Bugin

​Батпақ мемлекет қалайша ең бақытты ел атанды?       

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Финлияндия – ақ лала гүлдер мекені. Григорий Петров кітабын солай атапты. Мырс етіп күлдім. Лалагүл орманды, таулы өлкеге әуес өсімдік екенін білемін. Еуропаның cолтүстігінде орналасқан, Аяз атаның тұрағы саналатын елге қалайша лала гүл өсуі мүмкін? Осы сауалдың жауабын іздеп, Петровтың кітабына үңілдім. Батпақ ел (Суоми атауының мағынасы) қалайша БҰҰ-ның бақытты елдер рейтингінің көшін бастап тұр. Не алтыны, не мұнайы жоқ елге біткен қандай бақыт? Адам басына шаққанда ЖІӨ 35 мың евродан асады. Қалайша? Нарық заңында сұранысқа ие  тауар ғана өндіріледі ғой. Кішкентай ғана ел аумағының 70 пайызы орман. Сол орманы арқылы әлемде қағаз өндіруден көш басында. «Жоқтан бар жасайтын» табанды ел екен деп ой түйдім.

Тәуелсіздік алғанға дейін финдердің әлеуметтік қабаты құрдымға кеткен. Себебі өз елінде екінші нөмірлі ұлт еді. Шведтік бәсекеге қабілеттілігі төмен бай-бағланның балалары жоғары қызметті тек Суомиден табатын. Экономиканы гүлдендіретін «ештемесі жоқ» елдің азаматтарында ертеңгі күнге сенім болмады. Өмірді тек «шыдау» деп қабылдайтын. Ұлт зиялыларын қалыптастыруы бек мүмкін салалары бодандықта ұстап отырған шведтіктерге тиеслі еді. Шведтер әлемдегі ең құнды сағатты өндіргенмен, уақытты білігінде ұстай алмайды ғой. Финдер өмірді өткен уақыттың ащы сыйына сабыр сақтау деп ұқса да, бас көтерер ер табылды. Ол – Снелман еді. 

Сан мен сана

Жазушы Михаил Жванецкий «Ұлт болу үшін қасірет керек» деген екен. Шынында дүниежүзі тарихында қандықол билеушілердің жорықтарын оқыдық. «Экономикасы осы әрекет арқылы жақсы болыпты» деген тіркеске кез болмадым (мүмкін қазір кітап мазмұны өзгерген болар). Бейбіт аймақтың өмірін тас-талқан етуді батырлық деп санамызға таңды. Көретініміз «Қап, бәлем!» іспетті жауыз желісі бар мультик еді. Финляндия 1980 жылдары «Қап, бәлем!» (Ну, погоди!)  кеңестік мультфильмнің теледидар экранында көрсетілуіне тыйым салған. Себебі қоянның қасқырға жасаған қатыгездіктері балалардың психикасына әсер етеді деп санайды. Тәнті болмасқа шара жоқ. 

 Финляндияға сапарында Италияның премьер-министрі Сильвио Берлускони фин асханасын сынап, ұнатпаған. Ол қапталған бұғы етінің дәмсіз екеніне шағымданған. Үш жылдан соң әлемдік пицца пісіру жарысында финдер пиццаның Отаны – Италияны шаң қаптырады. Бұғы етінен жасалған финдердің «Берлускони пиццасы» ең дәмді пицца атанады. Финдер қандай затты болмасын, сапалы өндіруге талпынады. Ол туралы «Финляндия – ақ лала гүлдер мекені» еңбегін оқыған әрбір адам көз жеткізеді.

Кітапта тұтас ұлтта бір ғана адамның арақ ішуге ден қоюын үлкен қасірет деп бағалайды. Себебі қоғамды алға қозғалту бір адам күшін кемітумен шектелмей, керіге кетіретіндер саны болады. Әр адам – маңызды. Бұл қадамды мемлекетті басқарушы күш жүйелеген  биосаясат деп бағалауға негіз жоқ. Өмірдің мәнін, бақыттың кілтін ұлт болып ұйысып іздеу деген орынды шығар. 

«Бір ауыл дәрігерінің естеліктері» деп аталатын шығармада финдердің тіпті үй соға алмайтын надан болғаны сөз болады. Осы орайда надандықтың не екенін анықтап алсақ. Надандық – адамның білмеуі, тіпті білмейтінін білмеуі. Сүзек, туберкулез секілді дерт демдеген ұлттан мықты рух жасау шын шебердің қолынан келеді. Снелманның дәрістерін тыңдаған ұлт өздерінің бір ағза екенін түсінеді.  Оңтүстік Африка Республикасындағы Стелленбос университетінің қақпасында мынадай жазу бар екен:  «Кез келген ұлтты жойып жіберу атом бомбасын немесе зымырандарды қолдануды қажет етпейді. Ол үшін білім сапасын төмендетіп, оқушылардың сынақтан өту кезінде алдауына жол ашып қойса, сол жетіп жатыр. Науқастар осындай білім саласынан шыққан дәрігерлердің қолынан өледі. Үйлер осындай саладан шыққан инженерлердің кесірінен бүлінеді. Ақша – осындай экономистер мен бухгалтерлердің қолынан, әділеттілік осындай заңгерлер мен судьялардың кесірінен жоғалады. Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі». Снелман жазда кемемен яки жаяу, қыста шаңғымен Финляндияның түкпір-түкпірін кезді. Семинар өткізді. Кей сала мамандары жиналған орындарға кіріп, бағдар берді. Жанкештілікпен бір ұлтты оята білді. 

