Қоғам
Бүгінгі таңда заман ағымына байланысты түрлі жаңашыл дүниелерді көзіміз шалып жүр. Білім мен инновация ғана емес мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттердің салтын ұстанып, дінін дәріптейтін замандастардың саны артып жатыр. Ал біз 31-ші қазан тойланатын Хэллоуин мейрамына тоқталып көрелік. Қайдан келді? Кім тойлайды? Пайдасы мен зияны қандай?
31-ші қазан - рухтарды күтіп алу күні
Хэллоуин - Ұлыбритания мен Ирландия жерінде өмір сүрген ежелгі кельттердің мейрамы. 31-ші қазан халық күзгі жиын-терінді аяқтап, «жаздың соңы» дегенді білдіретін Самайн мейрамын тойлайтын. Кельт жұрты мейрам кезінде адам мен рухтар әлемінің арасындағы қақпа ашылып, жақсы және зұлым рухтар да жерді кезіп жүреді деп сенетін. Қызығы сол, олар өлілердің рухы өз үйлеріне қайта келеді деп ойлап, оларға ұнамды болу үшін дастархан әзірлеген. Бүгінде аруақ яки мыстан болып киінген балалар үйме-үй жүріп, бірдеңе бермесе, сазайын тартқызамыз деп үй иелеріне қоқан-лоқы көрсетуі ежелгі мейрамнан қалған үрдіс. Он тоғызыншы ғасырда Ирландия мен Шотландия имигранттары бұл мерекені Америкаға әкелді. Ал Нью-Йорк пен Лос-Анджелес сынды ірі қалаларда алғаш рет 1920 жылы тойлана бастады.
Мейрам қалай тойланады?
Қазанның соңы мен қарашаның басында әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам осы мейрамды атап өтеді. Түнгі клубтар мен соған ұқсас көңіл көтеретін орындардың бәрі адамға лық толы. Жастар жиналған жерде шарап пен басқа да зиянды заттар қолданылатыны ақиқат. Осыдай жиындардың нәтижесі үлкен дауға ұласып, ең өкініштісі адам өлімімен де аяқталып жатады. Бозбалалар үйлердің терезесін сындырып, көлік дөңгелектерін жарып заңға қайшы әрекет жасайды. Американың өзінде хэллоуин күні түрлі жантүршігерлік оқиғалар орын алған.
Хэллоуинде болған қайғылы оқиғалар аз емес
Хэллоуиндық кісі өлтіруші
1973 жылы 9 жасар америкалық Лиза Энн Френч қылмыскердің құрбаны болды. Дәстүр бойынша үй аралап, тәтті жинап жүрген қыз Джеральд Тернердің үйіне тап болады. Қылмыскер қызды зорлап, әбден қорлап өлтірген. Бұл қылмыс тарихта «Хэллоуиндық кісі өлтіруші» болып қалды.
Марта Мокслидің өлімі
Екі жылдан соң 15 жасар Марта Моксли есімді бойжеткен белгісіз жағдайда қаза болды. Ол да мейрам күні тәтті іздеп кетіп, үйіне оралмаған. Кейін оны гольф таяқшасымен ұрып өлтірілген күйінде көрші үйден тапты. Бұл қылмысқа Роберт Кеннедидің жиендері Том мен Майкл Шейкл күдікті ретінде қарастырылды. Бірақ іс жабылып, шынайы қылмыскер анықталмай қалды.
Өлім кәмпиттері
Тәттілерді жинау дәстүрі бірнеше қылмыстың жүзеге асуына сеп болды. 1970 жылы АҚШ-та орын алған тағы бір оқиға туралы айтсақ. Көше аралаған балалардың біріне кәмпит берген азамат тәттіге үлкен мөлшерде кокаин қосқан. Тұтынған баллардың денсаулығына бірден зақым келіп, үш түрлі жерде өлім жағдайы тіркелді.
Қос ағайындының өлімі
Жеті мен он бес жастағы ағайынды Одомдар Хэллоуин қарсаңында ата-анасын қорқытпақ болып, асылып тұрған көріністі көрсеткісі келеді. Ойыннан өрт шығып, ағайындылар байқаусызда асылып қалады. 1990 жылы болған бұл келеңсіз жайт көп балаға үлгі болды десек те болады.
Швеция тарихындағы ең сұрапыл өрт
2011 жылы Хэллоуин мерекесінде Швеция тарихындағы сұрапыл өрт болды. Би кешінде өрт шығып, тілсіз жау 60 баланың өмірін жалмады. Тағы 190-ын күйік шалып, көмірқышқыл газымен уланып, ауруханаға жеткізілді.
Сеулдегі трагедия
Күні кеше Оңтүстік Кореяда Хэллоуин тойлауға шыққан жұрт көшеге лық толып, арты үлкен апатқа ұласты. Көшеде ине шаншырлық орын қалмай, ауа жетпей, жүрегі тоқтап қалған және денсаулығына байланыста 150-ден астам адам қаза болды. Белгілі болғандай көз жұмғандар арасында Қазақстан азаматы да бар болып шықты.
Тарихты ақтарсақ аталмыш мейрамның адам баласына жақсылық алып келгенін көру қиын. Оған жоғарыда аталған деректер де айғақ бола алады.