Bugin

Арман Абдиев: «IT саласы арқылы көп ақша тауып, біраз елді көре алады»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

IT саласы соңғы уақытта Қазақстанда қарқынды түрде дамып келеді. Заман өткен сайын бағдарламалау тілі де өзгеріп отыратын бұл саланың маңызы неде? Оны бұл деңгейден одан әрі дамыту үшін не қажет? Бүгінгі, жаңа Қазақстанда IT саласының маңызы қандай? Осы секілді сауалдарға Bugin Holding компаниясының атқарушы директоры, IT - маманы Арман Абдиев мырза жауап берді.  

Қазіргі деңгейге жету үшін қанша уақыт қажет болды? Қандай жолдардан жүріп өттіңіз? Қиындықтар болды ма?  

Мықты маман болу үшін ондаған жылдар қажет болады. Өйткені әр маманның өз деңгейі бар. Біздің IT саласында «junior» дейтін, яғни бастауыш деңгейі, екінші «middle», яғни ол орташа деңгейдегі, одан кейін «senior» жоғары деңгейдегі бағдарламалаушы. «Junior» деңгейіне жету үшін 1-2 жыл қажет. Өйткені 1-2 жылда әліппе секілді басын, одан кейін үшінші-төртінші жылдары командада жұмыс істеп, өз мәселелеріңді шешіп үйренесің. 7-8 жылда senior деңгейіне жетесің. Бұл деңгейде басқа адамдарды да үйрете білесің.   

Жеке өзім бағдарламалауды 2010 жылы бастадым. 12 жылда біраз деңгейге жеттім деп ойлаймын. Бастысы бір орында тұрып қалмау қажет. 

Адам мықты маман болу үшін тәжірибе керек. Студент кезімде көптеген жобаларды жасағым келді. Алайда, жоба болмаған соң тапсырысқа диплом жұмысының жобаларын жасап жүрдім.  

Заман өткен сайын бағдарламалау тілі де өзгеріп отырады. Мысалы, 2010 жылдары Zet бағдарламалау тілі танымал болып жатса, қазіргі кезде PHP, Laravel тілдері танымал. Қазіргі кезде, мамандар Zet-пен программа жасамайды. Сол себепті, заманға сай біліміңді де дамытып отыру керек. Әйтпесе, уақыт өте келе сенің білгенің жұрттарға керек болмай қалуы мүмкін.  

IT маманы үй салатын құрылыс сияқты. Басында клинеттер тапсырманы дұрыс қоймаса үй дұрыс салынбайды. Клиент маған екі қабатты үй керек деп айтуы мүмкін. Ал құрылысшылар екі қабатты үй салып біткенде, клиент маған екі қабатты үй бассейнімен қажет деп айтуы мүмкін. Сол секілді, IT мамандарына тапсырма әртүрлі. Кейде тапсырма дұрыс қойылмайды. Сондай қиындықтар кездесіп тұрады. Өйткені, клиент не қалайтынын өзі білмейді. 

Бір сұхбатыңызда «Еліміздегі ең үлкен мәселенің бірі - IT маманының аздығы» депсіз. Қазақстанда IT саласы мен мамандарын жетілдіру үшін не керек?  

Өйткені бізде жоғары оқу орындарында дұрыс үйретілмейді. Мысалы, кейбір мектептерде бала 5 сыныптан, кейбір мектеп 7 сыныптан бағдарламалау бағытын дұрыс көрсетіп, қызықтыра біледі. Ал көптеген мектептерде 95% мұндай сабақ мүлде жоқ. Мамандардың аз болуының басты себебі сол деп ойлаймын. Сондай-ақ, көптеген балалар кішкене күнінен өзінің кім болғысы келетінін білмейді. Ал, оған бағдар беретін мамандар аз.  

Егер балаға кішкентай күінен сайт пен оның дизайнын жасайтын мамандардың, басқа да процестерді автоматизациялау процестері мен оны жасайтын арнайы адам бар екенін түсіндірсе ол сөзсіз осы салаға аяқ басар еді.  IT саласына қызығып, тыңғылықты түрде зерттеп, оны оқытатын оқу орындарына тапсырып, грант ұтып алуға ұмтылар еді. 

Екінші мәселе, біздегі IT мамандары шетелге баруға тырысады. Біріншіден, тәжірибе жинағысы келеді. Екіншіден, ол жақта жалақыны екі, үш, кейбір жерлерде он есе төлейді. Ал, бізде жақсы білетін IT маманы аз болғандықтан тәжірибе алу қиын. Сонымен қатар, жалақы мәселесі. IT саласын Қазақстанның басшылығы дамытып, қолдау білдірсе, қаржы мәселесін шешіп берсе біздің мамандар шетелге бармас еді. Қазақстандық мамандар шетелге бармаса тәжірибе алатын орта үлкейер еді.  

