Bugin
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Бұл туралы bugin.kz порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке жұмыс сапарының бағдарламасы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөздермен аяқталды», - делінген хабарламада.
Сындарлы және достық жағдайда өткен кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен нығайту перспективаларын талқылады.
Қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешудің ұжымдық тәсілдерін дамытуға бағытталған күш-жігерге ерекше назар аударылды.
Президент Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі басшылығын жоғары бағалап, оның 2024 жылы Болашақ саммитін шақыру туралы бастамасын толық қолдайтынын білдірді. Тоқаев бұл маңызды оқиғаның қорытындысы Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
«Тараптар сондай-ақ Мемлекет басшысының Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ хабын құру туралы бастамасын жүзеге асыру барысын қарастырды. БҰҰ Бас хатшысы бұл маңызды бастаманы қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан Президентінің басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Соңында мемлекет басшысы Антониу Гутерришті Қазақстанға сапармен келуге шақырды», - делінген Ақорданың хабарламасында.