Bugin
2018 жылдың шілдесінде Шымкенттің ерекше мәртебеге ие болуы бұрыннан жүргізіліп келе жатқан археологиялық тарихи ізденістерге серпін қосты. Нәтижесінде мегополистің тарихы 2200 жылды қамтитын ЮНЕСКО деңгейінде анықталды.
2020 жылы Шымқала ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде бірқатар жұмыстарды атқарды. Белгілі себептерге байланысты көп іс-шара онлайн форматында ТМД кеңістігіне тарады. Осының бәрі қазір Шымкенттегі ерекше тарихи, сүбелі туристік нысан болып табылатын «Тарихи-мәдени кешеннің» жаңғыруына алып келді.
«Ұлы дала өркениетінің жеті қыры» көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуімізге жаңа мазмұнды рухани бағытты нұсқайды. Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманында ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екендігін айғақтап, көпшіліктің танымын, қызығушылығын арттыруда.
Аумағы 4,5 га жерді алып, ғасырлар бойғы тарихи сырды бұғып жатқан Цитадель - Шымкент үшін шежірелі, әлі талайды таңқалдыратын, қызықтыратын, жастардың рухани құндылықтарын арттыратын тарихи нысан болатынын дәлелдеуде. Цитадель – орталық, қаланың - «мемлекеттің» жүрегі, әкімдік, діни орталығы деген мағынаны білдіреді. Осы арқылы қала тіршілігін, экономикасы мен мәдениетін, қоғамдық қарым-қатынас сипатын зерделеуге болады.
Цитадель – тарихи-ескерткіш қана емес, ол – қала салу өнерінің үлгісі, ол – қаланың рухани өмірінен хабар беретін нысан. Ол – әскери фортификациялық бекініс. Цитадель – сөз жоқ ортағасырлық тарихтан сыр шертетін тарихнама ретінде халқымыздың рухани жан-дүниесін байытып, туризмді дамыту мақсатында салынған Шымқаланың ең тартымды, ең қызық туристік объектісі. Кешен аумағындағы қақпалар, хауыз, мұнаралар, жер асты бекінісі мен ұстахананың аутентикалық (тарихи сәйкестік, дәлдік) үйлестігін қамтамасыз ету келуші саяхатшыларға Шымкенттің шын мәнінде терең тарихы бар екендігін сезінуге мүмкіндік береді.
Бүгінде кешенде өңіріміздің мәдени, тарихи және ғылыми құндылықтарын сақтау, музей заттары арқылы тың мәліметтерді жинақтап, көпшілікке насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне шаһардың тарихы тереңде. Олай болса, нақты деректер мен археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлерді жинақтап, зерттеп, зерделеп тың деректермен келушілердің тарихи сана-сезімін ояту, танымы мен қызығушылығын арттыру – біздің абыройлы борышымыз.
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің
ғылыми қызметкері Ж.Айқынова