IT саласының маманы үшін қандай дағдылар маңызды?  

Менің ойымша IT саласының маманы болу үшін біріншіден, математикаға мықты болу керек. Бізде IT саласы тек сайт жасаумен шектелмейді. IT маманы өз ішінен бөлінеді. Біріншіден, IT саласында сайт болса, оынң дизайнын жасайтын арнайы маман бар. Оны дизайнер деп атайды. Оған математика қажеті жоқ, шығармашылық дамуы мықты және сурет салып, фотошоп қолдана білгені жеткілікті. Екіншіден, мобилді әзірлеуші. Күнделікті телефонда қолданылатын қосымшаларды жасаушы. Үшіншісі, сайт жасайтын мамандар. Төртіншісі, жүйе әкімшісі. Олар ауылдық жерлерде интернеттің қалай таралатынын зерттейтін, яғни интернет аппарат мамандары. Одан бөлек компьютерді жөндеп, құрастыратын мамандар бар. IT саласында бағыттар көп. Соған қатысты дағдылар да қажет болады.  

Командаңыздағы ең маңызды позиция қандай? 

Нақты бір позицияны айта алмаймын. Өйткені, әр позицияның өз маңыздылығы бар. Мысалы, дизайнсыз сайт болмас еді. Дизайнердің де өз позициясы бар. Мобилді әзірлеушісіз сайт мобилді түрде ыңғайлы болмас еді. Бэкенд әзірлеушісіз сайт болмас еді. Фронтенд әзірлеушісіз сайттың визуалды түрі жаман болар еді. Демек, әр маманның маңызы бар деген сөз.  

Қазіргі таңда, Қазақстандағы IT саласы қандай деңгейде? Басқа елдермен салыстырғанда қандай даму бар? Сіз бастаған кез бен қазіргі кезде айтарлықтай айырмашылық бар ма?  

Қазіргі таңда, Қазақстанда IT саласы жақсы дамып келеді. Басқа елдермен салыстырғанда қалып кетті деп айта алмаймын. Біз сан жағынан артта шығармыз, бірақ деңгей жағынан даму бар. Өйткені қазақстандықтардың математикаға деген ынтасы, қызығушылығы өте жоғары. Жастар дамуға ұмтылуда.  

Өкінішке орай мен бастаған кезде IT сферада өзге ұлт өкілдері көп болған еді. Қазіргі таңда IT саласында қазақтардың саны артып келеді. Ауыл, қаланың балалары болсын компьютерге деген қызығушылығы жоғары. Көбісі шетелге барып тәжірибе алмасқысы келеді. Бұл қуантарлық жағдай деп ойлаймын.  

Елімізде ІТ-саласы бойынша қай бағыттар әлі де жетілдіру мен толықтыруларды қажет етеді? 

Елімізде IT саласы бойынша, біріншіден мектептегі пәндерді дұрыстау керек. Программалау, веб-әзірлеу, веб-дизайн жағын мектеп бағдарламасына енгізу керек. Мектептен кейін жоғары оқу орындарына енгізсе дұрыс болар еді. Нақты осы саланы таңдаған болашақ IT маманы қосымша курстарға қатысып, білімін дамыта бергені жөн. Сосын маркетинг жағынан көп жарнама жасауы қажет. Өйткені, әрбір бала IT маман болу қиын еместігін, оны қолжетімді әдістермен үйренуге болатынын білгені жөн. Жақсы IT маманы болу әр адамның қолынан келеді. Бастысы қызығушылық пен уақыттың болғаны жеткілікті. IT саласы арқылы көп ақша тауып, біраз елді көре алады. Басқа елде жүріп тәжірибе жинап, Қазақстанның дамуына өз үлесін қоса алады.  

IT саласына енді ғана қадам басып келе жатқан жастарға қандай кеңес берер едіңіз! 

Өсіп келе жатқан жастарға айтарым Қазақстан елін бірге дамытайық. Ол үшін қазақ еліне, қазақ қоғамына эрудициясымен, интеллектуал жағынан дамыған жастар көп қажет. Ол үшін басқа ел, өз еліміз болсын тәжірибе алып, еңбектеніп, уақыт бөліп, білімге құштар болуы керек. Сонда ғана елімізді дамыған 10 елдің қатарынан көре аламыз. Көптеген елдерде IT саласының дамуына байланысты экономикасы қарқынды түрде жүріп жатыр. Мысалы, АҚШ-тағы Apple компаниясының 1 жылдық Жалпы ішкі өнімі көптеген елдердің 1 жылдық Жалпы Ішкі өнімінен әлдеқайда көп. Жәй ғана бір IT саласында қызмет ететін компания осындай үлкен жетістікке жетіп отыр.