Bugin
«Адели синдромы» туралы естуіңіз бар ма? Бұл құбылыс атақты француз жазушысының кіші қызының құрметіне аталған. Оның бір жігітке деген сүйіспеншілігі психологиялық ауруға айналып, қыздың өмірін бұзды. Ендеше, сіздерге Адель Гюгоның қайғылы оқиғасы туралы баяндап, оның құрметіне аталған синдромның мәнін түсіндіретін боламыз.
Сұлулық, музыкалық талант, байлық және мәртебе. Адель Гюго шын мәнінде бақытты болу үшін бәрін жасады. Алайда, оның ағылшын офицері Альберт Пинсонға деген жауапсыз махаббаты оның өмірін түбегейлі өзгертті.
Виктор Гюго мен Адели Фушенің кіші қызы Адель Гюго 1830 жылы 24 тамызда Парижде дүниеге келді. Ол махаббат пен сүйіспеншілікке толы отбасында өсті. Бауырларымен жылы қарым — қатынаста болып, бала кезінен музыкаға қызығушылық танытты.
Алайда, Адельдің өміріндегі бейқам уақыт 1843 жылы аяқталды. Сол жылы оның 19 жастағы әпкесі Леопольдина жұбайымен бірге яхтаға круиз жасады. Жүзу кезінде дауыл соғып, олардың қайықтары аударылды. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, яхтаның бортына Леопольдинаның көйлегі ілініп, одан босап шыға алмаған, ал екінші нұсқа бойынша ол дұрыс бағытта жүзбей, батып бара жатқан кеменің астында қалған. Қайғылы оқиғаның куәгері болғандар, оның күйеуі Чарльз әйелін құтқару үшін бірнеше әрекет жасап көрген, бірақ оның суға батып қайтыс болғанын көрген кезде, ол әйелімен бірге батып кеткен.
Бұл қайғылы оқиға бүкіл Гюго отбасы үшін ауыр сынақ болды. Әкесі Виктор қызының өлімінен ауыр соққы алып, ұзақ уақыт депрессияға түсіп, жеті жыл ішінде ешқандай шығарма жазбай қойған. Ал қыздың анасы марқұм қызының рухымен сөйлесуге үміттеніп, рухани сессиялар өткізе бастаған.
Әпкесіне өте жақын болған Адель де анасының рухани сессияларды өткізу туралы идеясына қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, бұл уақытта отбасы үшін тағы бір сынақ болды. 1851 жылы Виктор Гюго Наполеон III-ні сынға алғаны үшін Франциядан қуылды. Ол отбасымен бірге алдымен Брюссельге көшіп, кейінірек Гернси аралына, Ла-Манш бұғазына қоныстанды. Парижден алыс жерде Адель өзін нашар сезіне бастады. Оның жағдайы нашарлай берді. Қыздың психикалық жағдайы отбасының алаңдаушылығын тудырды.
1861 жылы Адель Гюго батыл және әдемі ағылшын офицері Альберт Пинсонмен кездесті. Бір нұсқа бойынша, Жас жігіт алдымен француз жазушысының қызына қызығушылық танытып, тіпті оған ұсыныс айтқан. Алайда, қыз бұл ұсыныстан бас тартады. Кейіннен ол бұл шешіміне қатты өкінеді. Басқа нұсқа бойынша, Пинсон бастапқыда Адельдің сезімімен бөліспеді және оның назары офицерге қатты тиді.
Адель Альберт Пинсонға ғашық болып, оның соңынан ере бастады. Офицер Канадаға қызметке жіберілгенде, ол ата-анасына ештеңе айтпастан сүйіктісінің соңынан кетеді. Жаңа жерге барған соң қыз басқа адамдарға Альберт екеуі бір-бірін жақсы көретінін айта бастады. Тіпті жігіттің ата-анасы бұл некеге қарсы болғандықтан екеуі әзір үйлене алмайтынын да айтып жүрді.
