Bugin

Электронды аудитор қызметі деген не?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қаржы министрлігінің жүзеге асырып жатқан цифрландыру жобасының бірі – "Электронды аудитор" қызметі. Дәстүрлі аудит үрдісін электронды формаға көшіріп, сандық форматқа ауыстырудың негізінде пайда болған жаңа қызмет.

Аудиторлық тексеріс жасау үшін мемқызметкерлер іссапарға шығып, еңбек пен уақыт шығындарына тап болатыны белгілі. Электронды аудитор бұл шығындарды азайтуға бағытталған.

Бұл жоба дәстүрлі аудит үрдісіне кететін іссапар, еңбек және уақыт шығындарын азайту мақсатында жасалған. Сондай-ақ, жобада аудит нысаны мен аудитор арасындағы тікелей байланысты жою арқылы сыбайлас жемқорлық жағдайларын азайту әрі бір уақытта бірнеше аудит объектілері бойынша аудит жүргізу мүмкіндігін қалыптастыру мақсаты да көзделген.

Электронды аудитор қызметі 2020 жылдың соңында іске қосылған. Бүгінгі күнге дейін 717 млрд теңгеден астам соманы қамтыған 1600 аудиторлық тексеріс жүргізілген. 500 млрд теңгенің аудиторлық қателігі табылған.

"2021 жылы қашықтан жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың үлесі аудиторлық шаралардың жалпы санының 31 пайызын құрады", - дейді ҚР Қаржы министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Еркін Беркешев.

Департамент директорының айтуынша, министрліктің цифрландыруға көшудегі мақсаттарының бірі – бұл сыбайлас жемқорлықты азайтуға іс-шаралар жүргізу. Соған орай, "Тәуекелдерді басқару жүйесі модулі" іске қосылған. Аталмыш модуль аудиторлық тексеріске енгізілген мемлекеттік нысандардың тізбесін анықтауға арналған.

"Қазіргі уақытта жемқорлық тәуекелін анықтаудың 64 индикаторы жасақталып отыр. Бұл жоба кассалық атқару, шығысты жоспарлау, бюджет пен қаржылық есепті кезеңдерінде профилактикалық аудит жүргізуге мүмкіндік береді", - дейді Еркін Беркешев.

Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай деректер базасы жасалған. 2022 жылы мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту шаралар шеңберінде Қаржы министрлігі бухгалтерлік операциялардың бірыңғай деректер базасын құру жобасына кірісті. Бұған дейін министрлік жобаның пилоттық нұсқасын дайындап, 7 мемлекеттік органға енгізіп, сынақтан өткізген. 1С, Sab, Favorite бухгалтерлік өнімдерінің деректері шоғырланған. Жобаға бірыңғай анықтамалықтар пайдаланылса, талдама құралдарын орнатуға, сондай-ақ әртүрлі қаржылық операцияларды орындауға, бухгалтерлік есеп жүргізуге, бюджетті жоспарлау, мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыруға көмектеседі.