Bugin
Көлік кептелісі бойынша ең нашар елдердің рейтингінде Қазақстан 87 елдің ішінде 47-орынға тұрақтады. Еліміздегі көлік қозғалысы индексі 133,9-ды құрады. Индекс жол жүруге кететін уақытты, ұзақ жол жүруге байланысты қолайсыздықты, жол қозғалысы жүйесінің тиімсіздігін және СО2 (көмірқышқыл газын) тұтынуды бойынша бағаланады. Бұл туралы bugin.kz порталы numbeo.com статистикасына сілтеме беріп хабарлайды.
Рейтингке сәйкес, Қазақстан азаматтарының жұмысқа баруға кететін орташа уақыты 34,73 минутты құрайды. Елдегі CO2 эмиссиясының индексі 4119,35 болды. Бұл – екі бағыттағы жұмыс сапары кезіндегі СО2 шығарындыларының есебі.
ТМД елдерінің ішінде Ресей, Әзірбайжан және Украина көрсеткіштері Қазақстаннан нашар, Беларусь елдерінің көрсеткіштері жақсы болып шықты. Ең көп қозғалыс Нигерия, Коста-Рика және Шри-Ланкада, ең жақсы көрсеткіштер Австрия, Финляндия және Эстонияда тіркелді.
Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанның көлік-логистика секторындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 593,4 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан құндық мәнде 7,8 пайызға көп (нақты көлемнің нақты өсімі – 5,2 пайызға).