Bugin

Көненің куәсі болған - Шырақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Екі мың екі жүз жылдық тарихы бар Шымқаладан табылған құнды мұралар бүгінде ұлттық болмысымызды, өткенімізді танып-білуде маңызды орын алып отыр. Ежелгі Шымкент қалашығы аумағының мәдени қабаттарынан ерте және кейінгі ортағасыр кешендері төменгі қабаттарда шөгіп жатқан көне дәуір шежіресінен сыр шертеді.

Қалашықта ұзақ уақыт бойына жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған талай құнды дүниелер ғасырлар бойы дамыған қала тіршілігін көз алдымызға елестетіп, өткенге байыппен қарап тарихты саралауымызға мол мүмкіндік туғызды. Ең қызығы, қазіргі  қоғамдағы «соңғы технология» деп жүрген жаңалықтар ата-бабаларымыздың өз кезеңінде өмір сүрудің ең озық тәсілі ретінде қолданысқа енгізгендігі таңқалдырады. Халқымыздың тапқырлығы мен танымын  бүгінгі ұрпақтың тәлім- тәрбиесінде қалыптастыра білсек, бұл дәстүр сабақтастығы емес пе?!

Халқымыз ежелден тұрмыс-тіршілігінде қолда­нып келе жатқан өнегелі тағылымдық маңызы зор - «шырақ» ұғымына қа­тысты жақсы тілекпен байланыстыратын, «Шырағың сөнбе­сін!» деп отбасы шырағының сөнбеуін тілеген. Сондай-ақ, ықылым замандардан  ата-бабаларымыздың отты қасиет тұтқаны белгілі. «Шырақ» сөзі - «жарық», «нұр», «үміт оты» дегенді білдіріп,  қасиетті, әрі киелі ұғым мағынасында қолданылған. Тұрмыс-тіршілікпен астасып жатқан «шыраққа» қатысты наным - сенімдер ортағасырлық ше­бер­лердің де санасында қалыптасып, сол дәуірдің болмысы мен мінезін бейнелейтін дүниелерін жасап, ұрпағына аманат еткендігін архео­ло­­гиялық қазба жұ­мыстары кезінде та­былған түр­лі кезеңдерді сипаттайтын шы­­рағдандардан көреміз. Ол  бай тарихымыздан, өнегелі өтке­німізден сыр шертіп, тарих қойнауына жетелейді. Бұл халқымыздың ежелден от культіне байланысты «киелі» деп табынуымен қатар, үйдің ішін жарық қылу мақсатында отты кез-келген жерге алып жүру үшін ыдыстарды ойлап табуынан туындаған. Ерте заманның майшамдары саз балшықтан жасалған. Ал, ортағасырлық шырағдандар қоладан жасалып, әсем безендірілген. Темірден жасаған шырағдандарды мешіт-медреселерде, сонымен қатар   бай-қуатты адамдар да кеңінен  қолданған.

«Шым қала» тарихи-мәдени кешені экспозиция залдарынан орын алған. Олар алуан түрлі, пішіні, сыртқы өрнектелуі мен әшекей мәнері шырағдандардың жергілікті жерден табылуы немесе сырттан әкелінгенін көруге болады. Шырағдандардың материалдары мен жасалу үлгісі әртүрлі кезеңдерді қамтиды. Оған дәлел, аймақтан тығыз қызыл саздан жасалған шүмегі бар жабық пішінді шырағдандар табылған. Іші және сырты қызыл ангобпен көмкеріліп,  ішкі беті қоңыр жасыл глазурьмен шыңылтырланған, сонымен қатар үстіңгі бөлігі мен шүмегінің жиегінде дақтар байқалады. Бүйіріне бекітілген жалпақ сопақ пішінді тұтқасы  бар, тұтқаның қарама-қарсы жағында сопақша тәрізді тұмсығы алға қарай созылған,  ұзындығы 7,5 см  құрайды.

Шырағдан бетіне түскен өсімдік стилінде жасалған ою-өрнек жақсы сақталған. Бұл жәдігерлерге қарап оты­рып, ортағасыр­ларда да қазақ же­рінде сәулет өнері­нің ерекше да­мығанын, сонымен қатар ортағасыр шырағдандары тек материалдық құндылық қана емес, сонымен қатар рухани маңызға ие екендігіне көз жеткіземіз. Шырағдандар аман-саулықты тілейтін эпиграфикамен әшекейленгендіктен аса маңызды құндылыққа ие.

Ж.Айқынова ғылыми қызметкер, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені