиесі мен ата-ананың, мұғалімнің балаға деген қарым-қатынасы, баланың бағын ашу мен жан-дүниесін тану мәселелері көтеріледі. Әсіресе, баланың әлем мен дүниені, қоршаған ортаны танудағы өзіндік психологиясы мен таным ерекшелігі жақсы ашылған. Ата-ананың, ұстаздың бала алдындағы абыройы мен беделі де сөз болады.

Қожа табиғатынан тентек болғанымен, қазіргі тілмен айтқанда "ақылды тентек". Досқа адал, шыншыл, оқуда озат, өтірік айтуға жаны қас, еңбекқор, қайырымды бала. Алайда бәрін құртатын – тентектігі. Ұл баланың тентектігін кешіре білмей қоғам мен орта талантты, дарынды оқушыны тезге салғысы, әлеуметтік нормалармен түзегісі келеді. Бірақ Қожаның дүниетанымы мүлде бөлек...

Антуана де Сент-Экзюпери. "Кішкентай Ханзада"

Француз жазушысы Антуана де Сент-Экзюперидің 1943 жылы жазылған, балалар әдебиетінің бестселлеріне айналған "Кішкентай Ханзада" шығармасы қазақ тіліне 2013 жылы аударылған. Оған дейін 1967 жылы жазушы Тәкен Әлімқұлов та тәржімалаған еді. Алайда қазақ жазушысы ол кезде оны орыс тілінен аударған.

Ал қазіргі "Кішкентай Ханзада" ертегісі француз тілінен тікелей қазақ тіліне тәржіма жасалған. Бұл кітап философиялық образдарға толы, ол балаларға ғана емес, үлкен оқырманға да оқуға лайықты туынды.

Автор ертегіні метафоралы астармен жазылған. Ересек адам мен бала дүниетанымындағы ерекшелік, нәзік сезім, түйсіну жасырын образ, астарлы әжуамен жеткізіледі. Баланың жан-дүниесі сондай пәк, таза. Қиял мен арманға толы.

Жазушы Экзюпери балалық шақта ойлаған бүкіл ойы мен арман-мақсатын, жауабын таппаған сұрақтардың сілемін өз шығармасына арқау еткен.

Генри Хаггард. "Сүлеймен Патшаның кеніші"

Қазақ тіліне тәржімаланған тағы бір әлемдік бестселлер. Ағылшын жазушысы Генри Гайдар Хаггард бұл шығармасын осыдан бір жарымғасыр бұрын 1885 жылы жазған. Оны қазақ тіліне аударған – жазушы Мұхтар Мағауин.

Шығарманың сюжеті оңай. Теңіз офицері өзінің жоғалып кеткен ағасын іздеп табуға жолға шығады. Жалғыз емес, достарымен бірге аттанады. Жолда қаншама қиындық, сынақ көреді. Парасат пен табандылықтың, адалдық пен адамгершіліктің арқасында жанкешті ерліктерге барады. Кітап "Сүйлеймен патшаның кеніші"  аталғанмен,  шығарманың  идеялық  бағыт-бағдары  қазына төңірегінен  аулақта  жатыр.  Ең  үлкен  қазына  –  адам  өмірі,  оның басындағы  абзал  қасиеттер:  айырылуға  болмайтын  шын  байлық  осы дегенге мегзейді  автор.

Жюль Верн. "Он бес жасар капитан"

Ана тілімізге аударылған қолжетімді тағы бір бестселлер. Шығарма 1878 жылы жазылған. Қазақ тіліне 2011 жылы аударылған.

Таңғаларлық оқиғаларға толы бұл кітапта кит аулаушы «Пилигрим» кемесінің басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Оның бүкіл экипажы (5 матрос және капитан) китпен бетпе-бет шайқаста қаза табады. Басшылықты он бес жасар юнга қабылдайды. Бұл қауіп пен қатерге толы тулаған мұхит толқынында болған оқиға арқылы автор қиын-қыстау кезде ердің ері, егеудің сынығы ғана жауапкершілікті мойнына ала алатындығын көрсетеді. «Адам болар жігіттер он бесінде баспын дер» деп келетін қазақ даналығына үндес, ер жігіттің жетілер шағы он бес екенін әйгілей отырып, оқырмандарды қиындықтардан қорықпай, өмір жүгін жасқанбай, ертерек мойынға алуға үндейді.

Таласбек Әсемқұлов. "Талтүс"

Талантты жазушы, мифолог, күйші Таласбек Әсемқұлов мына қысқа ғұмырында өзінің балалық шағы жайлы жазған "Талтүс" атты ғұмырбаяндық романын қалдырып кетті. Романда жазушы балалық шағындағы естеліктерін, ата-бабаларымыздың бойындағы керемет таланттар мен сол қабілеттердің ұрпаққа берілмей, жоғалып бара жатқандығын қынжыла баяндайды. "Талтүс" романы жазушының "Аштық пен соғыс" атты мақаласымен үндес келеді.

"Романдағы үлкендер айтатын барлық әңгімені құлағына құйып, көкірегіне түйіп өскен бас кейіпкер Әжігерей автордың өзі екенін айту оңай да, тереңіне бойлау қиын. Себебі кейіпкерлері өмірде болған, кейбірі белгілі тұлғалар, сондықтан роман барынша шынайылыққа құрылған, егер күй болса фальшті нота жоқ. Ал енді осы қалпы кете берсе қалған өмірінде қандай адамдардан қалай алданғаны, қандай сатқындыққа ұшырағаны су бетіне қалқып шыға келмекші. Міне, өмірбаяндық тұрғыда жазылған романның екінші томының жазылмай қалуының бірден-бір себебі сол деген болжам айтқымыз келеді" дейді жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.