Bugin

Қазақтың айбынды байы Медеу қажы Пұсырманұлы туралы білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Медеу Пұсырманұлы 1850 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданына дүниеге келген.  Ұлы жүздің шапырашты тайпасының есқожа руынан шыққан.  

Медеу Пұсырманұлы – ғажап бағбан, білімдар, бірнеше тіл білген. Жасынан орысша оқыған ол орыс ұлықтарымен емін-еркін тең дәрежеде сөйлесе алатын болван. Сондықтан да олар үнемі Медеумен санасып, ақылдасып отырған. Қазақ байлары, орыс көпестері Г.А.Колпаковскийді қонаққа шақырса «Медеу онда бола ма, ол болмаса бармаймын», – дейді екен.

Әкесі Пұсырман Жетісу өңірінде патшалық Ресей үстемдігінің орнауына қарсылық танытқан және қоқандықтарға қарсы күресте Сұраншы батырмен тізе қосқан. Ол қарапайым халық арасында танымал және қала билігінің алдында үлкен беделге ие болды.

Медеу Пұсырманұлы балаларын, туған-туыстарын отырықшы өмірмен, шаруашылықпен таныстырғандардың бірі. Сонымен бірге ол қаланың мәдениеті мен ағарту ісінің басты меценаты болды. Медеу мен оның туыстары көшпелі қазақтар үшін сол кездегі әдеттен тыс қолөнермен – бау-бақша, саудамен айналысқан.

1896 жылы Верненский ерлер гимназиясында қазақ жастарына арналған пансионат ашылды. Медеу Пұсырманов қазақ жастарының арасынан гимназия оқушыларына үнемі қамқорлық жасап отырды. Қаланың ірі қожасы болғандықтан, туған-туыстарын мәдениетке баулуға, балаларына лайықты білім беруге тырысты. Верный уезінің Кіші Алматы болыстығына қарасты 3-ауылда тұрған Медеу 1898 ж. билік орындарының рұқсатымен Кіші Алматы аңғарында (қазіргі Алматы қаласындағы «Медеу» қонақ үйі орналасқан жер) ағаш үй салдырады.  

Ол белгілі архитектор А.П. Зенковпен жақсы қарым-қатынаста болды. А.П.Зенков Медеудің қала ортасында салынған (қазір Масанчи және Бөгенбай көшелерінің қиылысында) ағаш үйінің жобасын сызып береді. 1900 — 1907 ж. діни ағарту саласында жұмыс жасайды.  

1906 ж. Медеу Меккеге қажылыққа барды. Сонымен бірге ол Меккеге қажылыққа барған мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсеткен терең діндар адам болған. Ол асыл мұсылман ретінде қаланың қайырымдылық істеріне белсене араласып, су тасқыны, жер сілкінісі, ашаршылықтан кейін қаланы қалпына келтіруге үнемі қаржылай және басқа да материалдық көмек көрсетіп отырды. Қаланы көгалдандыруға белсене атсалысып, түрлі қайырымдылық істерге қатысқан Медеу 58 жасында қайтыс болған. Қабірі Алматы маңындағы «Бірінші май» тоғанының ірге тұсында орналасқан. Медеудің атымен Алматыдағы Медеу мұз айдыны және Медеу шатқалы аталған.