Bugin

Аштық пен үмітсіздік: Ауғанстанды алда не күтіп тұр?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақында Кабулдағы Ресей елшілігінде жарылыс болды. Жарылыс салдарынан екі ресейлік дипломат қаза тапты. Бұл Ауғанстандағы Талибан билікке келгеннен кейінгі алғашқы лаңкестік әрекет емес. Лаңкестік әрекеттердің саны жағынан бүгінгі Ауғанстанның бұрынғы биліктен еш айырмашылығы жоқ. Елдегі өмір сүру жағдайы бірнеше есе төмендеді, миллиондаған адамдар аштыққа ұшырау қаупінде тұр, жұмыссыздық айтарлықтай өсті. Әлі күнге дейін үкімет құра алмай отырған «Талибан» ішкі күрестен есін жиған жоқ.

Биліктегі бір жыл

Кабулдағы президент сарайында. 2021 жылғы 15 тамыз. Фото: Getty Images

2021 жылдың жазында Ауғанстанның жоғарғы билігі үшін бірнеше жылдан бері күресіп келе жатқан «Талибан» қозғалысы елеулі табыстарға қол жеткізе бастады. 15 тамызда ел астанасы Кабул талибан қозғалысы өкілдерінің қолына өтті. Елдің зайырлы үкіметінің басшысы, президент Ашраф Ғани шетелге қашып кетті. 30 тамызда бірнеше күнге созылған эвакуация процесі аяқталғаннан кейін АҚШ-тың соңғы әскері Ауғанстаннан шықты. Осылайша, жиырма жылдық соғыстан кейін «Талибан» Ауғанстанға оралды. Көпшілік Ауғанстан енді тыныштық табады деп үміттенді. Алайда бұл іс жүзінде орын алып отырған жоқ.

«Талибан» Ауғанстанда билікке келгенде ДАИШ сияқты басқа да содырлық топтарды жеңе алмады. Хорасан провинциясында орналасқан бұл лаңкестік қозғалыс елде бірнеше ірі лаңкестік әрекеттер жасап, тіпті Гератты бақылауға ала бастады.

Ішкі тәртіпті сақтау мәселесінен бөлек, Ауғанстан «Талибан» жетекшілігімен өте күрделі мәселелердің құйынына түсті.

Экономикалық дағдарыс

Талибан содыры Кабулдағы көпірде. 6 тамыз, 2022 жыл. Фото: Reuters

Ауғанстанның бұрынғы зайырлы үкіметінде экономикалық тәуелсіздік болмады. Бұл үкімет толығымен АҚШ пен Еуропаның көмегіне тәуелді болды.

Талибан билікке келгенде бұл қолдау тоқтады. Өйткені Батыс елдері Талибанды террористік ұйым деп танып, оған қарсы санкцияларды қолдануды жалғастырды. Қаржылық қолдауға жауап ретінде Батыс тәліптерден елде бірқатар демократиялық реформалар жүргізуді талап етті (бұрынғы үкіметте жұмыс істегендерді қудаламау, әйелдердің құқығын шектемеу, цензура орнатпау, т.б.). Бірақ «Талибан» бергілген уәдеге қарамастан бұл талаптарды орындамады.

Ауғанстанның 2022 жылғы бюджеті 2020 жылмен салыстырғанда 60 пайызға қысқартылды. АҚШ Ауғанстанның Орталық банкінің активтерін бұғаттап, Ауғанстанның реттеушісі өзінің көптеген негізгі функцияларын орындай алмады. Көптеген елдер Талибанмен ынтымақтастықтан бас тартып, Ауғанстанның банк шоттары мен транзакцияларын бұғаттады.

Axios мәліметінше, 2022 жылы Ауғанстанда негізгі тауарлардың бағасы 52%-ға өсіп, ел халқының орташа табысы соңғы он жылдағы ең төменгі деңгейге (бір адамға жылына 375 доллар) түседі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша, елдегі жұмыссыздық деңгейі 2022 жылы 40%-ға жетеді (2021 жылы 13%-дан), халықтың 97%-ы кедейлік шегінен төмен өмір сүруі мүмкін. Әйелдердің мемлекеттік секторда жұмыс істеуіне тыйым салу арқылы үкіметтің өзі жұмыссыздықтың өсуіне себеп болды.

«Талибан» сыртқы қарызға қатысты алдымен Ресейге, кейін Қытайға бет бұрды. Украинада соғыс басталғанда басты үміті Қытай болған тәліптер Бейжіңге жақындау саясатын бастады.

Дегенмен, Қытай тәліптерге несие берсе де, бір жылдан бері үкімет құру мәселесінде келісе алмаған қозғалыс бұл қаржыны аймақтарға теңдей бөле ала ма және жергілікті билік бұл ақшаны қажетті салаларға бағыттай ма? Орталықтың қатаң бақылауында болмаған бұл қаржы талан-таражға түсуі ықтимал. Өйткені «Талибанның» көптеген қолбасшылары елдің кейбір аумағын өз меншігіндей етіп алған және олар бөлінген қаржыны аумақты дамытуға немесе гуманитарлық қолдауға емес, осы аумақтардағы күш-қуатқа жұмсай алады.

