Bugin
Кітап оқыған бала зерек, алғыр, тәрбиелі, санасы таза боп жетіледі. Зияткерлік қабілеті өсіп, қазір бәріміз айтып жүрген эмоционалды интеллектісі қалыптасады. Әсіресе, әдебиетті оқыған баланың EQ-і жақсы дамиды деседі. Өйткені бала әдеби кітаптағы кейіпкердің тағдыры мен жан-дүниесіне үңіліп, оның шынайы эмоциясы мен сезім күйін тануға, сол арқылы әлемді сезінуіне жол ашады.
Жас ақын, жорналшы Аслан Тілеген "Баланың әлемі өте таза. Балаға ақыл айтпайтын, оны қызықтыратын туындылар керек" дейді. Соған орай жас ақынның балалардың оқуына мынадай қазақ балалар әдебиетінің үлгілерін ұсынады.
Бердібек Соқпақбаев. "Менің атым Қожа"
Қазақ балалар әдебиетінің шедеврлерінің бірі – бұл Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" повесі. Қайталанбайтын бірегей классикалық шығарма. Шығарма 1957 жылы жазылған. Қазіргі бәрімізге танымал экранизациясы 1963 жылы түсірілген. Бердібек Соқпақбаевтың сөзі фильмнің режиссері Абдулла Қарсақбаевпен жұмыс істеген.
Повесть бір қарағанда комедиялық жанрда жазылған шығармаға ұқсағанымен, көтерген мәселесі зілдей. Үлкендердің бала тәрбиесінде жіберген қателіктері, мұғалімдердің оқушымен қарым-қатынасы, сыныптас оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы, қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар, бала психологиясының "үлкендер" түсіне бермейтін қыры сынды терең мәселелерді көтерген.
Шығарма француз, орыс, украин, өзбек пен латыш тілдеріне аударылған.
Жақында балалар жылы аясында елордада "Менің атым Қожа" фильмнің басты кейіпкері Қожаға арнап ескерткіш орнатылды.
Сайын Мұратбеков. "Жусан иісі"
Қазақ балалар әдебиетінің тағы бір қайратты шығармасы – Сайын Мұратбековтің "Жусан иісі" повесі. Шығарма баланы бауырмал әрі мейірімді болуға, достыққа адалдық таныту, өзгенің өміріне жанашырлықпен қарауға, қиыншылыққа төзе білуге үйретеді.
Повесті оқыған кез келген жан шығарманың басты кейіпкері – Аянның тағдырына бейжай қарамасы анық. Басты кейіпкермен бірге дүниені танып, сол заманның тынысы мен үнін ұғынып, жас баланың тағдырымен мұңдасып, эстетикалық ләззат алады. Әңгіме жанрының шебері атанған Сайын Мұратбеков оқырманды бірге күрсіндіріп, бірге қуантады, көз жас алдырып, күйіндіреді.
Шығарманың басты кейіпкерінің прототипі – өмірде болған жан. Жазушы Сайын Мұратбековтің ауылдасы Наухан Керімов есімді адам болған.
Сайын Мұратбековтің балалар әдебиетіне арналған тағы бір шығармасы бар: ол - "Жабайы алма" повесі. 1972 жылы жазылған шығарма талай оқырманды бала Қанаттың тағдырына еліткен. Шығармадан соғыс сұрапылына тап болған жанды да, махаббатқа бас иген қос ғашықты да, тіпті келер күннен қуанышты хабар күткен қартты да кездестіреміз. Бұл кейіпкерлерді біріктіріп, бәрінің жанарына бірдей қайсарлықты, қайтпас мінезді салып берген де соғыс еді.
Тынымбай Нұрмағамбетов. "Қош бол, ата"
Балалар әдебиетінің тағы бір өкілі – Тынымбай Нұрмағамбетов. Оның "Қош бол, ата" повесі балаға туған жерін сүюді, еңбек етуді, қарапайым еңбек адамдарын құрметтеуді үйретеді. Шығарманың басты кейіпкері – Көктембай ойы таза, пәк, алайда тағдыры ауыр, тауқыметі көп жеткіншек. Бұл шығарманың басты кейіпкерлері де – балалар. Жай балалар емес, қазақы мінезді, көңілі таза, халық тәрбиесін көрген дана кейіпкерлер.
Жазушы әдеби шығарманы жаза отырып, туған жерінің табиғатын әсте ұмытпаған. Оның жылы, аяулы топырағын дәріптеуге тырысады. Туған жерге деген тұмса сезімі көрініп тұрады. Сол арқылы жас ұрпаққа туған жерін сүюге, табиғат-ананы аялауға, жақсы көріп қорғауға шақырады.
Шерхан Мұртаза. "Ай мен Айша"
Шерхан Мұртазаның қалың оқырманның көңілінен шыққан, қазақ балалар әдебиетінің қазынасына айналған шығармасы – "Ай мен Айша" романы.
Шығарманың басты кейіпкері Барсхан атты бала – жазушы Шерхан Мұртазаның өзі. Баланың анасы Айша – тағдырдың тауқыметіне мойымаған, күрескерлігі мықты, батыл да қайсар жан. Барсханның бауырмалдығы мен анасына қол ұшын беріп қолғанат болуы, Айшаның табандылығы мен баласына деген махаббаты – оқырманға ой салары анық.
Романның тағы бір жетістігі – қазақ халқының ұлттық характері мен мінез-болмысын бере алуы. Қара шаңырақты сыйлау мен құрметтеу, отбасының құты саналатын отты өшірмеу, ата-енемен, қайынағамен, абысынмен, қайын іні-сіңлілермен қарым-қатынасы – осының бәрі қамтылған.