Bugin

Келі мен келсап

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ағаш - табиғаттың тамаша туындысы. Бағзы заманнан - ақ адамдар ағашты тіршілігіне қажетті материал ретінде пайдаланған. Ертеден - ақ көшпелі халық тұрмысына қажетті заттарды өздері жасап отырған. Ағаштан жасалған бұйымдар төзімді, әрі жеңіл болғандықтан, қазақ көшпелі тұрмысында қолдануға ыңғайлы болды. Ағаш шебері өздері өмір сүрген табиғи ортадан керегін тауып, таңдап, қажетті бұйымдар жасай білген. Ағаш желімін де қолдан қайнатып дайындаған. Сөйтіп, ағашшылар өздері жасаған бұйымдарды сатып немесе малға, тағамға айырбастап, кәсіпшілігімен күн көрген.

Ағаштан түйін түйген шеберлер атқа салатын ерді, тамақ сақтайтын кебеже, киім салатын сандық, әбдіре, киім ілетін - адалбақан, тостаған, саптыаяқ, шара, отау, табақ пен тегештерді аса шеберлікпен жасаған. Ағаштан жасалған бұйымдардың ішіндегі ең көп тараған түрлері жүкаяқ, күбі, ағаштан бүтіндей ойылған астау, келі - келсап, асадал т.б

Мақаламызға арқау еткелі отырған тұрмыс құралының бірі – келі мен келсап.

Қазақтың тұрмыс саласындағы кейінгі уақытқа дейін кеңінен пайдаланып келген тұрмыс құралдарының бірі де осы келі мен келсап. Ол тары, бидай сияқты дәнді дақылдарды түйіп, ұнтақтайтын қатты ағаштан ойып жасалған құрал. Келі – құрылымы жағынан екі түрге бөлінеді. Тақта келі және шұңғыл келі түрлерінің ерекшеліктері — түбінің жайпақ немесе шұңғыл болуына байланысты.

Шұңғыл келі – дәнді ақтауға пайдаланылса, тақта келі – дәнді жармалап, ұнтақтауға қолданылады. Тақта келінің түбі тегістеу келеді де, келсап тиіп, дәнді майдалауға, ұнтақтауға қолайлы болады.

Келі мен келсапты қайың, қарағаш сияқты қатты ағаштардан ойып жасайды. Ертіс бойындағы елдерде биіктеу келеді. Қазақстанның оңтүстік өңірінде тұтас ағаш көп кездеспейтіндіктен екі, болмаса үш ағаштың кесіндісінен қиюластырып, түйе терісімен тартып жасайды. Мұндай келілерді – құрама келі деп атайды. Келіні шеберлер мықты, әрі жарылмай көп жылға шыдау үшін қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып, оның іші-сыртына қойдың құйрық майын сіңіреді. Келі жарылып кетпес үшін әдетте оның иіні мен тағанын түйенің иленбеген шикі терісімен қаптайды. Шикі тері кепкен кезде тартылады да, келіні қатты қысып қалады. Келінің сыртын қайыспен ысқылап, жылтыратып қояды. Келінің ең үлкенін нар келі деп атайды. Нар келіні ертеде,  тары сөгінен жарма, жент дайындап сататын саудагерлер арнайы тапсырыспен жасатқан.

Келінің түйгіш ағашы – келсапты да қойдың құйрық майын сіңіріп, өңдеуден өткізеді. Келсаптың келіні түйгіштейтін жағы сәл жіңішке болады да,басы жуандау, салмақты етіп жасалады. Қолға ұстайтын жерінен ойық тұтқа шығарылады.

Келінің темірден жасалған түрін «темір келі» деп атайды. Темір келі кейінгі отырықшы елдің ықпалымен қолданыла бастаған шағын ыдыс іспеттес құрал. Түйгіштейтін келсабы да шағын. Келіні қазақ даласында 7-10 жасар балалардан бастап түйе береді. Машықтанған келі түюшілер келінің екі жағына қарама-қарсы тұрып, бір келідегі дәнді алма кезек екі келсаппен бір мезгілде түйеді. Мұндай келі түюдің ерекшелігі – бірінің келсабы екіншісіне соғылмауы, келінің жиегін соқпай, дәнді дәл түйгіштеуі қажет. Яғни, түйірдей дәнді дәл көздейтін мергендік пен ұқыптылықты, сұрмергендікті қажет етеді.

Осындай деректерге сүйене отырып, аңшылыққа бейім қазақ мәдениетінің мергендігі осы – келі мен келсаптан бастау ала ма деп ойлаймын. Өз заманында “даланың философы” атанған дана бабаларымыз қазіргі дене тәрбиесі сабағында өтетін теориялардың барлығын — келі мен келсап, саба сабау, диірмен тарту арқылы өткізіп отырады дегенді айтқым келеді. Жасынан салмақты келсапты келіге тигізбей дәл көздеп, дәнді үгіту арқылы –дәлдікті, мергендікті, бұлшық еттің қатаюын, қалт етпе қимылды шалыс жібермейтін жылдамдықты үйренеді. Белдің әрекетін жақсартып, буындардың қатаюына, ми жұмысының жылдамдығына да үлкен әсері бар. Спорт саласындағы ауыр және жеңіл атлетика түрлерін бабаларымыз қарапайым тәсілмен-ақ оңай пайдаланып отырған. Келі түйген балалар мен қазіргі тир атып жүргендерді салыстырып көрсеңіз, келі мен келсап түйгендер тир атушылардан әлдеқайда ширақ.

Жасынан келі мен келсап түйіп, қолмергендікке машықтанған қазақ аңшылары таудың жықпыл-жықпылынан көз ілестірмей қашатын аңның көздемей-ақ құлағынан тигізетін сұрмергендік, шеберлігі осындайдан шыққан. Ұшқан құсты, қашқан аңды садақтың оғы жететін жерден қалт жібермейтін аңшылар салмақты келсап арқылы жасынан тарыдай дәнді көздеп, дәл тигізуден бастайды.

Тұрмыста күнделікті қолданылып жүрген қарапайым құралдың өзін аса терең мағыналықпен пайдаланған бабаларымыз елдің ертеңін, ер намысын, болашақтың денсаулығын да ойлаған. Осындай мәні терең тұрмыс құралдары өкінішке орай, мұражайларда ғана сақталған. Тұрмысқа қажетті бүгініміз бен ертеңіміздің айғағы боларлық басқа тұрмыс құралдарының сыры қалың жұртшылыққа мәлім емес.

«Шым-қала» тарихи мәдени кешенінің ғылыми       қызметкері- Нұржамал Медетбекова