Әлем

Күніне мыңдаған адамды өртеген: Іргетасын Германия қалаған өлім зауытын білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

XX ғасыр адамзат тарихында аса ірі оқиғалармен есте қалды. Қолдан жасалған геноцид, індеттің тарауы, ядролық қаруды қоспағанда бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс бар. Әлем елдері қатысқан екі соғыстың болуы ешқандай жақсылық әкелген емес. Ал соғыста болған қанды майдандар мен тұтқындар лагері, түрмелер туралы айтылатын аңыз жетерлік. Bugin.kz тілшісі Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германия басшылық еткен, миллиондаған жазықсыз жанның өмірін алған «Аушвиц» лагері туралы зерттеді.

https://ru.wiktionary.org/w

Аушвиц лагері қалай пайда болды?

Неміс әскері 1939 жылы Польшаға кіргеннен кейін біраз өзгерістер орын алды. Мәселен, бастапқыда Освенцим аталған қала атауы кейін Аушвиц болып өзгерді. Аты өзгергені үшін емес, онда лагерь құрылып, жантүршігерлік азаптауларымен есте қалды. Ресми деректерде 1,5 млн тұтқын лагерьге кіріп шықпаған, оның 1 млн-ға жуығы еврей халқы деп көрсетілген. Гитлердің еврей халқына қарсы қастандығы мұнымен ғана шектелмеген еді. Өңірде жалпы көлемі 500 гектарды құрайтын Освенцим 1, Освенцим 2, Освенцим 3 деген үш бірдей «азаптау аймағы» бар.

https://uainkrakow.pl/

«Еңбек сізді азат етеді»

Лагерьге кіреберісте «Еңбек сізді азат етеді» деп жазылған. Бірақ бұл көзбояушылық еді. Себебі тұтқын болып келгендердің барлығы дерлік ажал құшқан. Неге дейсіз ғой, өйткені адамдарды небір қисынсыз жұмысқа жеккен. Мысалы қақаған қыста өзеннен мұз ою, әйелдерді жұқа киіммен өзенге түсіріп мұз боп қатқанша ұстаған. Неміс офиферлерінің сүйікті ісі сол болса керек ат орнына адамдарды соқаға жегіп, күші сарқылып шамасы біткендерді атып тастайтын.

https://polk.press/articles/k

Адамдарды сорттады

Освенцимге 5 жыл бойы күн сайын 10 эшалон тұтқынды төгіп отырды. Әр эшалонда 40-50 вагон болса, әрқайсысында шамамен 50-100 адам болды. Егер бәрін қамай берсе, орын қалмас еді. Сол үшін келгендердің 70%-ын газ камерасында өлтіріп, денесін крематорийде жаққан. Пойыздан түсе сала өлім жазасына сәбилер, қарттар, мүгедектер, ауру-науқастар мен еңбекке жарамсыздар кесілген. Фашист дәрігері вагоннан түскендерді бірден сорттаған. Қолын солға бұрса – өлім, оңға бұрса еңбекке деген сөз. Бірақ түбі өлтірілді.

https://xfile.ru/

Жаңа өмір бастауға келген

Тұтқындардың бәрін жаңа қонысқа көшесіңдер деп алдап әкелген. Мұражайда сақталған суреттерде концлагерьге келгендердің киім-кешегі сәнді, чемоданы қолдарында. Кеңес әскерінің Польша өлкесін азат етуге келе жатқанын білген фашистер бүкіл деректі жоюға тырысқан. Үлгермеді, себебі Қызыл әскер Германия ойлағаннан 2 күн ерте келіп азат еткен. Соның өзінде Освенцим аймағындағы қоймалардан 2 тонна шаш - шамамен 40 мың әйелдің шашы, 110 мың жұп аяқ киім, 40 келі көзілдірік, мыңдаған балдақ, 4000-ға жуық чемодан табылған. Бұлар неміс әскері өртеп үлгермей қалған бір бөлігі ғана, ал жойылған айғақтарды елестетудің өзі қорқынышты.

https://korrespondent.net/

Адам күлін тыңайтқыш ретінде пайдаланды

Барлық жағынан үнемдей білетін немістер тұтқындарға күніне 700 колорияны құрайтын тамақ берді. Қара жұмыс істеген адам үшін орташа колория 3000-4000 мөлшерінде болуы тиіс еді. Әлбетте, көп адам аштан қырылған. Күніне мыңдаған адам өлтірілсе, олардың күлінен тыңайтқыш жасап, сол өнімді еш жиіркенбей жеген. Жиналған әйел шаштарынан немістің сүңгуір қайықтарындағы теңізшілерге матрас жасады. Әжетханаға бару да бір азап: күніне 2 мәрте, 30 секундтан уақыт берген, үлгермесе басына әңгір таяқ ойнатады. Ал тұтқындардың нәжісінен биогаз жасаған.

https://history-doc.ru/vojny

Лагерьді кімдер күзетті?

Аушвиц аумағын ең қатыгез деген 6000 сарбаз күзетті. Сарбаз дегеніміз неміс түрмесіндегі аса ауыр қылмыс жасаған алты мың қылмыскер. Егер, азапталып жатқан тұтқындарға қандай да бір аяушылық танытса онда соғысқа жолдама алады. Сол себепті әлгі солдаттар ештеңеден аянбады. Тіпті, жаңа туған нәрестелерді ит пен тышқандарға тастап отырды.

https://ru.wikipedia.org/

Қырғыннан аман қалғандар да бар

Күнсайын келетін бірнеше вагоннан санаулы адам ғана тірі қалды. Сондай тұлғаның бірі Исраэль Альберто. Ол өз сөзінде: «Вагондарда отыратын орын болмады. Күннің суық болғаны сонша көп адам қатып қалды. Кешіріңіз, бірақ біз тірі қалу үшін өз кіші дәретімізді іштік» - дейді.

https://glasnews.bg/

Аушвицтегі «Өлім періштесі»

Лагерьде тек азаптау ғана емес жантүршігерлік эксперименттер де орын алды. Жұрт Иосиф Менгеле есімді дәрігерді «өлім періштесі» деп атады. Оның ойға қонымсыз эксперименттерінің құрбаны жас балалар мен нәрестелер еді. Көзі көк, қоңыр, қара түсті балалардың көз жанарын бір-біріне орналастырып, жаңа туған нәресте сүт ембесе қанша уақыт өмір сүреді немесе егіздердің бірін қинаса екіншісінде қандай өзгеріс болады деген секілді адамның ойына келмейтін сұмдықты жүзеге асырды. Бір өкініштісі қаншама періштенің өмірін қиған Менгеле бой тасалап, Бразилияға қашып құтылды. Сол елде жасы келіп көз жұмды. Ал аты шулы коменданттың біріне айналған Рудольф Гесс 1947 жылы лагерь ішіндегі дарға асу алаңында жан тапсырды. Өмір – алма-кезек.

 

Бүгінгі таңда тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған Освенцим концлагерінің орны мұражайға айналды. Барып көремін деген туристке есік ашық. Қанды қырғын жайлы сантүрлі фильмдер де түсірілген.