Әлем

Ресей Байқоңырдан кетуі мүмкін бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәскеу Батыспен шиеленіс жағдайында Халықаралық ғарыш станциясынан «2024 жылдан кейін» кететінін мәлімдеп отыр. Кейбір сарапшылар бұл қадам ресейлік космонавттардың ұшуын тоқтатуы мүмкін екенін ескертеді, деп жазады Bugin.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл жайлы әңгіме көптен бері айтылып келеді. Алайда, Мәскеу Халықаралық ғарыш станциясынан (ХҒС) кететінін сейсенбі күні растады. Айта кетсек, президент Владимир Путин Украинаға әскер кіргізгеннен кейін Батыс Ресейге қарсы жойқын санкциялар жариялады. Ондай шектеулерге РФ-ның ғарыш секторы да ілігіп отыр.

Ғарыш мамандарының ойынша, Ресейдің Халықаралық ғарыш станциясынан кетуі оның космос саласына кері әсер етіп, Ресей мақтанышы саналатын ұшулар бағдарламасына үлкен соққы болып тиейін деп отыр.

«Әрине, біз серіктестеріміз алдындағы барлық міндеттемелерімізді орындаймыз. Бірақ, бұл станциядан 2024 жылдан кейін шығу туралы шешім қабылданды», - деді Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігінің жаңа басшысы Юрий Борисов президент Владимир Путинмен Кремльде өткен есеп беру кездесуінде.

«Сол уақытқа дейін біз ресейлік орбиталық станцияны құрастыруды бастаймыз деп ойлаймын», - деді тағы бір сөзінде Борисов.

«Жақсы», - деп жауап берді оған Путин.

ХҒС 2024 жылдан кейін жұмысын тоқтатуы керек. Дегенмен, АҚШ-тың ұлттық ғарыш агенттігі - NASA оның 2030 жылға дейін қызмет ететінін болжап отыр.

ХҒС 1998 жылы АҚШ-Ресей ынтымақтастығына үміт зор заманда көкке ұшырылды.

АҚШ-ты Ресейдің ХҒС-дан кету жайлы мәлімдемесі таңқалдырды.

«Халықаралық ғарыш станциясында атқарылған маңызды ғылыми жұмыстарды және ғарыш агенттіктеріміздің жылдар бойғы құнды әрі кәсіби ынтымақтастығын ескерсек, бұл - өкінішті оқиға», - дейді Мемлекеттік департаменттің өкілі Нед Прайс.

АҚШ Ресеймен ғарыштық қарым-қатынасын үзгісі келе ме деген сұраққа ХҒС-ның НАСА бойынша директоры Робин Гатенс «жоқ, мүлде жоқ», деп жауап берді.

Осы уақытқа дейін ғарышты игеру - Ресей мен АҚШ ынтымақтастығы сақталған аз ғана салалардың бірі болды.