Bugin
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 2 қарашада (кей деректерде 20 қазан немесе 1 қараша деп көрсетілген) қазіргі Қостанай облысы Затобол ауданында туып, 1889 жылы 30 шілдеде қайтыс болған. Bugin.kz порталы назарларыңызға ғұмырын ағарту саласына арнаған алғашқы қазақ ұстазы жайлы қызықты деректер ұсынады.
Қазақтың алғашқы ұстазы Орынбор округі алдына біренеше рет барып, қазақ даласында ашылған уезд орталықтарындағы мектептерді уездік не қалалық деп атауды және оларға Ресей мектептеріндей құқық беруді сұрайды. Алайда ағартушының арыз-тілегі жауапсыз қалады.
Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин қыздардың білім алуына ерекше назар аударып, оларға жалпы кәсіптік білім беру ісін ұйымдастыруды қолға алады. Осылайша 1887 жылы Ырғыз қаласында тұңғыш рет қыздарға арнап мектеп ашты. Кейіннен Торғай, Қостанай, Қарабұтақ және Ақтөбе қалаларында интернаты бар әйелдер училищелері қолдануға берілді.
Ыбырай Алтынсарин балалардың көкірек көзі ашылып, қатардан қалмай, жан-жақты оқуына барын салады. Ағартушы ұстаз мектептер жанынан физика, химия кабинеттерін ашады және балаларды барометр, микроскоп, электромагнит, телеграф сынды дүниелермен таныстырады.
Ыбырай ұстаздығымен қатар, қаламгерлігімен де әдебиет саласында елеулі орын алды. "Кел, балалар, оқылық", "Айшылық алыс жер", "Көзіңді ашып жұмғанша", "Құстай ұшу", "Балықтай жүзу", " Өнер – жігіт көркі", "Сіздерге бердім батамды" т.б. өлеңдері оқырманды өнер-білімге шақырады. Ал "Бай баласы мен жарлы баласы", "Қыпшақ Сейітқұл", "Киіз үй мен ағаш үй", "Надандық", "Лұқпан хакім" сынды шығармаларында сол кезеңдегі қоғамдық мәселелер мен адамдық қасиеттерді сынап жазған.