Bugin

Көк өгіз: Жерді көк өгіздің көтеріп тұрғаны рас па?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ фольклорындағы мифтік бейнелердің біpi көк өгіз бейнесі. Бұл бейнені зерделеу барысында фольклорлық мәтіндерде аз кездесетіндігін байқадық. Негiзiнен көк өгiз - жаратылыс туралы түсінікке негiзделген діни наным-сенiмнен туындаған мифтік бейне. Ол жердің жаратылуы туралы аңызда ұшырасады.  

Аңызда: «Көк өгіз жасаған жер мен көкті ең алғаш жаратқанда, әуелі айнадай дөңгелек, жердi тебiнгiдей төртбұрыш, жалпақ етіп жаратқан екен. Кейін бұлар бірте-бірте өсіп, үлкейе беріпті. Сонан соң Жасаған жерді көк өгізге көтертіпті. Бірақ жалпақ жер көк өгіздің арқасына токтамай, ауытқып, аударылып, төңкерiлiп, қалтылдап, толқи беріпті. Мұның салмағын теңгеру үшін төңіректің төрт бұрышына талдарды әкеліп, орнатып, тау мен жазықты реттеп, бәймөңкелеп бекітіпті. Сонымен жалпақ жер көк өгіздің арқасында аумай-талмай тұратын болған екен».  

Бұл миф бойынша жер жүзiнде iзгiлiк, жақсылық молайса, көк өгiздiң жүгі жеңілдейді. Бұған көк өгіз де сүйсінеді. Жер үстінде қылмыс, қылапат қабындап, жауыздық, жаманат өршісе, оның жүгі ауырлайды. Бұлардан жиренген көк өгіз, жер үстiндегi лас-жылыс, жаманатты аластау үшiн сiлкiнедi. Осыдан жер сiлкiнуi туылады. Жердің сілкінуі, жерге аунаған малдың үстіне жабысқан шаң-тозаң, шөп-шолаңды түсiрiп тастау үшiн сiлкiнетiн әдетiне тақылет етілген. 

Жасаған Тәңірдің жердi арқалаған көк өгізі, бейне кәдімгі көш көлігі болып жүрген өгіздер сияқты кәртейе береді. Замандардың заманында көк өгіз әбден кәртейіп, күш-қуатынан айырылып, ажалға тап болады. Көтеріп тұрған көлiгiнен айырылған жер - жаһан зауалға ұшырайды: тау қаңбақтай, тас бұршақтай ұшып, жер көкке шығып, көк жерге түсіп, қиямет зілзала туылып, заманақыр болады. Бұ дүние құрып, бітіп, о дүние басталады», - делінеді.  

Көк өгіз туралы сюжет осы сарынға құрылған. Мұндай наным әлем халықтарында кең тараған. Тек бұл сарындағы мифтердің бірінде жерді көк өгіз көтеріп тұрса, енді бірінде кит, алып балық, тасбақа т.б. аңдар көтеріп тұрады.  

Қазақтың тұңғыш этнограф-ғалымы әрі саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың «көк түс ел дүниетанымында ерекше әспеттелетін, аса қасиетті» саналған. Дәстүрлі тәңіршілдік дініндегі күллі әлемді жаратушы әрі бірден-бір әмірші «көк Тәңірі» деп атауы шынайы сенiмнiң белгісі. Өйткені «көк барлық игіліктің бастауы, ғаламды билеуші Жаратқанның төрі, тұрағы» деп түсіндіреді.  

Күн күркіреп, найзағай ойнаса, «Көк Тәңірінің қаһары» деп есептейтін наным бүгінге дейін бар. Көктемдегі күннің алғаш күркіреуін қазақ «көк айғырдың кiсiнеуi» деп танып, «Көк Тәңірі көк айғырына мініп, жын-шайтандарды қуып жүріп атады» деген нанымға иланады. 

Аспан әлемін «көк» деген атаумен атап, оған құдіреттің өзі ретінде қараған ата-бабаларымыз қиналғанда көкке жалбарынса, қуанғанда көкке қарап алғыс айтуды ұмытпаған. Күні бүгiнге дейiн ренжiген сәтінде «көк соққыр» деп қарғау осынау тұңғиық әлемнің күшіне деген сенімді білдіреді.  

