Bugin

Тұншыққан сезім

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінгі түн Арман үшін ғасырдан да ұзақ түндей көрінді. Еш көз ілместен  таңды көзге атырып,  мәңгірген күйде жұмысына асығыс шығып кетті. Ол үйден оның қасынан шыға, өрекпіген жүрегі орнына түскендей. Жұмысына келген бойы қолына ақ парақ пен қалам алып,  ішін өртеп, жанын жандырып, лаулап шарпыған отты сөндіруге,  түндегі жағдайды, толғанысы мен сырын ақ параққа ашқанша асықты. Өйткені сырын айтар сыралғы досы да,  мұңын шағып қуанышын бөлісері де ақпарақ пен қалам ғана. Ол сенің барлық қайғың мен қуанышыңа,  толғаныс пен тебіренісіңе куә болып,  оны өзін жаһанға жария етпейінше өзінде бүркеп сақтайды. Сондықтан да сенімді әрі сені тыңдаудан еш жалықпайды. Сол үшін де ақпарақты көк сиямен шимайлайды,  солай аласұрған дауылдан кейін келетін мамыражай күйдей  жаны рахат сезімге бөленетін.

Міне, тағыда ақпараққа  ішіне бүккен бар сырын   сарпып төгіп ашық жазуда.  Неге ғана бардым екен ол үйге?  Бармағаныңда бұлай алай-дүлей күйге түспес едің ғой. Бұлай қиналмас едің ғой. Екі иінінен әзер дем алып,  ауыр күрсінді. Көзінің алдын буалдыр тұман қалай торлағанын байқамай қалды.

Ол бұны күтпесе де,  оны көргенше тағатсызданып асыққан,  ол жұтқан ауаны бірге жұтып,  тек әсем бейнесіне қарап көз суарып, әр айтқан сөзін ақынның маржан өлеңіндей тыңдауға ынтықты.  Ақырын ғана оның нұр шашқан жүзіне,  көлдей тұнық көздеріне  ұрлана қарайтын. Қарайтында  қиялы мен аспанда жүзген ақ шарпы бұлттар арасында қалықтайтын. Оның қасында  көңілі  байыз тауып, санасы күйбең тірліктің қамытынан бір сәтке болсада тағат табатын. Ол  күлімдеп алдынан шыққанда, қабағын қармаған көңілсіздіктің қара бұлттары ыдырап, шуақты күннің шапағы орнайтын.Бет жүзінде қайғы-мұңның ешбір табы қалмайтын. 

Әттең  ақын не жазушы емеспін,  солай болғанда дастан қылып өлең,  кітап қылып роман жазар едім деп ойлады, жүрегіне қозғау салған ол қыз жайлы. 

Ол үйдің табалдырығын аттай бере жаны жадырап сала берді. Арман бүгін ,  сезімін ары қарай тұншықтыруға дәті шыдамай, ішіндегі барлық сырын айтуға тас түйін шешім қабылдап келген.
Түнде  оның ойын қостап, аспандағы ай мен жұлдыз оған ерекше көрініп  «бүгін болмаса қашан» кеш қалып қапы қалма деп сөйлеп тұрғандай  әсер қалдырған. Тек барлығы керісінше сипат алып , әпсәтте дүние асты үстіне түсіп әлем-тапырықтанып кетерін қайдан білсін тоқ көңіл жігіт.

Ия, жігіт қателесіпті. Барлығы өзі ойлағандай болмай шықты. Түннің бір уағына дейін бірде батылы жетсе ыңғайлы сәт тумай,  қолайлы сәт туса батылы жетпей үйдің ішінде әрі-сәрі болып көп жүрді. Жататында уақыт болды. Жатқан мен ұйқы қайда? 

Қалай айтатынын, не айтатынын ойлап,  көз алдына елестетіп  қиялдап жатқанында,ойын булығып жылаған қыз даусы бөліп жіберді. Жүрегі селк етіп, елең ете қалды. Бұл соның даусы. Сезімін білдіре алмай жатқан қыздың даусы. Қыздың жылаған даусын естіп  өзінің де жүрегі ауырғанын байқады. Неге жылайды бұл қыз? Осы сұрақ жанына тыныштық бермеді. Қасына барып жағдайын сұрап жұбатайын деп еді, бірақ телефон мен сөйлесіп отырғанын байқады. Самалдықтың есігінің алдына келіп біраз тұрды. Кішкентай ғана табалдырық оған таудай болып көрінді. Табалдырықтан ары қарай аттап баса алмады. 

Оның әлде кіммен сөйлескенін тыңдағысы келмеген, бірақ не үшін жылайды деген сұрақ оны артқа қарай жібермеді. 

Анық естімесе де, Арман  ол қыздың неге жылағанын түсінгендей болды. Естігеніне өкініпте кетті. Амал жоқ естіді, қыздың басқа жан үшін көз жасын  төккеніне куә болды. Жүрегі езілседе барлығына үнсіз көнді. Көнуден басқа қолдан келер шара барма. Солай «мен сені жақсы көрем», деген бір ауыз сөзді айта алмай, сезімін тұншықтырып өз жөніне кете барды. 

Әділет АЛАШҰЛЫ