Қоғам

Атырауда жұмысшылар наразылыққа шықты (видео)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

3 тамыз күні «Атырау-Жарық» АҚ-ның Жылыой аудандық электр жүйесі бөлімшесінің 80-ге жуық жұмысшысы наразылыққа шығып, жұмысқа шығудан бас тартты. Олар еңбекақыны екі есе өсіруді және жұмыс істеуге жағдай туғызуды талап етіп отыр. Наразылық бүгін де жалғасты, деп хабарлайды Bugin.kz порталв Ақ Жайық газетіне сілтеме жасап.

Наразылыққа қатысушылар  қордаланған мәселелерге тоқталды.

Нұрым ЖӘКЕШОВ:

- Теңіз кенішінде еңбек етіп жатқандарға ешқандай жағдай жасалмаған, бізге тамақтануға 15 күнге 32 мың теңге ғана ақша береді. Бірақ ол он күнге жетпей бітіп қалады. Жататын жатақханамыз ескі ғимаратта орналасқан. Санитарлық талапқа мүлдем сай емес. Арнайы берілетін киімдер сапасыз, құрал-сайман жетіспейді, жалғыз «УАЗ» көлігі бар, оған тек бес адам ғана сыяды. Ал қалған 15 адам жұмысқа жаяу барады, жақын жер де емес.

Мүбарак НОҒАЕВ:

- Еңбекақымыз өте төмен. Техникалар өте ескірген, жоқтан бар жасап жатқан жайымыз бар. Біздің мамандығымыз аса сақтықты және жоғары техникалық  жабдықталуды қажет етеді. Жаңа жұмысқа келген электриктерді үйретеміз, олар әбден істеріне машықтанып алғасын, еңбекақысы жоғары басқа жұмысқа ауысып, бізден кетіп қалады.

Эльмира АЛДАШБАЕВА:

- Қымбатшылық қысып тұр, тамақ бағасы өсіп кеткен еселеп. Менің 100 мың теңге айлық еңбекақыма күн көру мүмкін емес. Жолдасым жұмыстан қысқарып қалды, жалғыз өзім табыс табатын. Бір басымда екі кредитім бар. Біздердің - бақылаушылардың жұмысы көрінбейді, жұмысымыз қиын, үйді аралап жүреміз, итке таланамыз кейде. Осында жалғызбасты, асыраушысы жоқ, болмаса көп балалы аналар еңбек етеді. Жалақылары өте төмен, шықпа жаным шықпамен отыр.

Ашынған жұмысшылармен кездесуге келген «Атырау-Жарық» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегеновтың жауабы оларды қанағаттандырмады.

- Үкімет энергетикаға толық бетбұрыс жасамаса, біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Мен сіздерге тікесінен айтайын, екі сөйлейтін емес, бір сөйлейтін жігітпін, оны өздеріңіз білесіздер. Біз тек қана антимонополия қандай тариф береді, біз сол тарифпен жұмыс жасаймыз, бұл қаржы жеткіліксіз. Техникаға сұраныс беріліп отыр, бірақ оны «қиып» тастап отыр. Оны бәрі біледі. Атырау мен Жылыой ауданы жұмысшыларының жалақысы бірдей. Халық наразылық білдіргенмен не істеймін? Шынымды айтайын, жалақыны көтереміз деп уәде бере алмаймын, - деді Оразғали Қаршегенов.

Аудан әкімінің орынбасары Әнуар ШАКИРОВ, аудан прокурорының орынбасары Серік ИЩАНОВ көпшілікке заң аясында межеленген жерде өтуі тиістігін, егер ол орындалмаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық кодекстің заңнамалары барын ескертіп өтті. Дегенмен жиналған көпшілік талаптары орындалмаса, жұмысқа шықпайтындарын мәлімдеді. Бүгінде ауданда апаттық бригада ғана жұмыс жасап тұр.