Bugin

Дүние жүзі тарихындағы ең ұлы адамдар кімдер?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сіздердің назарларыңызға біз дүние жүзі тарихындағы ең ұлы адамдардың тізімін ұсынып отырмыз, ал сарапшы Питер Франкопан бізге «ұлылық» ұғымының астарында не жатқанын және аса көрнекті адамдар қалдырған мұраның неліктен соншалық маңызды екенін айтып береді.

Тарихи оқиғаларды бағалау қашанда қиын. Өткен кезеңнің тарихшылары бір адам кабылдаған шешімнің «тарих барысына калай әсер еткені» жайында алуан түрлі болжамдар ұсынып, көбінесе жекелен тұлғалардың рөліне тым зор мән беріп келді.

 Қазіргі заман мамандары көшбасшыларға басқаша қарайды және табысқа жеткiзген ұсақ түйек жәйіттерді ескермей, олардың iс-әрекетін дұрыс түсіндіру қиын болуы мүмкін екенін, ал кейде тіпті мүмкін болмайтынын ұғынады.

 Мәселен, британ флотының колбасшысы лорд Нельсон 1805 жылы Трафальгар жанындағы шайқаста маңызды шабуылдар жасаған да шығар, бiрақ бүкiл ұрыстың нәтижесі, ең алдымен, әр кемедегi экипажға байланысты болды.

Тарихи оқиғалар көбінесе барынша жадағай етіп көрсетілетін болса, олар қарапайым пенделерге соғұрлым қызықты болып көрiнедi. Егер Гитлер мен Черчилльдiң, Ленин мен Николай ІІ-нің, Веллингтон мен Наполеонның тартысын қарастырсақ, онда тарихтағы «аса ұлы» көшбасшыны таңдау әскери егесуге және өз халқын жоғалып кетуден құтқарып қалу ниетiне негiзделедi.

 Сонымен бірге бүгінгі танда «көшбасшылық» терминiнiң қалай түсінілетінін ескеру маңызды. Әрине, көшбасшының жеке басының жетістіктері елеулі рөл атқаратыны сөзсіз. Бірақ, менің ойымша, басқалардың өсуiне, дамып, алға жылжуына көшбасшының қалай мүмкіндік беретінін ескеру де маңызды. «Аса ұлылар» тiзiмiне енуге лайық болу үшін көшбасшы артынан ерген адамдардың тағдыры жайында ойлануы қажет. Әлдеқандай айрықша бір табысқа жету жеткiлiксiз, басқалар үшін дүниені өзгерту керек.

 Сондықтан ұрыс алаңында бой көрсеткендерді емес, өмірді өзгерткендерді есте сақтау маңызды. Әлбетте, төменде ұсынылып отырған көшбасшылардың арасында саяси қайраткерлер де бар, бiрақ көшбасшылық саясат аясында шырмалып қалмауға тиіс. Мысалы, медицинада зор жетiстiкке қол жеткізген аса көрнекті ғалымдар Александр Флемингті немесе Луи Пастерді алайық. Туындылары мәдениеттi өзгерткен суретшілер мен музыканттарды, өздерінің жаңалықтарымен ғылымда серпіліс жасаған ғалымдар Әл-Хорезми мен Галилейді де осы қатарға қосуға болады.

 Жеке өз атымнан мен бұл тiзiмге Эрнест Резерфордты қосар едім (суретте сол жақта, 1871-1937 жылдары өмір сүрген). Ол радиоактивті ыдырау заңын, радон химиялық элементін, сондай-ақ альфа және бета сәулелерiн ашқан аса ұлы ғалым, химиядан Нобель сыйлығының лауреаты болды. «Ядролық физиканың атасы» ретінде мәлім Резерфорд ғылымға аса зор және баға жетпес үлес қосты. Резерфордпен бiрге Кембридж университетінің Кавендиш зертханасында жұмыс iстеген адамдар оны ұлы ғалым етті. Кембридж физиктері алған Нобель сыйлығы олардың артықшылығы мен жаңашыл әзірлемелерінің ғана емес, сонымен бірге оның көшбасшылығының да айғағы болады. 1933 жылғы әйгілі суреттегі екі ғалым-әйелдiң бiрi Мэри Спаршотт кейiнiрек ол кезде жас пен тәжірибенің емес,  таланттың маңызды болғанын  еске алды: «Бiздiң басшыларымыз жұмысқа студенттерді тартудан тайынбады, олар атақ-даңққа бөленуге құлшынған емес.

«Аса ұлылар» тiзiмiне тағы кімді қосуға болатыны жайында ойлана келiп мен Осман империясынын экономикалық, әскери және саяси билігінің шырқау кезеңін басқарған Ұлы Сүлейманды да, өзінің батылдығы, ержүректiлiгi мен қайсар мінезі арқасында бүкiл Византия империясын бір өзі ойдағыдай басқарган Алексей I Комнинді де есiме аламын.

 Бiрақ содан кейін мен «аса ұлылардың» жеке жетістіктері арқылы қалдырған мұрасы жайында және көшбасшыларға ерген адамдардың тағдыры жайында ойланып қалдым. Кейінгі ұрпақтарды жұлдыздарға құлаш сермеуге шабыттандыратын және жігерлендіретін көшбасшылар ерекше даңққа лайық. Ұрыста немесе соғыста жеңіске жету батылдық пен сәттілікті қажет етеді.

 Бiрақ ешқашан ескірмейтін мұра калдыру бұл жай ғана көшбасшылық емес. Бұл нағыз тарихтың өзі.

 Питер Франкопан, Оксфорд университетінің дүниежүзілік тарих профессоры. «Жана Жібек жолы: дүниенің бүгіні мен болашағы» кітабының авторы (Bloomsbury, 2018). Дереккөз: BBC history.