Адамдар бақытсыз Аделиге жанашырлық танытты. Бұлл оның иллюзиясын нығайтуға ықпал етті. Біраз уақыттан кейін қыз ағасы Франсуа-Викторға ол офицер Пинсонның әйелі болғанын және өзінде бәрі жақсы екенін жазды. Рас, бірнеше айдан кейін Виктор Гюгоның қызы туыстарына үйлену тойы әлі болмағанын айтты. Бірақ бұл тек формальдылық деп сендірді және көп ұзамай ол Мадам Пинсон болатынын жеткізді.
Адель Альбертті өзіне ұсыныс жасауға көндіру үшін гипнозистке жүгінді. Бірақ оның жас жігіттің назарын өзіне аудару әрекеттері нәтижесіз болды. Сонымен қатар, сол кезде Пинсон жергілікті судьяның қызын ұнатып, тіпті оған үйленуге ұсыныс жасады. Бірақ Адель адвокат арқылы олардың келісімінің бұзылуына қол жеткізді.
Кейін Пинсон Батыс Үндістанға жіберілді, ал Адели тағы да сүйіктісінің соңынан еріп кете берді. Онда оның өмірі ақыры қорқынышқа айналды. Қыздың психикалық жағдайы нашарлай берді. Ол өзіне назар аударуды қойып, тамақтанудан қалды. Куәгерлер сұлу әрі нәзік жанды Аделдің түннің бір уағында далаға шығып, көшелерді кезіп дәптеріне үнемі бір нәрсе жазып жүретін жындыға айналғанын айтты.
1872 жылы Адель отанына оралды. Францияда оны тек әкесі қарсы алды. Себебі, ол кезде қыздың қалған туыстары қайтыс болған еді. Өкінішке орай, Адела еліне оралған соң өмірінің қалған жылдарын Францияның психиатриялық клиникаларының бірінде өткізді.
Аурухананың медициналық қызметкерлері Адель өмірінің соңына дейін сүйіктісін еске алып, оның артынан оралатынына сенетінін атап өтті. Ол өзінің күнделіктерін жоғалтпады. Оның жанында өткен жылдарды есіне сақтап, оларды үнемі қайталап оқып жүрді.
1915 жылы Адель Гюго қайтыс болды. Оның өміріндегі қайғылы оқиға француз режиссері Франсуа Траффоға Виктор Гюгоның қызының жауапсыз махаббаты мен азаптарына арналған фильм түсіруге шабыт берді. «Адели Гюго тарихы» атты фильм 1975 жылы жарыққа шықты. Аделидің рөлін әйгілі француз актрисасы Изабель Аджани сомдады.
Алайда, қыздың ессіз махаббаты туралы әңгіме тек өнерде ғана емес, психиатрияда да із қалдырды. Махаббатқа деген құштарлық құбылысы «Адели синдромы» деп аталды.
Махаббатқа тәуелділіктің пайда болу себептері әлі толық зерттелген жоқ. Бірақ дәрігерлердің көпшілігі Адели синдромы балалық шақта ата-ананың балаға көңіл бөлмеуімен байланыстырады. Сонымен қатар, адамның өзін-өзі төмен бағалауы мен психикалық бұзылуларға бейімділіктің салдарынан дамуы мүмкін екенін айтады.
Бір қызығы, Адели Гюго аурудың барлық алғышарттарына ие болды. Тіпті Аделидің ағасы Эжен психикалық бұзылудан зардап шеккен. Оны дәрігерле «жүре пайда болған нақұрыстық» деп атады. Ал тарихшылардың пікірінше, қыздың анасы балалармен өте суық қарым-қатынаста болған.
Психиатрлар аурудың дамуының үш кезеңін ажыратады. Олардың соңғысын емдеу мүмкін емес. Себебі, эротоманияның бұл түрі адамның ақыл-ойын толығымен өзіне сіңіріп алады.