Қорқынышты гуманитарлық жағдай

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аясында Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберілді

Бүгінде Ауғанстанның 40 миллионға жуық халқының жартысы кедейлік шегінде өмір сүреді. Жиырма миллионнан астам ауғандық азық-түлікке жетіспеушілігінен зардап шегеді. Екі миллионнан астам ауғандық бала дұрыс тамақтанбаудан зардап шегеді.

Жағдайды құрғақшылық, егіннің нашарлығы және 2022 жылдың маусымында болған күшті жер сілкінісі қиындата түсті. Елдің шығысында болған жер сілкінісі салдарынан мыңнан астам адам қаза тауып, алты мыңға жуық адам жарақат алды. БҰҰ ондаған елді мекендердің толық немесе жартылай қирағанын хабарлады.

Ауғанстандағы гуманитарлық көмек мәселесімен мемлекет емес, халықаралық ұйымдар айналысады. 2022 жылдың өзінде Термизде құрылған логистикалық хаб арқылы Ауғанстанға 42 мың тонна тауар жеткізілді. Дегенмен, бұл мөлшер аздық етеді. «Талибан» қазір гуманитарлық мәселелерді дербес шеше алмайды, сондықтан халықаралық ұйымдар қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысады.

Ақпан айында басталған Ресей басқыншылығына байланысты халықаралық ұйымдар Украинаға назар аударды. Бұл Ауғанстанға көмектің азайып, халықтың жағдайының нашарлауына әкеліп соқты. Наурызда БҰҰ Ауғанстан үшін сұраған 4,4 миллиард көмек пакетінің жартысынан сәл астамы ғана жиналды. АҚШ пен Еуропа Украинаға қаржылық көмек пакеттерін жіберуде.

Құқықтық жағдайдың нашарлауы

Ауғанстандық әйелдер елдің Білім министрлігі алдында қыз балаларға арналған орта мектептер ашуды талап етіп, шеруде. Кабул, 26 наурыз, 2022 жыл. Фото: Reuters

Катар мен Ташкентте өткен кездесулерде «Талибан» елдегі адам құқықтарын қамтамасыз етуге уәде берді. Алайда арада бір жыл өтсе де, топ бұл уәделерінің көпшілігін орындаған жоқ.

Әсіресе Ауғанстанда әйелдер құқығына қатысты жағдай нашарлады. Қыздардың алтыншы сыныптан кейін мектептерде оқуға мүмкіндігі жоқ, дегенмен жоғары оқу орындарында қыздар мен ұлдарды бөлек оқыту жүйесі енгізілген. ВВС хабарлауынша, бұл бұрыннан бар студент қыздардың оқуын аяқтауы үшін жасалған шара.  Кейін жоғары оқу орындарына қыздарды қабылдау мүлдем тоқтатылуы мүмкін. Көптеген қыздар қудалаудың кесірінен оқуын тастап кетеді. Жалпы, Ауғанстанда тәліптер билікке келгелі бері әйелдердің құқығы күрт шектелді.

Amnesty International ұйымы Ауғанстанда тәліптер билікке келгеннен кейін балалар, ерте және мәжбүрлі некелер саны артқанын хабарлады.

«Талибан» берген уәделеріне қайшы елде цензура орната бастады. Ауғанстандағы көптеген тәуелсіз басылымдар жабылды. Журналистикамен айналысатын ауғандықтардың саны бір жылда 12 мыңнан 5 мыңға дейін қысқарды. «Шекарасыз репортерлар» ұйымының 2022 жылғы баспасөз бостандығы индексінде Ауғанстан 180 елдің ішінде 156-шы орынды иеленді. Бір жыл бұрын ел дәл осы индексте 122-орында болған.

Сыртқы саясат: барлық көршілермен дұшпандық

Сыртқы саясатта «Талибан» жиырма жылдық күрестің арқасында АҚШ-тың бәсекелестерімен жақындасу саясатын жүргізді. Атап айтқанда, Иран, Пәкістан, Ресей және Қытай елдерімен жақсы қарым-қатынастар орнатылды. Әсіресе, Ресеймен қарым-қатынас жақсарып келеді. Мәскеу тәліптерді террористік ұйымдар тізімінен шығаруға жақын. Алайда, Украина соғысының басталуы мұны кешіктірді.

Қытай Сыртқы істер министрі Ван И мен Мулла Абдул Ғани Бародар Кабулда. 2022 жылдың 24 наурызы
Фото: Google Images

Қытай – билікті  алғаннан бері халықаралық деңгейде оқшауланған Ауғанстандағы басты ойыншыға айналды. 2022 жылдың сәуірінде Қытай тәліптерге Бейжіңдегі Ауғанстан елшілігін қайта ашуға рұқсат берді. Қытай маусымдағы жер сілкінісінен зардап шеккен отбасыларға 8 миллион долларлық көмек пакетін шығарды.

