Bugin
Жақында Президент сайлауы өтеді. Алайда, сайлауға түсіп жүрген кандидаттарға деген көпшіліктің күмәні басым. Себебі, олардың арасында осы уақытқа дейін ел алдында қандай да бір ірі келбетімен танылып, жұртты соңынан үйіргендері жоқ десе де болады. Сонда олар не үшін сайлауға қатысады? Осы орайда Bugin.kz тілшісі бірқатар саясаткерлерден сайлаудан қаншалықты өзгеріс күтетінін сұраған еді.
Оразалы СӘБДЕН, қоғам қайраткері: Президентке лайық азаматтар бар еді...
– Мен саясаткерлердің ортасынан шықтым ғой. Сондықтан кімнің қандай «ауамен демалатынын» білемін. Үмітім сағымдай болып тұр енді. Соңғы шешім халыққа байланысты шығар. Бұрынғы президент Н. Назарбаевқа уақытында 40 ұсыныс бергенмін. Онда жастардың болашағын жақсарту үшін біраз нәрсе айтылған. Соның ішінде Түркістанды қайта түлету идеясы менікі. Ал «сайлаудан кейін елде өзгеріс бола ма?» дегенге келсек, бұл жолы емес, парламенттік сайлаудан кейін өзгеріс болуы мүмкін. Әзірге ондай бір сенім жоқ-ау. Бұл сайлауда дауыстың 50 пайызы биліктің үлесінде болса, 30 пайызы халықта. Соңғы үміт негізінен халықта болады. Бірақ, Президентпен бәсекелес болып тұрғандар Президент лауазымына лайық па? Мәселе сонда.
Маған Ресей, Болгария, Грузия, Украинадан таныс азаматтар қоңырау шалады. «Сіздерде тұлғалық деңгейге жеткендер көп қой. Солай бола тұра, сайлауға мынадай деңгейдегі кісілердің түсіп жатқаны ұят емес пе?! Президенттен басқасының атқарған шаруасы шамалы ғой», - дейді. Басқа кандидаттар ренжімесін, олар кішкентай саланы басқаратын шығар, бірақ ел басқару ауқымында оларда тәжірибе жоқ қой. Мықты ғалымы, қоғамға еңбегі сіңген азаматтары бар елде бұл тірлік – ұят. Мен мысалы Президент болсам намыстанар едім. «Не үшін?» десей, себебі ел басқаруға лайықты ешкімді тіркемейді. Шет елдердің алдында ыңғайсыз жағдайға қалып отырмыз. ТМД елдеріне күлкі болдық. Мұндай сайлаудың қажеті не еді? Намысым келеді. Билік осы әрекетімен-ақ елдің бәрін ақымақ санап отыр. Лайықты азаматтарға сайлауға түсуге мүмкіндік беру керек еді.
Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттауншы: Бізде таңдау да жоқ қой
– Иә, сайлаудан өзгеріс күтемін. Біріншіден, «Неге күтеміз?» дегенге келсек, қаңтар оқиғасынан кейін тұңғыш Президенттің дәуірі бітті деп нақты айтуға болады. Неге дәуірі бітті? Өйткені, биліктен өзі кеткен соң артынан оның отбасы мүшелері кетті. Олар билікте 30 жыл отырды. Інісі соттың шешімімен түрмеде отыр. Жалпы Қазақстан қазір жаңа дәуірдің басында тұр. Сондықтан өзгеріс күтеміз.
Президент модернизация жасайтынын айтты. Кейбіреулер болса, «айта береді, 30 жыл соны естіп келе жатырмыз» дейді. Дегенмен, екінші Президентіміз саяси реформа жасайтынын, қандай тірліктер істейтінін жария етіп жүр. Екіншіден, бізде сайлауға кандидаттар түскенмен, Қ. Тоқаевтан басқа үміткерлер танымал емес. Ал Қасымжомарт Кемелұлы болса халықтан сенім мандатын сұрап жатыр. Біз оған сеніммен қарайық. Жаңа дәуірде тұрмыз. Президент ірі саяси реформа жасайды. Ал егер ештеңе өзгерте алмаса, онда елдің әлеуметтік, экономикалық ахуалы төмендеп кетеді. Өйткені экономикада шешілмеген мәселелер бар.
Ауыл шаруашылығы тауарларын жаңа деңгейде өндіру керек. Жазда қант жетіспей қалғанының өзі сұмдық қой енді. Менің азамат ретінде пікірім, Президентті қолдау керек. Қазір халықаралық жағдай мәз емес. Әлем ІІІ дүние жүзілік соғыстың табалдырығында тұр. Дәл осындай кезде мемлекеттің халқы бірігуі керек. Қиын-қыстау жағдайда елді тығырықтан алып шығу Президенттің қолынан келеді. Халық сайлаған соң сенімін ақтайды деп ойлаймын. Президентке дауыс бермейміз дейтіндей бізде басқа таңдау да жоқ қой.
