Weekend
Қорда 6 808 862 кітап бар
Кітапхана – рухани азықтың ортасы. Сөреде тұрған әр кітаптың құны бар. Бір ғылымды игеру үшін бір кітап қана керек. Ал сол бір кітапты табу үшін мың кітап оқуға тура келеді. Бүгінгі еліміздегі жастардың кітапқа деген махаббаты қандай, жастар кітап оқу үшін кітапханаға жиі бара ма деген сұрақтар бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының Баспасөз хатшысы, жас болса да ісіне берік Аян Темірбекұлымен сөйлесіп қайттық.
Марғұлан Ақан: Аян мырза, қайырлы күн! Сұрақты төтесінен бастайын. Бүгінде Ұлттық кітапхана қорында қанша кітап бар?
Аян Темірбекұлы: Ұлттық кітапxана қорында қазіргі уақытта 6 808 862 кітап қоры бар. Одан бөлек Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында 30 мыңнан аса жәдігерлер сақталған. Сонымен қатар мерзімді басылымдар мен журналдар толық сақталып оқырмандар сұранысын қанағаттандыруда.
Марғұлан Ақан: Кітап молынан екен. Қуантарлық жағдай. Қазір жастар кітапхана емес, ойын-сауық орындарын көп жағалайды деп сөгеміз. Ал олардың қызығушылығын арттыру үшін кітапханада қандай жағдай жасалған?
Аян Темірбекұлы: Жастар үшін ұлттық кітапxанада барлық жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, тегін wifi қамтамасыз етілген. Ашық қорда өздеріне қажетті кітаптардан ақпараттарды алуға қолжетімді. 14 клубтық үйірмелер бар. Кез-келген жастар ұймдарымен іс-шаралар өткізуге қолдауға көмек көрсетеді. Қазірдің өзінде көптеген жастар ұймдарымен жұмыс атқарады. Ұлттық кітапxананың өзінен құрылған "Жастар кеңесі" Алматы қаласының ж/е Республика кітапxаналарының жастарымен жастар ұйымдарымен тығыз жұмыс атқарады. Сонымен қатар #bukkrossing жобасы бар. Жастардың емін еркін демалып кітап оқуға барлық жағдайлар қамтамасыз етілген.
Марғұлан Ақан: Ауыз толтырып айтатындай жағдай. Ал осы айтылған дүниеден өзге қандай жаңалық, өзгерістер бар?
Аян Темірбекұлы: Соңғы жаңалықтарға тоқталсақ. Ұлттық кітапxана қазіргі таңда заманауи теxнологияларға сай қарқынды даму үстінде. Кітапxана ғимаратын қайта жаңарту жобасы іске асуда. 2018 жылдың 13-14 қыркүйек күндері "кітапxана - қоғамның көпфункционалды, көпдеңгейлі әлеуметтік мәдени институты" атты Бүкілқазақстандық кітапxанашылар съезі өткен болатын.
Съезге 182 қазақстандық делегаттар, 15 шетелдік қатысушылар, оның ішінде АҚШ, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б. мемлекеттер кітапханаларының жетекшілері мен мамандары, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Нұр Отан» партиясы, БҰҰ, ЮНЕСКО және басқа да үкіметтік, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың өкілдері, облыстық әмбебап ғылыми кітапханалардың, жоғары оқу орындары кітапханаларының мамандары қатысты.