Алайда Бейжің Ауғанстанның «патроны» болғысы келмейді. Бейжіңнің Талибанмен байланысын нығайтуының басты себебі – террористік ұйымдар. Атап айтқанда, Ауғанстанда тәліптердің билікті басып алуына көмектескен Шығыс Түркістан ислам қозғалысы ұйымы (ШТИХ) Бейжіңнің басты мәселелерінің бірі. Қозғалыс Қытайдың Шыңжаң автономиялық ауданында көптеген лаңкестік әрекеттер жасаған және БҰҰ, ЕО, Қазақстан, Қырғызстан және Қытай тарапынан лаңкестік ұйым ретінде танылған.

Ауғанстанның Қытаймен шектесетін Бадахшан провинциясында орналасқан бұл қозғалыс Шыңжаң ұйғырлары тәуелсіздік үшін күресіп жатыр деп сендіреді, бұл Пекинді алаңдатып отыр. Сондай-ақ, Хорасандағы Ислам мемлекеті АҚШ пен коалиция күштері елден кеткеннен кейін Қытайдың елдегі мүліктеріне шабуылдарын күшейтті. Осы арқылы олар Талибан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты салқындатуды мақсат етіп отыр.

Талибан Бейжіңмен тығыз байланыста болу үшін екі ұйымды да тізгіндеуге тырысады. Атап айтқанда, соңғы айларда Бадахшандағы ИМ күштері Қытай шекарасынан алшақтап, ел ішіне көшті. Сонымен қатар, «Талибан» елдегі «Бір белдеу, бір жол» саясаты аясында салынып жатқан Қытай нысандарын қатаң қорғай бастады.

Иранмен шекарада бірнеше рет қақтығысқан «Талибан» Тегеранмен әзілдесу жақсы нәтижеге әкелмейтінін бірден түсінді. Өйткені, Теһранда Ауғанстандағы Иранның мүддесін қорғайтын тұтас жүйе бар.

Талибан да оның билікке келуіне көмектескен делінетін Пәкістанмен қарым-қатынасын суытқан. Желтоқсанның өзінде екі елдің шекарасында күрделі қақтығыс орын алды. Қақтығыс Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында орналасқан «Техрик-и Талибан Пәкістан» (ТТП) содырларының Пәкістан шекарасын атқылауынан туындаған. Бұған жауап ретінде Пәкістан Ауғанстан территориясын артиллериядан атқылады, тәліптер де Пәкістанға дәл осылай соққы берді.

Осыдан кейін екі елдің күштері шекарада тағы үш рет қақтығысып, соңғы қақтығысқа Пәкістан әуе күштері қатысты. «Талибан» Пәкістанға қарсы әрекет жасап жатқан ТТП тобын ауыздықтауға тырыспады. Кабул олармен бітімгершілік келіссөздер жүргізуді ұсынып, медиацияны ұсынды. Исламабад мұндай шешімге қанағаттанбады және Пәкістанның жоғары әскери басшылығы Талибан мен ТТП-ны «ақылға салу» үшін соғыс ұшақтарын пайдаланды.

Осы әуе операциясының нәтижесінде жиырмаға жуық бейбіт тұрғын қаза тапты, бұл Талибан мен Ауғанстандағы Пәкістанға қарсы көңіл-күйдің артуына және Талибанның ТТП-ны пайдалануын жалғастыруына әкелді.

«Техрик-и-Талибан Пәкістан» қозғалысының мүшелері. Фото: Google Images

Қазіргі таңда тәліптердің оңтүстік және шығыс көршілерімен қарым-қатынасы шиеленісе түсті. Болашақта қарым-қатынастардың одан әрі шиеленісуі Пәкістанның Ауғанстанмен шекарасын жауып, санкцияларға қосылуына әкелуі мүмкін. Бұл экономикалық және гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған Ауғанстандағы жағдайды қиындатады.

2022 жылдың қаңтарында Жүзжан аймағында тәліптер Түркіменстан шекарашыларымен қақтығысқан. Шілде айында Өзбекстанның Термиз қаласына Ауғанстан тарапынан снарядтар келіп түсті.Талибан мұны ДАИШ жасағанын жариялап, кінәлілерді жазалауға уәде берді. Тамыз айында тәліптердің қолбасшысы салмақты мәлімдеме жасап, Ресей оның артында тұрмаса, екі аптадан кейін Тәжікстанға басып кіретінін айтқан.

Сондай-ақ «Талибан» билікті басып алу кезінде Өзбекстан мен Тәжікстанға берілген бұрынғы үкіметке тиесілі ұшақтар мен тікұшақтарды қайтару мәселесін үнемі қайталап келеді.