Аман МАМБЕТӘЛІ: саясаттанушы: Реформаның жүзеге асуы ұзақ процесс
– Сайлаудан үміттенемін. Жақсы өзгеріс күтіп отырмын. Біздің ел 70 жыл бойы Кеңес одағының жүйесімен өмір сүрді. Одан соң 30 жыл бір ғана Елбасы басқарды. Сондықтан, бірден алашапқын өзгеріс болады деп күтудің қажеті жоқ. Бұл бір күнде шешілетін нәрсе емес. Ұзақ процесс. Бірақ өзгерісті жылдамдатуға болады деген сенім бар. Қандай жылдамдық десеңіз, оған қоғамның экономикалық жағдайын реттеуден бастап, саяси жүйені өзгерту дер едім. Сондықтан Президент сайлауынан кейін бірінші күтетініміз – экономикалық өзгеріс. Қытай мен Батыстың арасында экономикалық «соғыс» жүріп жатыр деуге болады. Ресей соғыс бастаған соң санкцияға ұрынды. Ол тек біздің елге ғана емес, дүниежүзілік экономиканың ілгерілеуіне қатты әсер етуде. Ресейге салынған санкциялардан соң, тұтынатын заттардың қымбаттауы біздегі әлеуметтік жағдайға әсер етті. Қымбатшылық орын алды. Осыдан кейін ғана біз Ресеймен байланысымыз тереңдеп кеткенін байқап отырмыз. Сондықтан сайлаудан бірінші күтетініміз – экономикалық өзгеріс. Негізінен біздің экономика 30 жыл бойы мұнайға байланған. Яғни, бюджетіміз 79-78 пайыз мұнаймен байланысты болып тұр. Бұл жылдар ішінде халықтың тұрмысын жақсартатын қаншама бағдарлама ашылды. Бірақ, көп мәселенің шешілмегеніне көзіміз жетті ғой. Мұнайдан түсетін бюджетке қосымша табыс көзі ретінде логистикалық қатынасты дамыту керек. Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолдарының салынуы соның бір көрінісі. Технологиялық салаларды дамытып, техникалық мамандарды көбірек оқыту қажет. Ауыл шаруашылығын көтеру де кезек күттірмейді. Президенттен кейін Парламенттің сайлауы басталады. Ол кезде де алға жылжушылық болатын шығар. Қазіргі бар партиялардан жаңа саяси өзгерістер күтеміз. Ол дегеніңіз, бұрынғыдай аймақтарға барып, мектептер ашу емес. Кәдімгі халықпен тікелей байланыс жасау.
Орталық пен аймақтардың, мәселен, ауыл мен қаланың арасындағы әлеуметтік жағынан айырмашылықтарды азайтып, бірдей қылу деген сияқты. Өйткені, ел ішінде экономикалық жағдайы бір-біріне ұқсамайтын облыс, аудандар бар. Бірініңкі жоғары болса, екіншісінің бюджеті, кірісі төмен. Осының бәрі шешімін таппай тұр. Сонымен қатар, сот реформасы дұрыс бағытқа өзгеретін болса, елдегі сыбайлас жемқорлық азаяр. Ішкі істер органдарындағы кемшіліктер жойылады деп сенемін. Президент сайлауы өткен соң, арықарай 7 жылдың ішінде саяси, нақты платформа пайда болу керек. Ол ашық болуы тиіс. Қазір елдің жағдайын жоғарыға жеткізетін көшбасшылар сол платформаға ашық түрде қатысып, өз пікірін айтып, өзінің артында тұрған электораттың ойы мен пікірін жеткізетіндей жағдайда болса дейміз. Себебі, ширек ғасыр бойы билік пен халықтың арасында ашық, шынайы байланыс орнамаған. Президентке, жергілікті әкімдіктерге айтылуы тиіс мәселелер уақытында жеткізілді дей алмаймыз. Енді бұрынғыдай ары кетсе 10-15 адамның ғана төңірегінде шешілмеуі тиіс. Қарапайым халықтың сөзін сөйлейтін адамдар өз пікірлерін депутаттарға ашық айтып, бір-бірлерімен берік байланыс орнатса екен. Өйткені, өте ұзақ уақытта мемлекеттік мәселелер жабық түрде шешіліп келді. Сондықтан халықтың саяси түсінігі кешеуілдеп кетті.
Саясатқа араласа алатын адамдардың қатары сиреді. Қоғамда көп адамдар «саясаттың маған қатысы жоқ» дегендей қарайды. Қазір жағдай қиындаған кезде қоғам мүшелері мемлекет басында болып жатқан шынайы ақпаратты ести алмайды. Сырттан түрлі жорамалды ғана естиді. Міне, сондықтан қарапайым студент мейлі жұмысшы болсын елде не болып жатқанын ашық біліп отырса, Президент пен биліктің ортасында сенім пайда болады. Біз осы сенімді күтіп отырмыз. Біз тек Қ. Тоқаевтың бағдарламасын ғана оқып шықтық. Ал басқа кандидаттардыкін оқымадық. Олар да қоғамды дамытудың жолдарын өз бағдарламаларына қосса дұрыс болушы еді. Сонымен қатар, барлық мекемелерде кәсіподақ ұйымдары жанданып жұмыс істесе екен. Себебі, елдегі әр азамат басына қиын іс түскенде өзін жалғыз сезінбейтін болса. Адамдардың құқығы қорғалса.
Өйткені, адамдар қиындыққа келгенде өзімен- өзі жалғыз болып қалады. Әр адам өз құқын қорғай алатындай болса. Реформалардың жүзеге асқаны сол емес пе?! Міне, бізде осындай елге пайдалы реформаның басы ғана бар. Енді оның жалғасы керек. Бұл процесс өте ұзақ уақыт жүреді. Қанша уақыт кететінін айта алмаймын. Бұл бұрыннан келе жатқан жүйеге де байланысты. Қысқа уақытта, яғни айналасы 2 жылда бәрі өзгеріп кетеді деу қиын. Себебі, бұл реформаның жемістерін халық әрі кетсе 5 жылда ғана көретін шығар.