Саясат
Мектеп директоры, депутат, саясаткер Самал Сақтасынқызымен сұқбат
Мен 1971 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аякөз қаласында дүниеге келдім. Ол кезде теміржолшылардың балалары оқитын №58 мектепті 1988 жылы "Күміс медальга" аяқтап, арман қуып, жоғары білім алсам деп Алматыға аттандым. Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің физика-математика факультетіне емтихансыз қабылдандым. Мектепте белсенді оқушы, пионер, комсомол ұйымдарының төрайымы болдым. Институтта да белсенді студенттердің қатарынан көріндім. Еңбек жолымды Алматыдағы №161 көпсалалы гимназияның физика пәні мұғалімі қызметінен бастадым. 1994 жылы тұрмысқа шығып, жолдасым политехникалық институтты тәмамдаған соң Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентіне келдік. Ол Майкөбен көмір разрезіне тау кен инженері болып, мен мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастық. Содан 25 жыл осы жерде қызмет етіп келеміз. Қарапайым мұғалімнен бастап мектеп директоры қызметіне көтерілдім. 4 балам бар. Оның үшеуі қыз, біреуі ұл. Сонымен қатар жиен-немерем де бар.
Өз басым мансап қуатын адам емеспін. Отбасыны әрқашан бірінші орынға қоямын. Оқуды бітірген соң мұғалім болып 10 жылдай қызмет атқардым. Балаларым дүниеге келді. Бар білгенімді алдыма келген оқушының бойына сіңіруге тырыстым, болашақтағы мамандығына пайдасы тисе екен деген мақсатта жұмыс істедім. Бала кезден бойымда қалыптасқан тәрбие болар, белсенді болдым, сабақ бере жүріп оқушылар мен мұғалімдер арасында түрлі іс-шараларды ұйымдастыратынмын. Осы қабілетімді байқаған сол кездегі мектеп басшысы мені тәрбие ісінің меңгерушісі етіп қойды. Алғашында қорықтым, үлкен жауапкершілік, бүкіл мектептің тәрбие ісін дөңгелетіп әкету оңай болған жоқ. Бірақ өзімнің күш жігеріме, біліміме сеніп, бұл жұмысты 9 жыл атқардым. Дғгенмен, қандай жұмыс атқарсам да мен отбасымды бірінші орынға қоятын адаммын.
Қандай жұмыс атқарсақ та өзінің қиыншылығы болады. Басшы болу оңай емес. Басшысы сабырсыз елдің - берекесі қашады. Мен қандай жағдай болмасын ашуға бой алдырмай кез келген нәрсеге сабырлықпен қарауға тырысамын. Депутаттық пен директорлық жұмысты қатар алып жүру қиын, бірақ халықтың қалаулысы болған соң сенімін ақтауға міндеттімін. Отбасының берекесі - ол барлық жұмыстың алтын қазығы. Отбасыңда қолдау болған соң маған екі қызметті қатар алып жүру қиынға соқпады. Керісінше бір-бірін толықтырып отырамын.
Өте орынды сұрақ. Ұстаз болу ол жүректің қалауымен болуы керек. Ұстаз ең бірінші білімді, жан-жақты дамыған әрі кез келген баланың жүрегіне жол таба білсе, оқушы ұстазын өзінің ең жақын адамы ретінде қабылдай алса, оқушының жан дүниесін түсіне білсе, оған дұрыс бағыт бағдар беруге қабілетті болса ол - нағыз ұстаз.
Мен жалпы өмірде қарапайым адаммын. Үйде әйел, ана, ролін атқарамын. Мектептегі проблеманы үйге әкелмеймін. Табалдырықтан аттаған соң отбасы, ошақ қасы жұмысымен айналысамын. Қызметтегі Самал ханым тек мектеп өмірімен айналысса, үйде қарапайым ошақ басындағы ана.
Үйде басшы жоқ. Қазақ қашанда ері тұрғанда әйелі сөйлемеген. Отағасымен ақылдасып, ортақ шешім шығарып, отбасының берекесін қашырмауға тырысамыз.
