Bugin

«Olja Peak»: қалайша кішкентай затпен ғылымға қызмет етуге болады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мақсат. Миссия. Екінің бірінде жоқ бағыт. Шабытпен табармыз, мүмкін шарқ ұрған ізденіспен табамыз. «Olja peak» рухани дамуға бағыт алған адамдардың қай-қайсына болмасын қызықты өнім. Әрі бағасы да қолжетімді. Ноутбуктағы, телефондағы Алаш зиялыларының бейнесі, сөзі жігер сыйлайды. Жоба жетекшісі Сәулет Бақыткелдімен жобаның мәні туралы сөйлескен едік. Назарларыңызға ұсынамыз! Ал сіз ісіңіз бен сөзіңіздің мәніне зер саласыз ба?

Суретте Сәулет Бақыткелді

– Қайырлы күн, Сәулет! «olja peak» жобасын бастауыңызға не түрткі болды?

–Қайырлы күн! «Оlja peak» жобасы ойымда ұзақ жүрген нәрсе еді. Университет қабырғасында Жапонияда білім алуға мүмкіндік алдым. Сонда Жапониядағы көп тауарлардан ұлттық ерекшелік пен бояуын жеткізе білетін, дәстүр элементі бар трендтегі заттардың көп екендігін байқадым. Заманауи адамдардың ұстанымына сай, әлемдік трендке ұштасқан қыры маған қатты ұнайтын. Мен еліміздегі кеңсе тауарларына ұлттық элементті қосуды армандадым. Блакнотта, оқуға, үйренуге арналған заттардан қазақы элементтерді көргім келді. Сол идея 2019 жылдан бастап мені қозғады. Алға қозғалуға, жобаны жүзеге  асыруға деген қалауым бизнес бастауыма жол ашты.

– «Кітап оқуды  қолжетімді еткім келеді» деген миссяңызды қаншалықты орындай алдыңыз?

–Кітап оқу мәселесіне келер болсақ, қаншалықты жүзеге асыра алғанымызды білмеймін. Бірақ біз кітап оқу үшін қарапайым әрі кішігірім шабыт пен жайлылықты шығарып жатырмыз деп ойлаймын. Блакнот, қалам – кішігірім нәрсе. Дегенмен ол да білімге қызмет етудің бір сипаты. Еліміздегі көп адамның кредосы білім мен ғылымға қызмет ету болса – жақсы мемлекетке айналамыз, жақсара түсеміз.

Әдемі қаламсабыңыз бар болса, жазғыңыз келе береді ғой. Яғни шабыт үлкен материалды талап  етпейді. Біздің мақсатымыз – барша адамға кішігірім заттар арқылы үлкен қуаныш, шабыт сыйлау. Адамдарды білім алуға құлшындыру.

–Әлемдегі ең табысты бизнес – кітап бизнесі. Сіздің кәсібіңіз де осы сферада. Табысыңыз көңіліңізден шыға ма?

–Адамдардың кітап оқуын жеңілдету – біздің негізгі миссиямыздың бірі. Жүре келе көрптеген идея туындайды. Қазір біз әртүрлі интеллектуалды адамдарға арналған өнімдер шығарып отырмыз. Нарықта тұтынушылар бізді енді-енді танып, өнімдеріміз сұранысқа ие болып отыр.

Біз жақында «Alash notes» деген блакноттар шығардық. Нарықты біраз бақылап, сұранысты зерттедік. «Damu Bussiness Group» ассоциациясындағы Керімжан ағамыз жобамызға қызығушылық танытып, инвестиция салды. Бірнеше компаниямен серіктес боп  жұмыс істейміз. Бағытымыз – көңілімнен шығады.

–  Olja жобасының өнімдерін кімдер сатып алады, не үшін сатып алады деп ойлайсыз?

–Біздің өнімдерімізді білім жолындағы, эстетиканы түсінетін, патриот жастар сатып алады деп ойлаймын. Біздің өнімдерді олар жақсы қабылдайды әрі бағалайды. Біздің заттарымыз – эстетика мен құндылыққа бағытталған жаңа форматтағы өнім болғандықтан олар сатып алады. Маған креативті заттар ұсынса, міндетті түрде сатып алатын едім.

– Тауар бизнесі тәуекелді талап етеді. Маңызды шешім қабылдағанда неге мән бересіз?

–Бизнес – тәуекелді әрқашан, әрқандай істе талап етеді. Мен шешім қабылдағанда заттың берер құндылығына назар аударамын. Адамдар ол туралы не ойлайды? Адамдар қандай мәселеге сезімтал болады? Сол факторға мән беремін. Себебі осы сауалдың жауабы тауардың қаншалықты қолданбалы, пайдалы екені мәлім болады.

 

Жобаңыз өзін-өзі ақтамаса, жалғастыра берер ме едіңіз?

–Бұл мәселе адамның мұрат-мақсатына байланысты. Біз осы жобаны бастағалы көптеген кедергілерден өтіп, күрмеуі қиын мәселелерін шешіп келеміз. Бастапқыда қаражатымыз көп болмады. Ақшамыз аз болса да, жобаның өзіндік құндылығы үшін барымызды салдық. Идеялар туындаған сайын жүзеге асыруға асығамыз. Отбасым да маған қолдау білдіреді. Біздің жоба жемісті болып келеді. Бұл қарқынды жылдамдатамыз деп сенемін. Кей жобалар уақытты талап етеді. Біздің мақсатымыз бір күндік болса, бүгінге жетпес едік. Қанша қиындық туындаса да, біз жобаны жалғастыра береміз.