Bugin
Шыңғысхан дүние бұрын-соңды естіп-білмеген алпауыт басқыншы болды, танымалдығы жағынан, сірә Иисус Христостан ғана кейін тұрған шығар. Халық арасында ол жабайылық пен тағылық бейнесінде түсініліп «Шыңғысхан кейіптес», деген сөз тіркесі қатал саясаткерлерге ең ащы кінәрат ретінде тағылуы кездейсоқ емес
Шыңғысхан шынында да таңқаларлық тұлға. Ол өзiнiң балаларымен тiзе қоса, Адриатикадан бастап Тынық мұхитқа дейiнгi жерлерді басып алып, қазіргі Аустрия, Финляндия, Хорватия, Польша, Вьетнам, Бирма, Жапония және Индонезия сиякты елдерге дейін барды. Моңғол империясы ауқымы жағынан Африкамен парапар болатын 12 миллион шаршы миль аумакты алып жатты. 1240 жылға қарай моңғол басқыншылығы сол кезде ашылған әлемнің басым бөлігін (Солтүстік және Оңтүстік Америка, сондай-ақ Австралазия әлі «әлемдік аралдар ретiнде белгiсiз болатын) қол астына қаратты. Моңғол империясы аса жоғары деңгейде өсіп-өркендеген кезеңде жер шарында өмір сүріп жатқан 7 миллиард адамның 3 миллиарды оның құрамындағы сол кездегi елдерде тұрып жатты.
Шыңғысхан (1162-1227) мен оның балалары бiр мезгiлде екi шеп бойынша кең ауқымды соғыстар жүргiзiп, қыс кезінің өзiнде орыс жерлерiн басып алды, мұндай жетістікке Наполеон мен Гитлер қол жеткізе алмаған болатын. Екi миллион сауатсыз көшпенділер мұны қалай жасайды? Мұның себебі теңдессіз түрде екпіндеп дамыған әскери технологияларға, соның iшiнде ат үстiнде садақ тарту шеберлiгiне байланысты едi. Моңғол садақшыларының жылдамдылығы мен ептiлiгi, олардың ұзак қашыктыққа дәл ату және салт аттылардың атқа отыру шеберлігі Шыңғысханның «мойынсұн немесе жантапсыр» деген қаһарлы ұранымен астасып, моңғолдарды жеңiмпаз етті. Мұндай жойқын күш пен жетекшiнiң асқан алғырлығы күллі әлемнен алым-салық алуға жол ашты. Әскери тарихшы Бэзил Лиддел Гарттың айтуынша, Шыңғысхан екi бағыт бойынша әскери жаңалык ашты: атты әскерге жаяу әскердің қолдауы керек емес екенiн бiлдi және бастырмалап зеңбірекпен атқылаудың маңызын түсінді.
Көптеген тарихшы мұндай танқаларлық жетістік ХХ ғасырға дейiн әлем естімеген аяусыз қантөгіс арқасында келді деп санайды. Мұндай қорытындыны. әсіресе қазiргi әртүрлi пайымдар үдерiсi аясында ақылға салып, парасатпен бағалау ұстамды зерттеушiнiң мiндетi болып табылады. Мәселен, қайсыбір ғылыми мектеп моңғолдарды тарихтағы ең үлкен әскери зұлымдықты жасады деп кінә тақса; екiншiсi олар жер шарында бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктiң жаршысы болды деп санайды, ал олардын бейбастақтығы жанама нәтиже ғана.
Әскери тарихшы сэр Джон Киган Шыңғысханды XV ғасырдың аяғында маврларға қатысты испан басқыншылығындағы қатыгездік және ацтектер мен инктарды қансырата жазалағаны үшін жауапты деп санайды. Бұл нұсқа бойынша нақ осы моңғолдар исламға сұрапыл қатыгездік әкеліп, ол крескерлерге жетіп, кейіннен Испанияға, содан соң Жаңа құрлыққа енді: «инктар мен ацтектердің жантүршігерлік тағдыры ақыр соңында Шынгыс ханның өзіне айналып келді». Гарвард тарихшысы Дональд Островски крескерлердің исламға дәл осы «сұрапыл қатыгездік» енгiзгенiн орынды атап өтеді.
