Bugin
ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті біршама қызметті сандық форматқа өткізіп, ірі цифрландыру жобаларын іске асыруда.
"Бірыңғай терезе", "Астана-1", электронды шот-фактуралар, тәуекелдерді басқару жүйесі, сондай-ақ халық пен бизнеске арналған мобильді қосымшалар әзірленген. Қазір бұл жүйелердің барлығы жұмыс істеп тұр.
Бірыңғай терезе
Кедендік, импорттық және экспорттық операцияларды жеңілдету, оңтайландыру және импорт құжаттарын беруді, жалпы автоматтандыру үшін "Бірыңғай терезе" ақпараттық жүйесі іске қосылған. Елімізге келетін қауіпсіз өнімдерді алып кіру үшін барлығы өкілетті органдардың рұқсат құжаты электронды түрде "бір терезе" қағидаты бойынша беріледі әрі расталады. Құжаттарды бірнеше рет ұсынудың қажеті жоқ. Қызмет көрсету мерзімі 30 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Бүгін жүйеде 6300 астам пайдаланушы тіркелген.
"Ағымдағы жылдың басынан бастап алатын болсақ, 78 мыңнан астам сәйкестендіру сертификаты берілді. Денсаулық сақтау министрлігінің 1045 құжаты әзірленді. Мемлекеттік кірістер органдарының 529 құжаты, ауыл шаруашылығы министрлігінің 117 құжаты осы жүйеде әзірленіп берілді", - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Панбаев.
Астана-1
"Астана-1" жүйесі – кедендік рәсімдеудің, тауарларды әкелуден бастап шығаруға дейінгі барлық кедендік процестердің негізгі ақпараттық жүйесі. Бүгінгі күні кедендік декларациялар толығымен қашықтықтан және электронды түрде тапсырылады.
"Жүйеде 4,9 миллион декларация орналастырылған. Оның 4 миллионнан астамы автоматты түрде, бір минуттың ішінде шығарылып отыр. Бұл көрсеткіш – бүкіл декларацияның 82 пайызын құрайды. Жүйе тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Декларацияны кеңседен немесе үйден беруге болады. Яғни, мемлекеттік кіріс органдарына бармай-ақ, тапсыра беруге мүмкіндік қарастырылған", - дейді Азамат Серікұлы.
Электронды шот-фактура
Электронды шот-фактура ақпараттық жүйесі – қашықтан әкімшілендірудің негізгі, ең тиімді құралдарының бірі. Бұл жүйеде шаруашылық жүргізуші субъектілердің барлығының мәмілелері қадағаланады. Сондай-ақ мәмілелердегі жалпы құрылған шарт мен түсімнің барлығы көрсетіледі.
Бастапқы бухгалтерлік құжаттарды да осы ақпараттық жүйеде рәсімдеу қарастырылған. Бұл жүйе де онлайн жұмыс істейді.
"Осы уақытқа дейін жүйеде 824 мың тұтынушы тіркелді. 870 миллионнан астам электронды шот-фактура басылып, 46,5 миллион жүкке ілеспе құжат рәсімделді. Тауарларды қадағалау тізбегі және тауарлар балансын құру үшін, тауарсыз мәмілелерді анықтау үшін осы электронды шот-фактура жүйесін одан әрі дамытып, біз электронды шот-фактуралардың ахуалдық жүйесін құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жайлы алдағы уақытта мәлімет беріледі", - дейді төраға орынбасары.
Жемқорлықты жою жүйесі
Қаржы министрлігі сондай-ақ ішкі органдардағы жемқорлық пен жасырын сыбайластықты азайту әрі жою мақсатында жемқорлық тәуекелдерін саралау жүйесін іске қосқан. Бұл жүйе мол деректерді (Big Date) талдайтын инструменті бар, интеллектуалды анализ қабілеті мен машиналы оқыту мүмкіндігі қосылған жүйе саналады.
"Бүгінгі таңда бұл жүйе 16 млрд құжатты тексеріп, жемқорлық тәуекелдерінің 144 моделін тапқан. Деректерді өңдеудің бизнес процесі толық автоматтандырылды", - дейді Азамат Серікұлы.
Қаржы министрлігі "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірігіп 2021 жылдан бері "Адал салық төлеуші" индексін іске қосқан екен.
"Жемқорлық тәуекелдерін саралау жүйесі салықты жинауға, салық заңнамаларын бұзуды жылдам анықтауға, жалғын кәсіпкерлікті табуға көмектеседі. Жүйе іске қосылғаннан бері бюджетке 500 млрд теңге қосымша салық түсті", - дейді төраға орынбасары.
E-Salyq
Салық төлеушілерге ыңғайлы әрі оңай болу үшін министрлік E-Salyq мобильді қосымшасын әзірлеген. Ал қарапайым азаматтар үшін Е-Salyq Azamat мобильді қосымшасы дайындалған.
"Салық әмияны сияқты. Қосымшаны қолданушылардың саны қазір 1 миллион 300 мың адамға жетті. Мобильді қосымшаның артықшылығы мынада: біріншіден, салықты 2 минутта-ақ төлеуге болады, екіншіден салық салу нысандарын түзеуге болады, үшіншіден, салық есебінің нормасын (табыс декларациясы) өткізуге болады, төртіншіден, салық органдарына электронды кезекке тұру қызметі қосылған", - дейді министрлік өкілі.
Кәсіпкерлерге биыл жыл басынан бері бөлек мобильді қосымша әзірленген – e-Salyq Business. Қолданушыларға тегін. Көп деректі толтырып қажет емес.
Мобильді қосымшаны қолданушылардың саны қазір 307 мың адамға жеткен. Қосымша кәсіпкерлерді жеке бизнес субъектісі ретінде тіркелуге, салықты, әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеп беруге, анықтамалар алуға, декларация тексеруге, жеке кәсіпкерлікті оңайлатылған тәртіппен тоқтатуға көмектеседі. Қызмет түрлерінің бәрі қашықтан беріледі. Осы күнге дейін мобильді қосымшаның арқасында 122 мың чек, 33 мың анықтама берілген.