Bugin

Ұлттық құндылықтар ізімен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінде «Шым қала» тарихи-мәдени кешені экспозиция залдарынан Шымқаланың өткен тарихының  куәсі болған, ортағасырлар кезеңінің шежіресін паш ететін  суреттер ілулі тұр.  Әр сурет - тарих    дере­гі ретінде өзіндік маңызды орын алады. Шымкент тарихына байланысты көпшілік қауымға белгілі дейтіндей құжаттар көп емес, оның өз себептері бар. Дегенмен, археологиялық ізденістер едәуір рөл атқарып, қаланың бірнеше жүз жылдарға созылған жасампаздық тарихы бар екендігін дәлелдеп берді. 

ХVIII ғасырдан Ресейдің империялық  амбицияға толы жоспары Орталық Азия кеңістігін жаулаудың алғышарттарын жасай бастады. Жайық бойында Орынбор бекінісін салу, оның әскери әлеуетін арттыру,  Ақ мешітке дейін бірнеше рет экспедиция ұйымдастыруы соның бір ғана қыры. Жаңа территорияларды зерттеу, оларды мекендейтін  тұрғындардың тұрмыс-салтын зерделеу, географиялық, климаттық шарттарын зерттеу ісіне Императорлық  Ресей  география  Қоғамы белсене араласты.

Түркістан өлкесін фотосуретке түсіріп, арнайы альбом дайындалуы да жергілікті бұртана халықты жаулап алудың  айласы болатын. Оған генерал-губернатор К.П. фон-Кауфман бастамашы болып, Петербордан А.Л.Кун, Н.В.Богаевский секілді фотограф мамандарды алдырып, арнайы экспедиция жасақтап, 1300-дей кадрдан тұратын «Түркістан альбомын» (1962-1972 ж.) ұйымдастырғанын айтуға болады. Оның ішінде тікелей Шымқала тарихына байланысты бірнеше фотосуреттер бар. Оларға қарап  ХІХ ғасырдағы Шымкент қаласының тынысын сезінуге болады. Рас, қаланың бейнесін, қазақ даласының тынысын орыстың атақты баталист суретшісі В.В.Верещагиннің де живопистік картиналарынан көруге  болады.

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің Цитаделіндегі  экспозиция залдарында ілулі тұрған картиналардан «Цитадель, қаланың шығыс және солтүстік жағынан жалпы көрінісі», «Шымкент қаласының сыртқы көрінісі», «Шымкент қазақтары» деген тақырыптарды қамтитын Д.В.Вележевтің суретінен ұлттық киімдегі қала қазақтарының бет-бейнесін анық көруге болады. Кезінде Лондон, Париж көрмелерінде жоғары баға алған «Түркістан альбомын»  географиялық жағынан ғана емес, ғылыми-тарихи қырынан да өлшеусіз құрал ретінде қарап, келушілерге насихаттау басты міндеттеріміздің бірі. Бұл орайда альбомды әртүрлі шетелдік кітапханалардан іздестіріп, қайта жинақтап ғылыми айналымға айналдырған  архив майталманы Т.Дайрабай  ағамыздың  зор еңбегін  жоғары бағалаймыз.

Сондай-ақ бұл архивті фотосуреттер арқылы зерттелген нысандардың  қандай болғанына көз жеткізген болсақ, екіншіден,  оларды қайта қалпына келтіруге де зор мүмкіндік берді. Олай болса, ХІХ ғасырдағы фотосуреттердің көмегімен ашық аспан астындағы «Ескі қалашықтың» түпнұсқасына сүйене отырып, ондағы археология және мәдени  мұра  нысандары қайта қалпына келтірілген.

«Түркістан» ­альбомы – патшалық Ресейдің Қазақстан мен Орта ­Азияны ­отарлау тарихының ескерткіші. Әрі сол кезеңдегі халықтардың, тұрмыс-тіршілігінен құнды ақпарат беретін, тарихи кезең­дер­дің нақты бейнесін көрсететін ба­ғалы мәлімет.

 

Ж.Айқынова ғылыми қызметкер,

«Шым қала» тарихи-мәдени кешені