Антрополог Джек Уэзерфорд Шыңғысхан дерекнамасында (2004) «Құбыжық Шыңғысхан» туралы теорияға қарама-қарсы пайым ретінде моңғолдар келтірген шығындарды жеңілдетіп, олардың әйелдерге қатысты ескішілдіктен еркін екенін, олар азаптауларды (көп жағдайларда) қолданбағанын, олардың мәдени және көркемөнер мұрасын, тіптен жаңғыру кезеңіндегі рөлін (расталмаған) атап көрсетеді.
Бұл қарама-қайшы пікірлер XIII ғасырдың өзiнде пайда болып, моңғолдар туралы ғасырлар бойы жалғасқан қат-қабат алуан көзқарастардың арқауына айналды. Мәселен, ағылшындық дерек Темеші Париж Матвейінің айтуынша, моңғолдар ұйқыдан оянған Гога ме Магога сияқты. Ал францискандық ұлы ойшыл Роджер Бэкон үшiн моңғолдар ғылым мен философияның надандықты жеңiп, салтанат құрғанын білдіреді.
Нұсқалардың бірі бойынша Шыңғысхан озбыр жауыз және кісі өлтіруші болғандықтан, сұрақ туындауы заңды: оның жаугершілігі кезінде қанша адам құрбан болды? Дәл жауап жоқ, жеткілікті түрде пысықталған болса да болжамдар бар - көне және ортағасырлық шежірешілер, әдетте қаза тапқан адамдар санын ондаған есеге көбейтіп көрсетті, сондықтан олардың мәліметтерін төмендете отырып, түзетуге тура келеді. Соғыс шығындарын бағалау бұл зертеушiлер үшiн, әңгіме тіптен таяуда болған оқиғалар туралы болса да (ғалымдар Екiншi дүниежүзiлiк соғыс уақытында қаза тапқандар саны бойынша әлі күнге дейiн бiр пiкiрге келе алмай жүр) өзіндік «жарылыс алаңы» сияқты.
Шыңғысхан үшін алаңғасар аңғалдық немесе психикалық ауытқышылық жат болды: ол не жасаса да бір мақсатты көздейтін еді. Ол өзі уақытындағы кісі өлтірушілермен салыстырғанда өз әрекетінің мәнімен емес, ауқымымен ерекшеленді
Жергiлiктi колбасшы Темүжін Шыңғысхан атанып, Монголияның императоры болған 1206 жыл мен моңғолдар Шыңғысханның баласы, Ұлы хан мәртебесінің мұрагері Үгедей өлгеннен кейiн Еуропаны тастап шыққан 1242 жылдар арасындағы кезеңде үш ұлы моңғол жорығы тарихқа енді. 1237-1242 жылдардағы Еуропаны жаулау кезiнде шамамен миллион адамның өмiрi қиылса, ал 1219-1222 жылдардағы қазіргі Иран мен Ауғанстан аумақтарын бағындыру 2,5 миллион адамнын өмiрiн таразыға салды.
1211-1234 жылдары Солтүстiк Қытайдыі Цзинь мемлекетін басып алуға бағытталған ұлы науқан тарихи түсінік берудің проблемасына айналды. Солтүстік Қытайдың сол мезгілдегі халкының саны туралы мәліметтер тым аз, сірә шамамен 60-90 миллион адам болуы мүмкiн. Қытайдың Ортағасырлық және ерте Жаңа заман тұсындағы демографиясы - ғылыми тұрғыдан дәл емес. Қайсыбір көрнекi қытайтанушының тұжырымы бойынша, талдау кезiнде қолданылатын тәсілге қарай 1600 жылы Қытай халқы 66, 150 немесе 230 миллион адамды құрауы мүмкін. Тек Қытайдағы ұзаққа созылған соғыс қашанда шамадан тыс шығындарға әкелгені анық.