Бір ғана адам. Соңынан ерген адамдарды нөл деп есептейікші. Ол солай он болды, жүз болды, мың, миллион болды. Санасына шам жаққан адамдар Фин брендін жасады. Батпақ мемлекет креативті экономика арқылы «Fund for Peace» америкалық қоры рейтінгісі бойынша «Әлемдегі ең тұрақты ел» атанды. «Әлемдегі ең үздік мемлекет» атауын 2010 жылдан бері иеленіп отыр. Озық сапалы тауар өндіретін Ресей мен Швецияға қоңсы болып, бұл атауды иелену шын жүйріктің сипаты болар. 

Қазаққа тән емес

С. Торайғыров «Талай царь, талай князь тәжім еткен» деп Шыңғыс ұрпақтарын бейнелеген. Бірақ сол царь, книязьдарға уақыты жетіп біздің сүйек те тәжім етті. Билік биіктік емесін сонда ұқтық. Даңқтың да көлеңкелі жақтары бар. «Жерінің асты- үсті тұнған байлық» еліміздің ішпеген уы бар ма? Семейде жарылған атом бомбасы өзімізден кейінгі қанша ұрпақтың тағдырына «өкім» оқығанын бағамдап біткен жоқпыз. Күресіп емес көндігіп қанша адам күн өткеруде?

 Креативті индустрия – «білім  экономикасы» деп те аталатын, толығымен зияткерлік қызметке негізделген экономиканың төртінші саласы. Онда өнер, мәдениет, бизнес және технологиялар тоғысады. Жоғары сапалы адами капитал, сапалы өмір, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы,  инновация, жоғары сапалы қызмет көрсету – постиндустриалды секторды дамытудың негізгі факторлары саналады. 

Креативті экономиканың алғашқы компоненті өнер саласына тоқталайықшы. «Привет, Андрей» жобасына қатысқан Димаш Құдайбергенді ел сынға алды. Төккен тері мен еңбегін ысырып, «басымызды иіп келдің» деп айыптаушылар көп. Димаш та өз кезегінде монтаж барысында сөзінің мағынасы сақталмағанына уәж айтты. Дана Нұржігіт бір сұхбатында «Мен үшін, өнер адамының еңбегі маңызды» деп «Айтуға оңай» ток шоуында Ninety one тобына «Мен сендерден жиіркенем» деп салған Ринат Зайытовты түсінбейтінін жеткізген еді. Абайдың «Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті» дегені ойға орала түсті. Біз Голливуд жасай алмаспыз, бірақ k-pop секілді индустрия қалыптастырған корейлерше қадам тастай білдік. Бұл салада «Голливуд» болмасақ та, «Болливуд» болар бәс бар еді.

Қит етсе «Қазаққа тән емес» деп тіл шоқпарын ала жүгіретіндер көп. Рухани жаңғыру мен жаһандану ұғымы тек популизм деңгейінде қалып қойды ма деп ойланасың. Жол бойындағы бильбордтардан әріге аса алмаса, «елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар»? 

Made in KZ  

Әлемде ең көп қолданылатын сөз көшін «Made in China» бастап тұр. «Жаулап алу» сөзі тек қантөгіс емес, экономиканы экспортқа тәуелді ету екені айқындала түскендей. Тұтынушы елміз. Карантин режимі күшейтіліп, шекара тарс жабылған уақытта шарықтаған баға осыны дәлелдей түсті. Қазақстанда не жасалады? Біздің қоғамда әлі де Шыңғыс ханның ұлты қандай, Кенесарының басы Эрмитажда ма деген сауалдар өзекті. Физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев «Парасат Майданында былайша ой қорытады: «Бір минут Шыңғыс хан қазақ екен деп есептейік. Ал одан не өзгереді сонда ? Марста алма гүлдей ма? Юпитерде жел тұра ма? Екі жердегі екі беске тең бола ма? Әлде сізден мүйіз шыға ма? Мүйіз шықса, қанша сантиметр шығады? Сіз артқа қарап жүрмеңіз, алға қарап жүріңіз! Бүгінгі күнді ойлаңыз, ертеңгі күнді ойлаңыз. Біз мысалы, мәңгілік ел деп айтамыз. Мәңгілік ел деген қанша жыл? Бір жыл ма, он жыл ма, қанша? Менің ойымша, оны білу үшін бүгінгі күнді ертеңгі күннің тірлігімен шұғылдану керек» . 

Бабалар даңқын тарих та, біз де ұмытпаспыз. Ұмытпау мен ұлықтаудың гармониясын сақтай білу шарт әуелі. Қазақстан территориясының қалай жасалғаны емес, ендігіде бұл аумақта не жасаларына бас қатыру керек секілді. Мәдениет не өндіріп жатыр, руханият не сұрауда? Қазақстан не жасай алады?

P.S. Әр елдің өз фишкасы бар. Қазақстан Боратпен танылды деп күйзелеміз. Борат «таныстырғанға» дейін не бітіре алдық? Өткен жылдың соңында Ирина Кайратовна «5000» клипіне тұсаукесер жасады. «Жайлаған жемқорлық, шіріген жүйе» деп ел шуласып қалды. Сөзден іске көшсек. Уақыт бізді тәуменділікке жұмсамасын десек, біз уақытты тиімділікке жұмсап үйренейік.