Съезд шеңберінде: «Еліміздегі кітапхана желісінің сапалы адами капиталды қалыптастырудағы және қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі мен орны» тақырыбындағы пленарлық отырыс, «Қазақстандағы кітапхана саласын жаңғырту және дамыту мәселелері» атты дөңгелек үстел, «Қазақстанның цифрландыру контекстіндегі кітапханалар», «Заманауи кітапханалар: дәстүр және жаңашылдық», «Тәрбие және білім беру»: кітапханалардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы рөлі, «Қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің жұмыстарымен танысу», «Қазақстанның арнайы кітапханаларын сандық ортаға интеграциялау және заманауи форматта дамыту» тақырыптарындағы секциялық кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ кітапхана саласының жетекші шетелдік мамандарының қатысуымен «Кітапхана қорларын қалыптастыру, бірыңғай жіктеу, қазақстандық кітапханаларды каталогтау және авторитеттік файлдар» тақырыбында фокус-тренинг, шеберлік-сыныптары, тәжірибелік сабақтар, Астана және Ақмола облыстарының кітапхана қауымдастығымен мерекелік – онлайн-кездесуі өткізілді.
Марғұлан Ақан: Рухани жаңғырудың көрінісін көрсетіп берген екенсіңдер. Кітапхананың ішіндегі өмірге бізден гөрі өзің қанықсың. Жастардың кітап оқуға деген құмарлығы қандай? Кітапхана есігін жиі ашатындар кімдер?
Аян Темірбекұлы: Жастардың кітап оқуға деген қызығушылы да білімге деген құштарлықтары да қазіргі уақытта артып келеді. Алайда, жастардың 60 пайызы бизнес оқулықтарына сұраныстары жоғары.
Жалпы кітапxанаға келетін аудиторияның Соңғы статистикалық мәліметіне сүйене айтар болсам 70%-ы жастар.
Марғұлан Ақан: Кітапханаға келіп-кететін оқырманнан бөлек, қанша жұмысшыны жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыңдар?
Аян Темірбекұлы: Ұлттық кітапxана 300-ге жуық өз саласының мамандарын жұмыспен қамтып отыр.
Марғұлан Ақан: Әлемді тәулік бойы жұмыс жасайтын кітапханалар бар. Біздің Ұлттық кітапхананың мұндай мүмкіндігі бар ма?
Аян Темірбекұлы: Тәулік бойына дейтін мәселе қарастырылып жатыр. Оның жауабын алдағы уақытта береміз. Ұлттық кітапxананың жұмыс жасау тәртібі: дүйсенбі күні оқырмандар үшін кітапxана жабық. Сейсенбі мен жексенбі аралығында таңғы 09:00 - ден кешкі 20:00-ге дейін кітапxана ашық. Тағы бір ескеретіні, айдың соңғы күндері тазалық күні болғандықтан және мереке күні кітапxана жабық болады.
Марғұлан Ақан: Қазір жастар еріншек. Тіпті тіркелу жұмыстарын жасау үшін ерініп жатады. Ұлттық кітапханаға кіру билетін алу үшін қанша уақыт кетеді?
Аян Темірбекұлы: Ұлттық кітапxананың оқырманы болып оқырман билетін алу үшін бар болған екі минут уақыт жеткілікті.
Марғұлан Ақан: Кітапханаға тіркелу үшін қандай құжаттар керек?
Аян Темірбекұлы: Кітапxана оқырманы болып тіркелу үшін жеке куәлігі студент болса студенттік билеті қажет. Ұлттық кітапxана өз оқырмандарын 12 жастан бастап қабылдайды. Оқырмандарды тіркеу ешқандай да қаржыны талап етпейді.
Марғұлан Ақан: Кітапхананың алда жасайтын жоспарларымен бөлісе отырсаң. Әрине, құпия болмаса?
Аян Темірбекұлы: Ұлттық кітапxананың алдағы жоспары өте көп. Оның негізгі әрі ең бастысы біздің оқырмандарымыздың сұраныстарын 100% қамтамасыз ету. Қазір де солай болып келеді. Көптеген жаңа жоспарларымызда оқырмандар өздерінің алғыстары мен тілектерін білдіріп тіпті кітаптардың сыртына естелік тілектерін жазып жапсырып кетеді.
Сұқбат бергеніңе және жастардың болашағына бей-жай қарамай, барынша ашылып жауап бергеніңе рақмет!