Шыңғысханның Цзинь мемлекетімен соғысына ұқсас екі оқиға, яғни 755-763 жылдары Ань Лушанның Тан әулетіне қарсы көтерiлісі 26 миллион адамның өмірін жалмаса, 1850-1864 жылдардағы тайпиндер көтерілісі 30 миллион адам шығынына әкелді. 1937 1945 жылдардағы қытай-жапон соғысында 27 миллион адам қаза тапқан. Осы статистиканы пайдаланған ғалымдар 1211-1234 жылдар кезеңiндегi қайтыс болған адамдардың ықтимал саны 30 миллионды құрады деп мәлімдейді. Егер, таңғұттарға, бұлғарларға, армяндар мен грузиндерге қарсы «шағын соғыстардағы» шығындарды есепке алсақ, моңғолдарға телінген өлімнің жалпы саны шамамен 35-37 миллион болады.
Неліктен қайтыс болғандар саны тым көп, моңғолдар неге соншалықты қаныпезер? Тарихшылар әртүрлі себептерді қарастырады: моңғолдар дүниені далалық көзқараспен тар ауқымда қабылдағандыктан, жер жаһанға ажал мен қаталдық әкелді; діни көзқарас бойынша моңғолдардың әлемді жаулап алуына қарсылық жасау күпірлік еді; олар дуалдармен қоршалған қалалардан қорықты және жек көрді, сондықтан да жолындағысын долдана қиратты; бұл моңғолдар ілгерілеген кезде бағынышты халықты қорқытып ұстаудың ең тиiмдi тәсiлi болатын.
Mоңғолдардың «мойынсұн немесе жантапсыр» деген қорқынышты саясатын олардың саны жағынан 2 миллионнан астам шағын халқы болғанымен түсiндiру қажет, сондықтан өздерінің әскери шығындарын азайту идеясын ұстанды. Олар үшiн жаудың берiлгенi және өз жағынан бiр де бiр сарбаздың өлмегенi дұрыс шешiм болды. Қарсылықсыз берiлген барлық қалаларға моңғолдар нелiктен зорлық-зомбылық жасамағанын осымен түсiндiруге болады. Шыңғысхан үшін алаңғасар аңғалдық немесе психикалық ауытқушылық жат еді: ол не жасаса да белгiлi бiр мақсатты көздейтін. Ол туралы пiкiр айтқанда ХХI ғасырдың өлшемімен емес, сол дәуірге тән әрекет ету үлгісі тұрғысынан қарастыру маңызды. Ол өзі уақытындағы кісі өлтірушілермен салыстырғанда өз әрекетінің мәнімен емес, ауқымымен ерекшеленді. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады: 1128 жылы Цзао-Цзядағы Цзинь мемлекетiнiң оңтүстiк қытайлықтарды жоюы, 1209 жылы Безье мен Каркассонда альбигойлiктерге қарсы крест жорығы, 1303 жылғы Ала ад-Дин-Хильджи әскерiнiң Читорада 30 мың үнділерді өлтіруі.
Ортағасырлық танымал орыс тарихшысы Чарльз Дж. Гальпериннің пікірінше: «Шыңғысхан өзiне дейiнгi және кейiнгi империялардың негiзiн қалаушылармен салыстырғанда қаталдығы жағынан олардан асып та кеткен жоқ, кем де болған жоқ. Моральдық пайымдардың оның әрекеттерiн түсiндiруге көмегi шамалы». Әділін айту керек, әскери кезеңдердегі ұлы көшбасшылар, мейлі Линкольн АҚШ-тағы Азамат соғысы кезiнде болсын, мейлі Черчилль мен Рузвельт екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде болсын жүздеген мың адамдардың өмірін қиды, оның себебін, әрине ізгі ниетпен астастыру қиын. Болжам бойынша Юлий Цезарь Галлияны 10 жыл бойы жаулауы кезінде миллиондаған адамдар өлiм құшты, алайда қоғам санасында қалыптасқан таптаурын пiкiр бойынша ол қасапшы емес, мемлекет қайраткері, әскери кемеңгер және тамаша жазушы. XXI ғасырда Шыңғысханның жоба-жоспарлары мен кеудемсоқтығына жиіркенішпен қарауымыз мүмкін, бірақ тiптен Гитлер, Сталин мен Мао өздерiн қанышер жауызбыз деп санаған жоқ, олар қандай да бір миссиясына құдайдай сенді (рейх, тапсыз когам, Жаңа адам).
