Bugin
Халықтың шетелге қашуын тоқтату үшін жаңа көші-қон саясаты әзірленді. Оның аясында Қазақстан шетелден бизнес-иммиграцияны және жатжұрттық жастардың елге көшуін ынталандырмақ. Нәтижесінде, қайтадан өзге ұлты көп елге айналуымыз мүмкін. Бұл туралы Bugin.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме беріп хабарлайды.
Қазақстандықтар Қазақстаннан 2012 жылдан бері қашып жатыр. Сол жылы 1990 жылдардағы алапат дағдарыстан кейін алғаш рет көші-қонның теріс сальдосы қалыптасты. Көшіп кеткендер көшіп келгендерден 1,4 мың адамға асып түсті.
Жалпы елден қоныс аударғандардың 90%-ы – ТМД елдерін, басым көпшілігі Ресейді таңдады. Осыған қарап, ұлтжанды азаматтар, саясаткерлер: «Тоқтатпаңдар, алған бетінен қайтпасын! Соның арқасында халық құрамында орыстар саны азаяды» деп үміт бере сөйлеп жүрді.
Дегенмен кетіп жатқандардың құрылымын талдау бұл байламның тек ішінара ғана шындық екенін көрсетті.
Себебі, «аналық капиталға» қызығып, орыстар ғана емес, тұрмысы төмен қазақ отбасылары да Ресейге көшіп, ұрпақтарын сонда дүниеге әкелуге ден қойғаны анықталды.
Ресми мәлімет бойынша, 2019-2020 жылдары елден шетелге ауғандардың ішінде тек 74,3 мың адам ғана тарихи отанына оралуға шешім қабылданғанын немесе репатриацияланғанын көрсеткен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі мұны растайды. 2011 жылдан бастап, 2022 жылдың басынан бергі аралықта Қазақстаннан жалпы саны 367,1 мың адам шетелге тұрақты тұруға кетті. Оның басым көпшілігі – білімді азаматтар. 38%-ының білімі – жоғары, 34%-ының – техникалық-кәсіптік білімі бар.
Сыртқа қоныс аударған 367,1 мың қазақстандықтың 72 пайызы – аяқ-қолы балғадай, еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Яғни мемлекеттің құнды ресурсы.
Қынжылтатыны сол, бұрынғы билік қанша жерден дәріптеп, ел алдында саяси ұпай-дивиденд жинауға пайдаланса да, Еңбекмині қандастардың адами капитал сапасы төмендеу болып тұрғанын мойындауға мәжбүр. Олар экс-отандастардың орнын толтыра алмаған.