Bugin

Біртұтас халық болу шығу тегіне қарамайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазір дүниеде болып жатқан оқиғаларды, қалыптасқан жағдайларды біліп отырмыз. Саяси көзқарастан пайда болған қақтығыс өрті өршіп, адам ретінде оған төзбеген ресейліктер отанынан кетіп, бір бөлігі елімізге келіп жатыр. Рас, өткен ғасырда да қазақ жеріне біршама ұлттар демографиялық атрибут ретінде келіп, қоныстанды. Құшақ жайдық, кейін кейбір бөлігі ортамызға сіңісіп те кетті. Енді осы жолы босып келген жұртты кері тебе алмаймыз. Әрине, ішінара қауіпсіздікті сақтаған дұрыс. Мәдени жағынан қабылдау әртүрлі бола береді. Бұл тұста ең бастысы, ішкі фактор. Мемлекеттілікті дәріптеп, саясат пен идеологияны ұштастыру маңызды. Мемлекет болу деген сөз өзге ұлтты ығыстырып, шеттетіп тастау емес. Керісінше, мәдени жағынан ортаға сіңістіріп алу керек.

Жақында Қазақстанға Рим Папасы Франциск арнайы іс сапармен бас сұқты. Әлемге белгілі тұлға еліміздің көпэтносты, 150-ге жуық ұлт пен 80-нен астам тілі бар халықтарды біріктіріп, бірлік пен ынтымақта ұстап отырғанын баяндапты. Рас. Жалпы, бірнеше ұлт пен ұлыстың басын қосып, мемлекет құрған елдер әлемде баршылық, дүниежүзінде қалыпты нәрсе саналады. Қым-қиғаш жолды өткеріп бастары қосылған ұлттар жетерлік. Әйтсе де, сол қосылған ұлттардың ұйытқысы ретінде саналатын жетекші ұлыс, жұрт болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық қарымының арқасында мұны жете түсінеді. Мұндағы айтар ойдың өзегі – елдегі барша азамат шығу тегіне қарамастан біртұтас халықты құрайтынын қай кезде де ұмытпаған абзал. Алдағы уақытта осыны дәріптей бергеніміз жөн деп ойлаймын.      

Серік Ерғали, мәдениеттанушы-этнограф