Bugin

Әлихан Бөкейхановты жандармерия неліктен «Асман» деп атады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлекеңнің қоғамдық-саяси мәселелерге белсенді араласуы және оның мұсылман қауымдастығының алдында жоғары беделге ие болуынан патша жандармериясы қауіптенді.

Олар бұл мәселеге бей-жай қарамады. Сондықтан да Әлихан Бөкейхан туралы деректерді жинастырып, оның іс әрекетін бақылауда ұстауға тырысты. Әрі дәл осы кезде Орал облысының губернаторынан Орынбор губернаторының атына телеграмма жіберіледі. Жеделхатта 7 шілдеде №7 Қызылжар станциясында қырғыз (қазақ – ред.) болыстарының жиналысы өткені және онда әскерге барудан бас тарту, билік өкілдеріне тізім бермеу туралы шешім қабылданғаны жазылған. Бұл жиынға молда Қажығали Аулимбердиев басшылық жасап, Орынбордағы «Қазақ» газетінің тілшісі Әлихан Бөкейханның хатын оқиды. Хатта Әлихан қырғыздарға (қазақтар – ред.) әскерге бармауды ұсынған. Сондайақ, әскерге барудан бас тартқан жағдайда ешқандай жаза қолданылмайтыны және әскерге қабылданғандардың тізімі жойылатынын жазған.

Самара облыстық архив құжаттары, e-history.kz

Орал облысының губернаторы телеграмманы Әлихан Бөкейханға қарсы дәйектерді жинақтап, оған үкім шығару мақсатында жіберді. Бұл кезде Әлихан Бөкейханның тұрғылықты мекенжайы Самара қаласында еді.

Осыдан соң Самара губерниялық жандарм басқармасы Әлихан Бөкейханның соңына адам салып, оны 24 сағат бойы бақылауға алған. Әлекеңнің қайда барғаны, кіммен кездескені тәптіштеліп, жазылып отырған екен. Жандармдар Әлиханға «Асман» деген лақап ат қояды. Арнайы журналда оның 46 жаста екендігі, Дон көшесіндегі №30 үйде тұратыны жазылған. Сондай-ақ, сыртқы бейнесі де сипатталыпты.

Приметы «Асмана»: лет 45, среднего роста, брюнет, тело сложения плотного, лицо полно круглое, бороду бреет, не большие усики, одевается: на голову поповская бобровая шапка, зимнее коричневое пальто с норковым воротником и черный брюки на выпуск, Филеры: Курынцев, Винокуров, и Дубровин

Жандармдар Әлекеңе неге «Асман» деген ат қойды? Мұның да өзіндік астары бар екен. Яғни олар османдықтарға, түріктерге «ерекше көзқараста» болып, ата жаулары санады. Сондықтан да тегі түрік, ұлты қазақ Әлекеңді өзара «Осман» деп атайды. Ал, Дон халқының тілдік ерекшелігі бойынша олар «О» дыбысын «А» деп атайды. Осылайша әу бастаған «Осман» деген сөз «Асманға» айналған.

Самара облыстық мемлекеттік архивіндегі құжаттарда тыңшылар жазған қаншама құжаттар бар. Олардың барлығын бір мақала аясында талдап шығу мүмкін емес, әрине. Сондықтан да, тек, А.Керенскиймен байланысына қатысты кейбір жазбалардың үзіндісін беруді жөн көрдік.