Мектеп директоры әріптес-серіктес, сыншы дос бола білуі керек.
Балаларымның тәрбиесін көзден таса қылмауға тырысамын. Бала тәрбиелеуде бір жаттанды қағида ұстанбаймын. Балаларыма ибалы, шыншыл, үлкенді құрметтейтін, адал, еңбекке қабілетті азамат болыңдар деп ескерьіп отырамын.
Отбасында ер мен әйелдің ролі маңызды. Ешқашан ерімнің арына тиіп, намысын таптап көрген емеспін. Әкенің орны жоғары, ерекше екенін балаларыма әркез айтып отырамын. Еркектің ісіне араласпаймын.
Жалпы педагогикалық өтілімнің 25 жылы ішінде 15 жыл басшылық қызметте екенмін. Егер отбасында қолдау болмаса, әйел адамның басшылықта жүруі қиын болады. Осы жағына келгенде отағасына алғысым шексіз. Үнемі қиындықта қолдап, отбасы берекесін сақтап келеді.
Ұлттың ұлт болып сақталып қалуы үшін ананың ролі ерекше деп ойлаймын. Себебі, қыз бала ол ұрпақ өсіріп, отбасының ұйытқысы болу үшін жаралған. Қазақ әрқашан қызын өз үйінде төрге отырғызып, қонақ ретінде ұстаған. Өзге отбасына барғанда қыз бала қонақ емес, барған жерін көркейтемін, бақытты ұрпақ әкелемін деп баруы тиіс. Барған жерінде дәм тұзы жарасып, отбасылық бақытты өмір болса, қызмет, дәреже барлығы болады. Тек алға дұрыс мақсат қоя білу керек.
Қазақстанда гендерлік саясат қарқынды даму үстінде. Кедергілер көп, дегенмен бүгінгі таңда қай іс ің қасында болсын нәзік жандар баршылық. Қоғамда әйел ролін күшейту үшін заңмен қорғалатын жеңілдіктер қарастыру керек сияқты. Қаншама өндірісте ауыр жұмыста жүрген әйелдер бар, соларға жеңілдіктер қарастыру керек. Әйел адамдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қолдау қажет.
Қазақстанға гендерлік саясат керек, ол бүгінгі қоғам сұранысы. Өркениеттің басы-қасында әйел адамның болуы маңызды.
Сауатты жүргізілген гендерлік саясат елдің демографиялық жағдайына оң септігін тигізбесе, зиян келтіреді деп ойламаймын. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы әйелдің неге көп балалы ана атанбасқа.
Гендерлік саясат негізінен әр отбасында болуы керек. Сол саясат үйде дұрыс болса, онда қоғамдағы гендерлік саясат одан күшеймесе, ықпалы кемімейді. Отбасындағы гендерлік саясатта отбасы мүшелері өз орындарын білсе, ақылмен шешілсе, қоғамда да ол солай болуға тырысады.
Өзімнің сіңлілеріме айтарым - бүгінгі қоғамда өмір сүру қиын. Бірақ өмір болған соң қиыны мен жеңілі қатар жүреді. Қиындыққа мойымай, алдыға үлкен мақсат қойып, сол мақсатқа жету керек. Әйел адам нәзік жанды болып келеді, нәзіктіктің бір пернесі үзілсе өмірден түңіліп, қоғамға өкпелеудің қажеті жоқ. Керісінше сол пернені қайта жалғап, алға ұмтылған дұрыс. Еңбектенген адам ешқашан өмірде сыбағасыз қалмайды. Бәрі адамның өз қолында. Өмір сонысымен қызық. Алланың берген ғұмырында өзіңе тиесілі өмірдің сыйы болады, кандай сый болса да төзімділік пен шыдамдылық, сабырлық жеңіске алып келетініне сену керек. Ең бастысы өмірде отбасылық пен ұлттық құндылықты сақтаңдар. Бәрі де бақытты болуға лайықты.