Жапондықтардын жаппай бомбалауынан кейiн Шанхайдын Оңтүстік станциясында жападан жалғыз жылап отырған бала. 1937-1945 жылдарындағы жапон-қытай соғысы сияқты Шыңғысханның Қытайға жорығы да көптеген адамдардың өліміне әкелген болуы мүмкін
Моңғол империясы технологиялардың, ғылым мен мәдениеттің таралуына ықпал етті, Моңғолдардың жаугершілігі «әлемдік жүйені» бірыңғай кеңістікке бiрiктiрдi
Шыңғысханды жақтаушы топ оның әрекеті әсерінен Қытай ислам әлемімен, кейіннен Крест жорығы кезінде мұсылмандарға белгілі болған Батыспен байланыс орнатты деп санайды.
1220 жылдан кейін моңғолдар арасында саудаға бейімділік арта басталды, әсіресе Шыңғысхан көшпенділіктен гөрі ауыл шаруашылығы көп пайда әкелетініне көзі жетті. Сауда, ұйымдастырылған пошта қызметi және «Яса» деп аталатын заңдар жинағы моңғол империясының тұрақтануы нәтижесінде туындаған кезеңі - «Моңғол әлемінің» (Pax Mongolica) басты тiрегi болды.
Басына алтын ыдыс киiп Палестинадан Монголияға жолға шықсаң ешкім тонап кетпейді дейді, бірақ қарадүрсін көліктің кесірінен саяхаттау қиындыққа түсер еді. Тіпті жайбарақат күндердің өзін де Рах Mongolica жиһанкезiне Түркиядан Бейжіңге жету үшін 295 күн қажет болады. Дегенмен моңғолдар әлемді сөзсіз біріктірді.
1250 жылға дейін еуропалықтар Иерусалимді жердің шеті деп санаушы еді. Францискандықтар Карпини мен Рубруктың, сондай-ак бiзге белгiлi Марко Полоның (және кері бағыт бойынша Қытай саяхатшысы Раббана Бар Саума) саяхаттары жаңа перспективалар ашты. Бейжіңге венециандык саудагерлер, Бордо мен Нортгемптонга моңғол елшiлерi, ал Тебризге генуэз консулдары келген кезде бiлiмдi адамдар төрткүл дүниенің мөлшері мен оның халықтары туралы дұрыс түсінік қалыптастыра бастады. Қытайда араб баж салығын жинаушылары, Мысырда моңғол заңгерлерi, Моңғол астанасы Каракорумда француз қолөнершiлерi еңбек етті. Ал Иран өнеріне Ұйғыр және Қытай мақамы ықпал жасады.
Қытайдан ислам әлемі мен Еуропаға дәрімен атылатын қару, жібек құртын өсiру, қыш және ағашка ою салу өнері туралы ілім келді. Моңғол империясы технологияларды, ғылым мен мәдениетті таратуға әсерін тигізді. Шын мәнінде Моңғол жаугершілігі «әлемдік жүйені» бірыңғай кеңістікке біріктірді. Ұлы Жібек жолының танымал болған Солтүстік және Орта жолдарымен салыстырғанда бұрын қолданылмаған Оңтүстік бағыты жаңғыртылып, Арал және Каспий теңіздерін Византиямен қосты. Кейбір авторлар тіптен Раx Mongolica мен Колумбтың Жаңа құрлықты ашуы, Европа экспанциясы және Жаңғыру кезеңі арасында себеп-салдарлық байланыс түзеді.
Әрине, бұл жайттардың бір ұшында біршама шындық жатыр, бірақ моңғолға қарсы бағытты жақтаушылар бірқатар шешуші терістеу ұсынады. Кейбіреулері Pax Mongolica кезеңiндегi бейбітшілік пен тыныштық әсіре әрленген, мұның өзі қысқа ғана кезеңді қамтып, кейіннен күйреді және Шыңғысхан империясы төртке бөлінді деп санайды. Басқалары «әлемдік жүйе» туралы түсінік тым бұрмаланған, себебі Шығыс пен Батыс арасындағы байланыс негізінен біржақты бағытта болып, Еуропадан Азияға саяхатты ұлы географиялық жаңалықтар кезеңінің жетістіктерімен салыстыруға келмейтін еді деп атап көрсетеді.
