Bugin
Айлық. Тауар құны. Осы екеуі үшін үй мен жұмыстың арасында өткен уақыт. Дегенмен айлығы шайлығына жетпейтін қаанша адам бар? Қазақстанда ұлттық статистика бюросы кедейлік деңгейінің артқанын айтты. Доллар да бірде өсіп, бірде түсіп адамдардың жүйке талшығымен ойнап жатыр. Саудагерлер де бұл Соңғы кездегі экономикалық жағдайларға байланысты bugin.kz сарапшы Айбар Олжаймен сұхбаттасуды жөн көрді.
Сурет Айбар Олжайдың жеке мұрағатынан алынды
Bugin.kz: Тоқаев жолдауында: «Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сондай-ақ, тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді»,-деді. Яғни, бағаны белгілеуге мемлекет араласпайды. Бұл шешім кәсіпкерлерді қолдағанмен халықтың қалтасына салмақ салмай ма?
Айбар Олжай: Бағаны әкімшілік жолмен реттеу – жалпы өзін-өзі ешқашан ақтамаған, мемлекетті тұйыққа тірейтін шаруа. Бұні біздің мемлекетіміз ерте түсінгені жақсы болды. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу – кәсіпкерлердің бүкіл мотивациясын жояды. Қандай да бір өндіріс, дистрибуция, тауарды импорттау барысында кәсіпкердің бизнес жоспарында тауар бағасы маңызды рөл атқарады. Себебі ол кәсібі қанша уақытта өзін-өзі ақтайтынын есептеп қарайды. Осы кезде мемлекет араласып, бағаны реттеуге тырысады. Сол арқылы кәсіпкердің жоспары бұзылып, кәсібіне инвестор тарта алмайды. Инвесторлар барлық тәуекелді ескереді. Мемлекет бағаны тұрақтандыратын елге барғысы келмейді. Вакуум көбейе береді. Елге инвестор тартылмаған соң, экономика құлдырай бастайды. Көлеңкелі экономика пайда болады. Мемлекет барлық жағынан бақылай алмайды. Дүкендер бақыланғанмен, алып сатарлар назардан тыс қалады. Сондықтан көлеңкелі «рынок» пайда болады. Саудагерлер қоймаларда, «сөренің астына жасырып» сата бастайды. Мемлекет бәрінен айрылады. Ол жерде баға бәрібір реттелмейді. Әрі инвестиция да жоқ.
Мемлекет ешқашан «бағаны реттеймін» деген мұратына жете алмайды.Біздің мемлекет осы факторды түсінді. Мемлекеттің бағаны реттеуі – халыққа бағаны қолжетімді еткені шамалы. Ол осыған дейінгі бағадан-ақ белгілі. Қазір де одан ешнәрсе өзгермейді. Енді кәсіпкерлер ашық жұмыс істейді. Ашық жұмыс, импортерлердің саны көбейеді. Бәсекелестік пайда болады. Әр халықтың өзінің тұтыну себеті бар. Төлем қабілеттілігіне қарай халық категорияға бөлінеді. А, Б,С категориялары бар. Сонда әр категорияның өзінің тауарлары болады. Яғни адамдар қалтасына қарай сауда жасай алады. Біз үшін бұл – дұрыс жол. Экономиканы әкімшіл-әміршіл жүйемен түзетем деген ойдан аулақ болуымыз керек. Бағаны қолмен күштеп ұстау – дұрыс емес таңдау. Ол жолдан кету – батыл шешім.