Әлем

Жарылыс болған Қырым көпірінің тарихы қандай?

Көпірдің жалпы құрылысы  223 миллиард 143 миллион рубльді құраған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

8 қазанда Қырым көпірінде болған жарылыс салдарынан автокөлік жолы бар бөлік опырылып түсіп, теміржол өтетін бөлігінде жанармай тиелген жүк пойызы өртке оранды. Нәтижесінде үш адам қаза тапты. Ендеше, жарылыс орын алған көпір қалай салынды, оған қанша ақша жұмсалды деген сұрақтарға жауап іздеп көрсек. 

Көпірдің құрылысы осыдан 8 жыл бұрын Ресей Қырымды аннексиялап алған соң, 2014 жылы басталған. Президент Владимир Путин 2014 жылы 19 наурызда Керчен бұғазы арқылы өтетін өткел салуды тапсырған еді. Тура сол жылы тамыз айында Путин автомобиль жолдары мен электрмен жабдықталған теміржол жолдары бар көпір салу бойынша жобалық құжаттаманы бекітті.

Қырым көпірі Керчен (Қырым) түбегімен Таман  (Краснодар өлкесі) түбегін байланыстырады. Жол Таман түбегінен басталып, бес шақырымдық бөгет пен Тузла аралы және Керчен бұғазын кесіп өтіп, солтүстіктен Ак-Бурун мүйісінен айналып, Қырым жағалауына шығады. Көпірде бір-біріне қаз-қатар орналасқан автомобиль және теміржол жолдары бар. Алайда жаяу жүргіншілер мен велосипедтерге арналған жолдар салынбаған.  Көпірдің құрылысына 220-ға жуық ресейлік кәсіпорындар, 30-дан астам көпір құралдары, 10 мың жұмысшы және 1,5 мың инженер-техник маман қатысқан.  Көпірдің жалпы ұзындығы 19 км (Ресейдегі ең ұзын көпір).

Өткелде төрт жолақты автомобиль жолдары бар. Әрбір бағытта екі жолақтан. Тәулігіне 40 мың автомобильге дейін өткізе алады. Автомобильдер үшін рұқсат етілген жылдамдық – 90 км/сағ. Сондай-ақ,  екі теміржол жолағы бар, онымен тәулігіне 47 пойыз ары-бері өте алады. Енді жылдамдыққа тоқталсақ. Жолаушылар пойызына рұқсат етілген жылдамдық – 90 км/сағ, ал жүк пойызына – 80 км/сағ. Осылайша, Қырым көпірінен жылына 14 млн жолаушы мен 13 млн тонна жүк өте алатын болған. Сонымен қатар кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін көпірдің биіктігі 35 м етіп салынған.

Көпірдің жалпы құрылысы  223 миллиард 143 миллион рубльді құраған.

Қырым көпірі 2018 жылы пайдалануға берілген, онда автомобильдер қозғалысы 2018 жылдың 16 мамырында басталды, ал пойыздар қозғалысы 2020 жылдың 30 маусымында іске қосылды. Пайдалануға берілгеніне екі жылдан енді асқан көпір қиратылды. Бұл іске Ресей Украинаны кінәлап отыр, алайда Киев бұны өз мойнына алған жоқ. Көпірді қиратқанына ашуланған Мәскеу Украина астанасы Киевке бірнеше дүркін ірі шабуылдар жасады.