Bugin
Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап "Отбасының цифрлық картасы" атты ақпараттық жүйе іске қосылады. Әзірше тек қанатқақты жоба күйінде жұмыс істеп тұр. Алайда ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл ақпараттық жоба 2025 жылға дейін жетілдіріліп, денсаулық пен әлеуметтік саланы біріктіріп, ірі инфожүйеге айналмақ.
Ақпараттық жүйенің әзірге іске қосылған қызметі – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындау. Атап айтқанда, бала туу бойынша жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, асыраушысынан айырылу, тағы басқа әлеуметтік төлем түрлері. Жүйенің ерекшелігі де сол – әлеуметтік төлем алушы азаматтарды өзі анықтап, өзі тағайындайтынында. Азаматтарға өтініш жіберіп қажет емес, ақпараттық портал проактивті режімде жұмыс істейді.
Цифрлық картаның алғашқы кезеңінің жоспары бойынша әлеуметтік төлемдерді беру көзделген. Қазір әлеуметтік төлемдердің 9 түрін беруге қауқарлы, бұл қызметті қашықтықтан көрсетеді.
Жоспар бойынша, 2023 жылдан бастап цифрлық картада әлеуметтік қорғау саласының қызметтері қосылады. Ал үшінші кезеңде – 2024 жылы денсаулық сақтау мен білім беру саласының қызметтері енгізілмек. Нақтырақ айтсақ, осы салалардағы мемлекеттік кепілдік түрлері енгізіледі. Ал 2025 жылы мемлекеттік органдардың барлығы осы жүйеге қосылып, мемлекеттік кепілдік түрлері түгелдей цифрландырылады.
Отбасының цифрлық картасы мынадай алгоритммен жұмыс істейді: Егер азаматқа әлеуметтік төлемақы не жәрдемақы, басқа да мемлекеттік кепілдік түрлері тағайындалса, Еңбек министрлігі тарапынан ол азаматтың ұялы телефонына SMS-хабарлама келеді. Онда қандай мемлекеттік қолдаудың көрсетілетіні жазылады. Азамат келген SMS-ке жауап беріп, төлемді алуға келісіп-келіспейтініңізді айтасыз. Азамат келіскен жағдайда, жәрдемақы тағайындалады. Жәрдемақы алушының шотына аударылады.
Отбасының цифрлық картасында қазіргі таңда 19 млн 400 мың адамның дерегі енгізілген. Әр жанұяның (шамамен, 6,5 млн жанұяның дерегі бар) әл-ауқаты, әлеуметті жағдайы мен тұрғын үй мәселесі, денсаулығы мен білімі жайлы деректер шоғырланған. Ақпараттық жүйе бұл деректерді талдап, мұқтаж отбасыларды өзі анықтайды. Жанұялар бес санат бойынша бөлінеді. Мемлекеттік қолдау шаралары соған байланысты анықталады.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда отбасының цифрлық картасын жылдамдатып іске қосу жөнінде Еңбек министрлігіне тапсырма берген еді.