Бұл көзқарасты одан әрі өрбіте отырып, «әлемдік жүйеге» теңіз арқылы сауда қосылғанда ғана ол шынайы кейіпке енетінін айтуға болады. Бірақ моңғолдар құрлықтағы жол арқылы 18 айға созылып, қажытатын саяхатты қалады, Үнді мұхиты олар үшін басты кедергі болды.
Оған қоса, біз тіптен «әлемдік жүйенің» нақтылығын мойындағанымызбен, оның абайсыз кесірлі салдары болғанын ескеруіміз қажет деген пікір бар, яғни моңғол империясы ұлғайған сайын қауіпті аурулар да кең тарала бастады. Ірі қара малдың обасы немесе тұяқты малдардың ауырып, Русь пен Шығыс Еуропаға жұт келуі моңғолдардың жаугершілігі нәтижесінде орын алып, 1240 жылдан бастап Еуразиядағы мал басын жойып жіберді. Моңғолдардың «қара өлім» деп аталған індеттің таралуына да катысы болуы мүмкін. Обаның пайда болуы жөнінде қайшы пікірлер көп, бірақ оның негiзгi таралу бағыты Орталық Азия, соның ішінде Ұлы жібек жолының моңғолдар ашқан жаңа телімдері арқылы өрбіді.
Монғолдарды айыптау тұжырымында қосымша тағы екі тармақ бар. Біріншіден, моңғолдар шапқыншылығы жағынан танымал болғанымен, олардың өмір салты орнықты болмады, себебі олар сауда жасап, ештеңе өндірген жоқ, тек жаулап алынған аумақтар есебінен өмір сүріп, қол астындағылардың ауыр еңбегіне басыбайлы мұқтаж болды. Айрықша құқықтары бар жаңа моңғол манаптарының пайда болуы шапқыншылық жасаудың құл иеленушілік пен қанаушылыктың бітпес кезеңін тудырды. Моңғолдар бiр жерде тұрақтап қалмай, үнемi алға iлгерiлеуге тиiс болды. Әрине, ерте ме, кеш пе, бұл жәйіт шегіне жетіп, келесi зауал құлдырауға ұрындыратын еді. Оған қоса айтар болсақ, моңғолдар мәдени бағытта тепетеңдікті ұстай алмады. Олар Роберт Бэконның, Антоний Падуанскийдің, Фома Аквинскийдің және Сент-Луистін отаны болған Батыс Еуропаны әскери технология жағынан айтарлықтай артта қалдырып, көш ілгері кетті. Еуропалықтар моңғолдар сияқты қатал болған жоқ, алайда «Құдыретті комедия», «Кармина Бурана», «Раушан туралы роман» сияқты әйгілі шығармалар мен ХІІІ ғасырда аяқталған немесе басталып жатқан керемет соборлар шоғырын тудырды. Шыңғысхан сауатсыз көшпендi болганымен, көптеген бағыт бойынша көшелі кемеңгерлік көрсетті, ол ойламаған жерден жетістіктерге жететiн едi. Басқа әйгілі басқыншылардың алған білімі, өмірден тоқыған тәжірибесі болды: Ескендір Зұлқарнайын Аристотельден ілім үйренсе, Юлий Цезарь көне Грекияның күллі дәстүрiнен, Наполеон өрлеу және романтизм кезеңiнен нәр алды. Сонымен катар, егер Шыңғысханды оның замандасы Франциск Ассизскиймен салыстырсақ, қолбасшы моральдық тұрғыдан одан анағұрлым төмен тұрар едi. Бiр қызығы, Францисктің ізбасарлары моңғолдармен алғаш рет байланыс орнатып, Еуропаға адамзат үшiн өлмес ғажайып тарих: Шыңғысхан туралы хикаяттарды сыйлады.
Фрэнк МакЛинн, тарихшы, бірнеше кітаптың, соның iшiнде сыншылар тарапынан жоғары бағаланған Наполеон мен Арыстан жүректі Ричард өмірбаяндарының авторы
Дерек BBC History журналынан алынды