Bugin

Қазақстанда дәрі-дәрмектерге цифрлық таңбалау енгізіліп жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда биыл дәрі-дәрмектер мен дәрілік заттарға цифрлық таңбалау басталды. Бұл жайлы Цифрлық экономиканы дамыту орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Дәрі-дәрмекке цифрлық таңба салу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осы жылы басталған цифрландыру екі жылдың ішінде нарықтағы фармацевтикалық дәрі-дәрмектің барлығына енгізіліп бітпек. Яғни, 2023 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

Қазір отандық дәрі-дәрмек өндірушілері фармацевтикалық өнімдерге сандық таңба салуға дайындалып жатыр. Цифрлық таңба код түрінде дайындалып, қаптама мен жапсырманың сыртына жабыстырылады. Өндірушілер оны арнайы жабдықтармен дайындап біріктіріп, сериямен шығарады.  

Мәселен, Шымкент қаласындағы SANTO сауда белгісімен танымал "Химфарм" АҚ – еліміздеші ең ірі фармацевтикалық компания саналады. Әрі Орталық және Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия нарығында жұмыс істейтін Polpharma халықаралық фармацевтикалық тобының бір бөлігі саналады. Қазіргі таңда SANTO зауыттары дәрі-дәрмектің 240 түрін нарыққа шығарады.

"Цифрлық таңбалаудың арқасында дәрі-дәрмек нарығындағы контрабанда өнімдерінің қаптап кетуіне, дәріханаға түсіп сатылуына тосқауыл қоюға болады. Цифрландыру жобасын әзірше біз пилоттық тәжірибе түрінде өткіздік. Дозасы әртүрлі дәрілерге таңба салып көрдік. Сынақ сәтті өтті", - дейді өндіріс орнында міндетті таңбалаудың қалай жүргізіліп жатқанын сөз еткен компания өкілі Сефи Караев.

"Химфарма" АҚ таңбалаған дәрі-дәрмектер қазір көрші Ресей еліне экспортталып жатыр. 2020 жылы Ресей Федерациясы үкіметі фармацевтикалық заттардың барлығына міндетті цифрлық таңбалауды енгізген.

Цифрлық таңбалаудың кодтарын "Қазақтелеком" АҚ бірыңғай операторы шығарып жатыр. DataMatrix белгісі салынып шығарылады. Мұны заңсыз жолмен істеу мүмкін емес. Ондай код жоқ болса, дәрі-дәрмек заңсыз деген сөз.

Өндірушілердің айтуынша, сандық таңбалауға көшу бизнестің дамуы үшін де аса қажет: нарықта шынайы әрі тең бәсекелестік орта құрылады, өндірушінің адал аты қалады, дәрі-дәрмек бағасы өспейді, бизнеске тән зияткерлік сапа сақталады, өндірістік процестер жақсарады, шығын азаяды, өнімнің сапасы оңалады.  

Сондай-ақ цифрлық таңбалаудың экономика үшін пайдасы зор: нарықтың ашықтығын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді, салық төлемдерін жинауды оңтайландырады әрі тиімді етеді.

Қазір нарықтағы дәрі-дәрмек өнімдерінің қауіпсіз, сапалы әрі таза екенін азаматтарға жеткізу мақсатында "Naqty Onim" атты қосымша әзірленген. Азаматтар осы қосымшаға қарап сатып алып жатқан дәрісінің қаншалықты заңды-заңсыз екенін анықтайды, техникалық регламенттерге сай жасалған-жасалмағанын біле алады. Дәрінің сыртындағы таңба-кодты сканерлеп, ол жайлы бүкіл ақпаратпен танысуға болады. Қосымша PlayMarket және AppStore дүкендерінан жүктеп аласыз.

Дәрінің сыртындағы код өнім сатылғаннан кейін автоматты түрде жүйеден жойылады. Егер қосымша "өнім қабылданбады" деп шығарып тұрса, онда біреу оны заңсыз жолмен жапсырманы жабыстырып өнімді сатуға тырысты деген сөз.

Мұндай жағдайға тап болған тұтынушы өтініш арқылы шағым түсіре алады, содан кейін ақпарат eotinish.kz интернет-ресурсына бағытталады. Шағым техникалық себептерге қатысты болса, оны Цифрлық экономиканы дамыту орталығы, дәрілік заттар бойынша болса, оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қарайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 30-дан астам отандық дәрі-дәрмек өндірушілері, 115-ке жуық шетелдік өндірушілер, 170-тен астам GDP (good distribution practice) сертификаттарының иелері, 11 мыңнан астам дәріхана және 1700-ге жуық мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдар жұмыс істейді.