М.Қадыров, Б.Нұрмұқамбетов тәрiздi зерттеушілер «Ертедегі Орталық Қазақстан тайпаларының мәдениеті мен өнері» атты зерттеулерінде қазақ халқындағы тотемдік хайуанаттар туралы айта келіп, қошқар, теке тотемдерімен бірге көк өгіз тотемінің де болғандығын айта кетеді.  

Фольклортанушы ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Мифологиялық ұғымдар қазақ ертегілерінде баршылық. Бұған «Еділ-Жайық», «Құла мерген», «Ер Төстік» сияқты қиял-ғажайып ертегілері айғақ. Онда адам етін жейтін жалмауыз кемпірлер, дәулер образы көп айтылады. Бұл ертегі сақ заманынан қалған ұғымдар. Ертедегі сақ, массагет, үйсін тайпаларында ит, бөрі, өгіз, жылқы, айдаһар тотемдері пайда болады» деп бұл тотемнің шығу заманына талдау жасайды.  

Көрнекті фольклортанушы ғалым С.Қасқабасов «Қазақ мифі және әлемдік мифология» атты зерттеу еңбегінде: «Мифтің бүгінгі күні жеткен сұлбасынан діни сенімнің, таным-тәжірибенің, өнердің, философиялық, тіптен саяси көзқарастардың да алғашқы нышандарын дамытуға болады. Мифтік сана дәуірінде миф біртұтас бөлшектенбеген, синкреттi қалпында, әмбебап сананың үлгiсi ретiнде көрiнiс тапқан деудiң қисыны бар. Былайша айтканда, миф дегенiмiз дүние-тiршiлiкке қатысты қалыптасқан қоғамдық сананың бiрден бір әмбебап көрінісі. Осы тұста байырғы адамдардың қоғамдык санасы ретiнде көрiнiс тапқан миф пен сол мифтiң ғасырлар сiлемiн көктей өтiп келiп, бүгінгі адамдардың аузымен айтылуының арасында айырмашылық болатыны назар аударады. Бұл айырмашылық мифтiң халық жадында құбылуынан немесе шыңдалуынан туған айырмашылық емес. Мұны дүние тiршiлiкке қатысты адам санасының өзгеруiнен туған айырмашылық десе болар. Себебі байырғы адамдар үшін миф сананың, таным-түсініктің, өмір салттың үлгісі болса, бүгінгі адамдар үшін миф - өткен өмiрдiң жаңғырығы», - деген болатын.  

Қазақ фольклорындағы Көк өгіз бейнесі ғаламның жаратылуы туралы түсініктермен байланысты болып келеді. Кейіннен мұндай рух-иелік сенімге негізделген ұғымдар жойылып, жұрттың санасында сәулесі ғана қалады. Мұндай тотемдік сананың жарқыншағы қазақ фольклорының жұмбақ айтысы тәрізді жанрларынан да қылаң береді. Мәселен, «Есентай мен қыз Болық» айтысында «Қара жерді көтерген немене» деген сауалға «мүйізімен жердi тiреп тұрған алып бір көк өгіз» деп жауап беріледі. Мифті арнайы қарастырған ғалымдар әлемнің жаралуы туралы мифтерде кездесетiн типологиялық сарындардың бірі ретінде осы көк өгізді айтады. 

«Жерді Көк өгіз тіреп тұр» деген ұғым ислам мифологиясында да бар. Еділ бойы, Кавказ бен Қырымды мекендеген түркi тектес халықтарға да таралған. Х.Әбішев «Аспан сыры» деген еңбегiнде қазақта жер көк өгіздің арқасында орналасқан деген ұғыммен қоса, «жер жұмыртқадай, ол көк өгіздің мүйізіне қойылған, бір мүйізі талғанда көк өгіз екінші мүйізіне ауыстыра салады, сол кезде жер сілкіну болады деп» көрсетеді. Көк өгіз туралы сюжетте (козғалса, мүйізі сынса, мүйізі талса) үнемі ақырзаман болатындығы жайлы айтылады.  

Қорыта айтқанда, көк өгіз – Тәңірлік дүниетаным бойынша табиғат құпияларын тәңір тұту, көк аспанды, аспан түстес жан-жануарларды культке айналдыру жағдайында дүниеге келген, жаратылыстың бастауы туралы сыр шертетін мифтік кейіпкер. 

«Қазақтың мифтік кейіпкерлері» кітабынан алды